Accessibility links

Сот үкімі «Central Asia Monitor» газетінің пайдасына шешілді


Central Asia Monitoring газетінің бас редакторы Бигелді Ғабдуллин. Алматы, 6 тамыз 2010 жыл
Central Asia Monitoring газетінің бас редакторы Бигелді Ғабдуллин. Алматы, 6 тамыз 2010 жыл

«Central Asia Monitor» газетін сотқа берген «Қазақстан даму банкі» мен алты компания түгел жеңіліс тапты. Екі жақтың талап-арызы мен жауаптарын екі апта бойы саралаған Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты шағымданушы жақтың арызын қанағаттандырмай тастады.


Естеріңізге сала кетсек, биылғы шілденің 19-ы күні «Қазақстан даму банкі», «Каустинг», «Силицум Қазақстан», «Агромашхолдинг», «Қазақцемент», «Биохим» компаниясы және «Ютекс» секілді қазақстандағы ірі кәсіпорындар «Central Asia Monitor» газеті мен оның құрылтайшысы «Аlem ВG» ЖШС-ін сотқа берген болатын.

Компаниялар «басылым бетінде өткен жылдың жаз және күз айларында жарық көрген мақалалар кәсіпорындардың бет-беделіне нұсқан келтіріп, жалған мәліметтер таратты» деген шағыммен сотқа жүгінген еді.
«Мақалалардың ауторы Алан Бекет деп көрсетілген. Бұл бүркеншек аттың нақты иесі кім екенін бізге беймәлім. Сондықтан біз газеттің құрылтайшысы «Аlem ВG» ЖШС-ін сотқа беріп отырмыз» деген болатын шағым түсірген компаниялардың мүддесін қорғаушы заңгер Ләззат Жансейітова.

Оның пікірінше, мақаладағы түрлі теңеулер – компаниялардың ар-намысына тиетін сөздер. Сонымен қатар мақалада келтірілген кейбір деректер шындыққа жанаспайды.

Тамыздың 9-ы басталған алғашқы сот отырысында арызданушы жақтың адвокаттары газет редакциясынан 350 миллион теңге моралдық шығын талап еткен.

ШАҒЫМДАНУШЫ ЖАҚ СОТҚА КЕЛМЕЙ ҚАЛДЫ

Екі аптаға жалғасқан сот тыңдауынан кейін үкім шығарған Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың судьясы Гүлнәр Мейіржанова арызданушы жақтың талап арызын қанағаттандырмады.

Бір айта кетерлігі соттың соңғы отырысына арызданушы жақтың заңгерлері мен адвокаттары қатыспады. «Central Asia Monitor» газетінің бас редакторы Бигелді Ғабдуллин дәл осындай жеңіске жететіне толық сенбегенін айтады.

- Өйткені, «Қазақстан даму банкі» - көптеген ірі компаниялардың қаржылық операторы, өте қуатты мекеме. Оның үстіне ана алты компанияны қосыңыз. Егер жеңілсек аппеляция береміз деп дайындалып жүргенбіз. Біздің бір таңғалғанымыз, талап-арыз түсіруші жақтың адвокаттары соттың үкім шығару сәтіне келмеді. Сот шешімімен келісетін-келіспейтіндерінен хабарсызбыз, әйтсе де біз үшін оның маңызы жоқ, - дейді Азаттық радиосына берген сұхбатында Бигелді Ғабдуллин.

ЕНДІ «CENTRAL ASIA MONITOR» ГАЗЕТІ СОТҚА ЖҮГІНДІ

«Central Asia Monitor» газетінің бас редакторы Бигелді Ғабдуллин, «Самұрық-Қазына» Ұлттық қоры АҚ-ын сотқа бергенін айтады Өйткені компания осы мәселеге қатысты редакция сұраған ақпаратты бермеген. Сонымен қатар газет редакциясы «Қазақстан даму банкі» мен «Қазақцемент» ЖШС-ін де сотқа берді. Олар да басылымның мәлімет талап еткен хаттарына жауап бермеген. Газет редакторының айтуынша, бұл жолы сот Астана қаласында қыркүйектің 1-і күні басталады.

«Central Asia Monitor» газетін сотқа берген компаниялардың мүддесін қорғаушы, «Қазақстан даму банкінің» заңгері Ләззат Жансейітовадан осы мәселе жөнінде мәлімет алмақ ойымыз іске аспады. Алғашында көлік тізгінінде келе жатқанын сылтау етіп жауап бермеген заңгер, одан қайтіп телефон тұтқасын көтермеді.
XS
SM
MD
LG