Accessibility links

Астанадағы Тәуелсіздік сарайының тұсаукесері екінші рет кейінге қалдырылды


Астанадағы Тәуелсіздік сарайының құрылысы, 22қазан, 2008ж.

Астанадағы Тәуелсіздік сарайының құрылысы, 22қазан, 2008ж.

Нұрсұлтан Назарбаев салынып жатқан Тәуелсіздік сарайын көрді. Ғимараттың тұсаукесері бірнеше рет кейінге қалдырылып келеді, бұл жолы 16 желтоқсанға белгіленді.

Бұл сарай құрылысының тарихы да Астанадағы көзбояушылықтың бір көрінісі іспетті.
Қазір құрылыс нысанын мемлекеттік комиссияға тапсыруға әзірлеу үстінде. Бірақ құрылысшылар нысанды 25 қазанда, яғни Республика күнінде тапсыруға үлгермейді. Енді Тәуелсіздік сарайының ресми тұсаукесері тағы бір мемлекеттік мереке —16 желтоқсанға белгіленді.

Тәуелсіздік сарайының ғимаратын түрік құрылысшылары 6 шілдеде, яғни Астананың он жылдық тойында пайдалануға береміз деп уәде еткен болатын. Бірақ құрылысшылар үш ауысымда жұмыс істесе де, айтылған мерзімге үлгере алмады. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «Сембол» құрылыс холдингі басшыларының талап еткен уақыттарыңызда аяқтап, өткіземіз деген сөзіне сенген үкімет Астананың он жылдығында бұл сарайда мемлекет басшысы сөз сөйлейді деп жоспарлаған еді.

Қазақстанның жоғарғы лауазымды шенеуніктеріне берген уәделерін орындау мақсатында құрылыс компаниясы Түркиядан тағы 147 құрылысшы алдырды. Бірақ құрылыс компаниясына тың күштің қосылуы ұлт араздығын тудырған жаппай төбелеске ұласа жаздағаны мәлім.

Осы және басқа да себептерге байланысты «Сембол» холдингі өзіне жүктелген міндетті орындай алмады. Сөйтіп, Астананың тойына бір күн қалғанда Н.Назарбаевтың Тәуелсіздік сарайында емес, Бейбітшілік пен келісім сарайында сөз сөйлейтіні анықталды.
Бейбітшілік пен келісім сарайы. Астана, 22 қазан, 2008 ж.


Шетелдік мемлекет басшылары мен қонақтар шақырту қағазы мен бағдарлама жазылған «Өткізілетін жері — Тәуелсіздік сарайы» деген жазуға аң-таң боп қарады.

Тәуелсіздік сарайын 6 шілдеде пайдалануға береміз деген холдинг басшылығы ғимаратта бір күнге ғана тұсаукесер жасап, құрылыс жұмыстарын әрі қарай жалғастыра береміз деп ойлаған. Астанадағы «Пирамида» аталып кеткен Бейбітшілік пен келісім сарайында да осындай жағдай болған.

Құрылыс басшылығы оның да тұсаукесерін Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі өтетін екі күнге ғана жасады. Әлемдік діндердің өкілдері қайтып кеткен соң, құрылыс жұмыстары әрі қарай жалғасқан еді.

Астанадағы спорт сарайында да дәл осы жағдай болған. Түрік компаниясы 6 шілде күні құрылысын аяқтаймыз деп уәде берген бұл ғимаратта «Мәскеуден махаббатпен» атты концерттік бағдарламаларымен ресейлік әртістер өнер көрсету керек болатын.

Стадион 30 мың көрерменге арналғандықтан Астана әкімшілігі аталған концертке осынша адамға билет сатқан. Бірақ стадионның үштен бір бөлігінің ғана құрылысы аяқталған, бітпеген бөлігін брезентпен жауып қойған. Ақыры стадионға бес мыңдай ғана адам сыйды да, қалған жиырма мыңдай адам мәжбүрлі түрде кейін қайтарылды. Үйлеріне қайтқысы келмей, ақшаларын қайтаруды талап еткен көрермендерді полицейлер таяқтап қуды. Осы даталы күндегі мерекенің берекесіздігінің соңы жаппай төбелеске айнала жаздады. Сол күні мыңдаған адам әуежай трассасында көліктерді жүргізбей тастады.

Мәскеуліктердің концерті өткеннен кейін құрылысшылар жұмыстарына қайта кірісті. Азаттық радиосына сұхбат берген «Сембол» мекемесінің инженері Ердоған Мұстафа нысанның белгіленген мерзімде тапсырылмауы әу бастағы дұрыс ойластырылмағандығынан дейді.
Қазақ елі монументі. Астана, 22 қазан, 2008 ж.


Әлемнің кез келген құрылысшысынан сұрасаңыз, жарты жылда қанша адаммен және қандай технологиямен жұмыс істесе де, Сарай салу мүмкін еместігін айтар еді. Біз стадионды салғанда Алладан жалынып сұрап, стадион, құрлысына ешқандай жаманат болмаса екен деп тіледік.

Себебі біз өзіміз де соншама адамды қабылдап алуға стадионның дайын еместігін білетін едік. Біз ешкімге де қауіпсіздік туралы айта алмадық. Кез келген уақытта ойларында ештеңе жоқ адамдарды шошытуы мүмкін еді. Бірақ, абырой болғанда ешкімнің басына ешнәрсе түсіп кеткен жоқ, ешкім шұңқырға да түсіп кетпеді, құрылыс бағанына да, кабельдерге де, трубаларға да, қоқыстарға да ешкім соқтығыспады

Тәуелсіздік Сарайы құрылысы 2007 жылы 26 желтоқсанда басталды Президенттің баспасөз қызметінің айтуынша, құрылыстың жалпы құны 10 миллион АҚШ доллары көлемінде, ал, жалпы аумағы 18 мың шаршы метр.

Үш қабатты Тәуелсіздік Сарайында 4500 адамдық көп салалы қызмет көрсету залы, бір мезгілде 750 адам қабылдай алатын конференц –зал, 700 орындық мейрамхана, баспасөз конференциясына арналған зал және салтанат залдары бар.

Мұнда өнер мұражайы, көрме залдары және 6 мың шаршы метрден астам қосалқы көрме залдары, Қазақстан тарихының мұражайы орналасады. Тәуелсіздік сарайының ортасына аумағы 9 мың шаршы метр жерді алатын Астана макеті қойылмақ.Тәуелсіздік Сарайы биылғы жылы 6 шілдеде президенттің туған күні қарсаңында ашылған «Қазақ елі» монументінің жанына жақын орналасқан, әрі Бейбітшілік пен келісім сарайынан да алыс емес.
Кейбір білгіштер осы монумент пен оның ансамблін Ватиканның Колонналар Алаңындағы Марк Аврелияның колоннасына ұқсатады.
XS
SM
MD
LG