Accessibility links

Мүгедектерге бөлінген қаржы қайда кетіп жатыр?


«Мүгедек әлемі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Күлбаршын Нұржігітова: Мүгедектерге бөлінген қаржы жылдан-жылға артып келеді, бірақ одан мүгедектерге пайда жоқ. Атырау, 25 қыркүйек, 2008 ж.
«Мүгедек әлемі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Күлбаршын Нұржігітова: Мүгедектерге бөлінген қаржы жылдан-жылға артып келеді, бірақ одан мүгедектерге пайда жоқ. Атырау, 25 қыркүйек, 2008 ж.

Атыраулық мүгедектер үкіметтен бөлінген 984 млн теңгенің қызығын көріп отырған жоқ және оның қайда кетіп жатқаны да белгісіз. Бұл мәселені Атыраудағы «Мүгедектер әлемі» қоғамдық бірлестігі көтерді.

- Мүгедектерге бөлінетін қаржы көлемі жылдан жылға артып келеді. Егер 2007 жылы Атырау облысы бойынша мүгедектердің хал-жағдайын жақсартуға арналып 531 млн теңге бөлінсе, 2008 жылы ол 984 млн. теңгеге жеткен. Бірақ, оның жылуын сезініп жатқан мүгедектер жоқ. Жыл аяқталуға санаулы-ақ айлар қалғанымен, бұл қаражаттың толықтай игерілетініне күмәніміз бар. Сондықтан ақшаның қайда кетіп жатқанын білгіміз келеді, - дейді «Мүгедек әлемі» қоғамдық бірлестігі жетекшісі Күлбаршын Нұржігітова.

Бүгінде облыстағы мүгедектерге көрсетілетін көмек оларды арнайы интернаттарға орналастыру, жәрдемақы төлеу, протез-ортопедиялық, гигиеналық бұйымдар әперу, емдеу-сауықтыру орындарына жіберумен ғана шектеледі. Алайда, бұл қамқорлықтың да кембағалдарға тиіп жатқан пайдасы шамалы. Мәселен, емдеу-сауықтыру орындарына бөлінген 22 миллион теңгенің 7 миллионы ғана жұмсалған көрінеді. Себебі, атыраулық мүгедектерге ұсынылып отырған Ақтөбедегі «Шипагер» сауықтыру орталығының қызметі ақысы жағынан арзан болғанымен, онда емделу тиімсіз саналады екен. Көрсетілетін қызмет сапасы нашар әрі ол барлық мүгедектер ауруына сәйкес келе бермейтіндіктен онда баратындар да некен-саяқ. Тіпті, ақтөбелік мүгедектердің емделу үшін Украинаға баратынын естідік.

Дегенмен, Атырау облысы бойынша жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы директорының орынбасары Серік Сапановтың келтірер дәлелі басқаша: Біз «Мүгедектерді оңалтудың 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасына» сәйкес жұмыс жүргізудеміз. Осыған байланысты мүгедектерді емдеу-сауықтыру жөнінде облыстық әкімшілік арнайы тендер өткізген. Оны бағасы ұтымды әрі темір жол қатынасы да ыңғайлы деп саналған ақтөбелік «Шипагер» ұтып алған. Ал енді бір мүгедек Кавказға, тағы бірі Украинаға барып емделуді қалағанымен, олардың талабының бәрін орындай алмаймыз, - деді.

Оңалту бағдарламасының мүгедектерге пайдасы қандай? К.Нұржігітованың сөзіне сүйенсек, мүгедектерге бөлінген ақшаны түгендеуге итермелейтін жайт жалғыз бұл емес. Мүгедек балаларды дәрігерлік тексеруден өткізу үшін бөлінген 50 млн. теңгеге 23 мыңнан астам бала тексеруден өтуі керек болса, бүгінде қаралғаны 6,5 мың ғана. Ал, қазірде облыста мүгедектер саны 12091 адам, олардың 846-сы І-топтағы, 5785-і ІІ-топтағы, 3916-сы ІІІ-топтағы мүгедектер және 1544-і бала кезден кемтарлар. Осы жерде назар аударарлық бір мәселе, Атыраудағы мүгедектер санының бірнеше жыл бойы 13 мың деген қасиетті саннан аспай отырғаны. Облыстағы экологиялық ахуал мен халықтың әлеуметтік жағдайын ескерсек, бұл әрине мүгедектердің көбі оңалып кетті деген сөз емес. Мұның себебін көптеген адамдардың мүгедек болса да, құжат жинап, әр мекеме есігін тоздырудан шаршағандығымен немесе дәрігер алдында мүгедектігін дәлелдеудің қиындығымен түсіндіруге болады.

Мәселен, бала кезінен арбаға таңылған 25 жасар мүгедек қызы бар Нұрғалиева Күләш бұл туралы былай дейді: «мүгедектерге арналған бағдарлама бар екенін естігенмен, оның бізге қайыры жоқ. Қызыма арбаны үш жылда әзер алғанымда, балаларға арналған арба беріп, ол қыздың салмағын көтермей біраз қиналдық. Мына арбаны да көп жүгіріп, әзер алдым. Оны айтасыз, жүре алмайтын, арбаға таңулы балаға дәрігерлер І-топтағы мүгедектікті де әзер берді.

Үйге дәрігер келіп тұруы тиіс.Бірақ, бізге ешкім де келмейді, біз де ешқайда бармаймыз. Қызыма жеңілдікпен берілетін церобролизин, трентал тәрізді удай қымбат дәрілер де қолымызға тимейді. Өз күнімізді өзіміз көріп жатырмыз».

Биылғы тамыз айында Атырауға Қостанайдан автожүгіріске қатысқан бір топ кемтарлар делегациясы келгенде, қалада мүгедектер үшін мүлде жағдай жоқ екені тағы бір көрінді, - дейді К.Нұржігітова. Қонақтарымызға қаланың ортасындағы Махамбет-Исатай алаңынан таяқ тастам жердегі Атырау сауда - ойын-сауық орталығына дейін жету мұң болды. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдар жиегі тым биік, мүгедектер арбасы түсетін арнайы орындар жоқ. Әсіресе, лифтілерінің қолайсыздығынан, баспалдақтарының түсетін тұстарының тарлығынан қонақ үй табу да қиындықтар туғызды.

Атыраудағы жалғыз мүгедектерді оңалту орталығы да ғимараттың үшінші қабатында орналасқандықтан, арбаға таңулы адамның шыға алмайтыны айтпаса да түсінікті. Ал, 4-5 жыл күттірген жаңа «Оңалту орталығы» жақында ашылады деседі. Өздігінен қозғала алмайтын, арбаға таңулы мүгедектер үшін үйден шығу мұң. Олар өз беттерімен дүкен, аурухана, дәріханаларға пандустар жоқтығынан бара алмайды.

Жаңадан салынып жатқан оңалту орталығының пандусы да, келіп кеткен мүгедек қонақтардың айтуынша, талапқа сай келмейтін көрінеді.

Ал, кейбір мұғалімдер мектебінде мүгедек бала оқитынын да білмейді. Тағы бір айта кететін жайт, облыстағы мүмкіндігі шектеулі балалардың бәрі бірдей толық орта білім ала алмайды. Ал, оқиды деп есептелетіндері үйлеріне келіп оқытатын мұғалімге тәуелді, оқылатын сабақ тек бірнеше пәнмен ғана шектеледі, мектепке бару мүмкін емес, құрдастарымен қарым-қатынас жоқ. Кәдімгі орта мектептердегі көптеген оқушылар, тіпті кей мұғалімдер де олардың мектебінде мүгедек бала оқитынын біле бермейді. Дұрыс ақпарат бермеу, мүгедектерге деген теріс көзқарас салдарынан кемтар балалар сау балалармен бірге оқи алмайды. Бұл жайлы К.Нұржігітова: Атыраудағы мүгедектерге білім беру мәселесі сын көтермейді, жәй оқытылып жатыр деген аты ғана. Үйден білім алып жатқан кейбір мүгедек балалар жазу тұрмақ, тіпті қолдарына қалам ұстай алмайды, - дейді.

Сонда мүгедектерге сапалы білім алуға не кедергі? Біз осы мәселені анықтай кету үшін бірнеше мүгедек балалар үйінде болып, әңгімелескен едік.

Екі мүгедек баланың анасы Рая Құрманғалиева былай деді: Менің балаларым іштен альбинизм, көздің ішкі тор қабығының абиотрофиясы деген аурумен туған. Көз жанарлары су қараңғы емес, сәл-сәл көреді. Тек терілері мен шаштары ерекше ақ-сары түсті. Балаларды құрдастарынан алшақтатпайын деп, әрі оқуға деген талаптарына қарап, кәдімгі орта мектепке берген едім. 20 жасар Дина үйіміздің маңындағы И.Тайманов атындағы орта мектепті бітірді, екіншім – Нұрбек осы мектептің 7 сыныбында оқиды. Мектеп директоры кемтар деп алғысы келмей әзер алған. Қызым мектептегі мұғалімдерден талай кемсіту көріп, үйге жылап келген кездері де болды. Балалардың кемтарлығын бетіне басқанша, қолдау көрсетулері керек емес пе?

Мүгедек қыз Дина Құрманғалиева болса кезінде кейбір мұғалімдерінің, мәселен, алгебра пәні мұғалімінің ылғи мүгедектігі үшін төмен санағанын ауырсына еске алады. «Оны ылғи сезіп те, көріп те жүрдім. Сыныптас қыздар жәй амандасқандарымен менімен араласпайтын, ал ұлдар мүлде аулақ жүруге тырысты. Дегенмен, Атыраудағы №1 кәсіби-техникалық лицейді оқып, аспаз-кондитер мамандығын алдым. Бірақ, жасым 20-да десем ешкім сенбейді, шамасы, менің жетілмеген дене тұрқыма қарап 13 жасар қыз деп ойлайтын болар, жұмысқа алғылары келмейді. Әйтпесе, қолымнан тамақ пісірудің түр-түрі келеді, әртүрлі салаттар мен торттарды да жақсы дайындаймын, - дейді.

Жазылған жайдың шындығына көз жеткізу үшін мүгедек балалар оқитын И.Тайманов атындағы орта мектепке арнайы барған едік. Кемтарларды мектебіне алғысы келмеген мектеп директоры орнында жоқ болғандықтан, Нұрбектің сынып жетекшісі Айгүл Есімбайқызын әңгімеге тарттық:

- Нұрбекті ешкім шеттетпейді. Жалпы, мұны менен неге сұрап тұрсыз? - деп бала жайын айтудан бас тартты. Үлгерімі жақсы деп айта алмаймын. Қабілетіне қарай карточкалармен жұмыс істейміз.

Сонда Нұрбектің оқу үлгерімі сыныптағы басқа нашар оқитын балалардан да төмен болғаны ма деген сұрағымызға: - Жоқ, олай деп айта алмаймын. Әрине, мүлде нашар болып, сыныпты артқа тартып отырған жоқ, - деді.

Әйтсе де шенеунік Серік Сапановтың пікірі басқа. Ол мектепте мүгедек балаларды сау балалармен қосып оқыту дұрыс емес деп санайды. Неге десеңіз, кемтар баланың тақырыпты игеру мүмкіндігі сау баладан төмен болғандықтан, оған 45 минутта ерекше көңіл бөлуге уақыт жетпейді. Сондықтан бір бала бүкіл сыныпты кері тартады дейді.

Тағы бір мүгедек жан Наурушева Гаухар әкімшілік қызметкерінің бұл пікіріне мүлде қарсылығын айтты: Менің оқуға деген ынтам өте зор болды. Тіпті, дәрігер болуды да армандағанмын. Қаладағы №15 мектеп мұғалімдері үйге келіп оқытты. Бірақ, ол тек аты ғана еді. Келген ұстаздарым біраздан соң ұйқылары келіп: сен дауыстап оқи бер, мен тыңдап отырмын деп, қорылдап ұйқыға да кеткен кездері болды.

Мүгедек болсам да қажетті жерлерге анамның арқасында барып-келіп жүрмін. Айналамдағылардың менен көздерін тайдыратыны немесе балаларына оған қарама деп сыбырлайтынын да естіп жүрмін. Сол себепті де мен өзімді сау адамдар арасында өте қолайсыз сезінемін. Бейтаныс құрдастарым мені байқамаған сыңай танытса, үлкендер мейірбандық көрсетпек болып шектен аса мүсіркейді. Сондықтан, егер кемтар балалар сау балалармен оқыса, ол сау балалар үшін үлкен пайда әкелетін тәрізді, яғни, ол балалар арасында мүгедектерге деген дұрыс, орнықты көзқарас қалыптасатын еді деп ойлаймын, - дейді.

Сондықтан мүгедектерге тиесілі ақшаны іздейтін кез келді. Бір сөзбен айтқанда, мүгедектер айналасындағы кедергілер өте көп және оны бәрі білгенімен, ешнәрсе жасалып отырған жоқ, - деді К.Нұржігітова әңгімені қорытындылап.

Сондықтан да Сорос-Қазақстан Қорының «Бюджеттегі айқындық пен есеп беру» бағдарламасы шеңберінде арнайы жоба әзірледік. Алдымен қалалық, облыстық, республикалық бағдарламаларды зерттеп, Астанадан, облыс бюджеті мен демеушілер қалтасынан бөлінген қаржыларға сараптама жасалмақ. Содан соң мүгедектер арасында арнайы сауалнамалар жасалып, мониторинг жүргізіледі, қоғамдық тыңдау өткізіліп, облыс әкімі қасындағы мүгедектер жөніндегі комиссияға баяндама әзірленеді және «2009-2011 жылдарға арналған мүгедектерді оңалту Бағдарламасына» ұсыныстарымыз енгізіледі деп жоспарлап отырмыз.

XS
SM
MD
LG