Accessibility links

Осыдан біраз уақыт бұрын Атырауда үй жануары жүнсіз лақ төлдеген еді. Енді осы облыстағы Махамбет ауданында 31 жасар келіншек дүниеге өлі «сиам егіздерін» әкелді.

Махамбет аудандық ауруханасының бас дәрігері Бекен Құлниязовтың мәлімдеуінше, бұл Н.Мақсатованың үшінші жүктілігі екен.Гинеколог-дәрігердің жоспарлы қабылдауында тұрақты бақылауда болғандықтан, әйелдің денсаулығынан жүктілік барысында ешбір кінәрат байқалмаған. Тек кезекті ультра-дыбыстық зерттеуге сәйкес, ол егіз бала туады деген қорытынды жасалып, дәрігерлер ерекше бақылауға алған. Әрі ұрықтың даму сатысында жатырда дұрыс жатпағаны белгілі болған соң, әйелді ішті жару арқылы босандыру жоспарланған. Алайда 30 тамыз күні Н.Мақсатованы аяқасты толғақ қысып, ауруханаға түскен.
- Жүктіліктің әлі 33-34 апталық екеніне қарамастан, ол мерзімінен бұрын босанды. Бірақ, өкінішке қарай күткеніміздей егіз емес, екі басты, бір денелі, бір кіндікті ғаріп сәби дүниеге келді. Бала іштен өлі туды. Біз «сиам егіздерін» дереу Атырау қаласындағы патоанатомиялық бюроға жібердік, - деді бас дәрігер.

Атырау облыстық патоанатомиялық бюроның бөлім меңгерушісі Алмагүл Нұғыманова «сиам егіздеріне» байланысты сараптаудың қалай өткенін былайша әңгімелеп берді:
- Зерттеу барысында баланың өкпе және жүрек мүкістерімен туғаны анықталды. Ондағы патология ұрықтың өсу барысында емес, эмбрион кезінде, яғни алғашқы 15 күн ішінде-ақ қалыптаса бастаған. Оған әсер ететін факторлар әртүрлі болуы мүмкін. Біз экологиялық, хромосомалардың өзгерісі, вирустық инфекция тәрізді факторларды да жоққа шығармаймыз. Ол тірі туған күннің өзінде мұндай кемтарлықпен өмір сүре алмайды және бір денедегі қан айналымы екі басты толық қамтамасыз етуі мүмкін емес. Әрине, гендік дәрежедегі ауытқудың бар екеніне де күмәніміз жоқ. Сондықтан ол баланы «мутант» деп атауға болады. Енді баланың анасы арнайы генетикалық орталықтарға барып, тексерілуі керек.
Қос басты мутанттың дүниеге келуі Атырау облысында былтыр да байқалған. Онда 26 жасар жүкті әйелдің құрсағындағы 5 айлық баланың да екі басты, бір ағзалы, бір кіндікті патологиямен туатыны алдын ала анықталып, жүктілік жасанды жолмен тоқтатылған болатын. Себебі, гинеколог-дәрігерлер өмір сүруге қабілетсіз деп саналған «сиам егізінің» болашақ ана өміріне қауіп төндіретінін анықтаған еді.
Орта Азия проблемалары жөніндегі сарапшы Юрий Земмель 2003 жылы бізге мәлім әрі беймәлім статистика мәліметтерін саралай келе, «Қазақстанның мутанттар еліне айналуы әбден мүмкін. Елдегі әр мың баланың 30-ы кемтар болып туады. Ол балалар өмір сүре алмайды, себебі олардың кейбір дене мүшелерінің жартысы немесе органдары жоқ және соңғы он жылда ондай балалар саны екі есе өсті» деп айтқан-ды. Енді былтырғы жылы баспасөз беттерінде жарияланған мына деректерге зер сала кетейік.
2007 жылы Атырау облысындағы Құрманғазы ауданында жыныс мүшесінің орнына қуыс тесігі бар бала туған, ал Жылыой ауданында мұндай міскіндер саны - төртеу. Олардың бірінің өкпесінің жартысы жоқ және тік ішегі жартылай біткен, енді бірінің тік ішегі мүлдем бітеу туылған, үшінші бала Даун ауруымен зардап шексе, төртінші бала жүрегі нашар, тік ішегі бітеу болып дүниеге келген.
Атыраудың аномалиялық аймақ, экологиялық қасірет өлкесіне баяғыда айналғанын айғақтайтын дәйектер легі мұнымен шектелмейді. Облыстағы Азғыр, Тайсойған полигондарының ұрпаққа тартқан сыйы да мұнымен тәмамдалмайды.
Қызылқоға ауданындағы Мұқырдағы «15 жасар шал» Нұржан Өркешбаев жайлы ақпарат кезінде баспасөз беттерін жаулап алғанда елдің төбе құйқасы бір шымырлаған. Республикалық БАҚ-тар қаққан дабылдан кейін астаналық медицина өкілдері Н.Өркешбаевты жаппай зерттеп: прогерия, яғни «солған тері» немесе «ерте қартаю синдромы» деген диагноз қойған еді. Содан соң ол шетелдегі медицина көмегіне жүгінгенімен, еш нәтиже шықпаған. Сол Қызылқоғада өсе келе мүлде жүре алмай қалған Арыстанов есімді тағы бір жасөсіпірім күні бүгінге дейін төсекке таңулы күйінде. Ауруының себебін ешкім білмейді. Қос бейбақтың екеуі де Азғыр полигонынан 20 шақырым ғана қашықтықта тұрады.
- Аймақтағы экологиялық апат әлдеқашан басталған, - дейді «Каспий табиғаты» мемлекеттік емес ұйымының төрағасы, эколог Махамбет Хакимов. - Каспий өңіріндегі Азғыр, Тайсойған, Үстірттегі ядролық және ракеталық полигондар, Ембі, Маңғыстау, Теңіз, Бұзашыдағы мұнай кәсіпорындарының, уран рудниктерінің, атом зауыттарының қасіреті енді бас көтеріп келеді. Сондықтан «денсаулық» және «экология» деген ұғымды бөліп-жарып қарауға болмайды.
2008 жылдың басында БҰҰ Халық қоры (Фонд народонаселения) адамдар арасындағы ауру, өлім мен өмір сүру қысқалығы ТМД елдері ішінде Қазақстанда айырықша басым екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеген баяндама әзірледі. БҰҰ Халық қорының болжамы бойынша, Қазақстандағы адам саны ХXI ғасырдың алғашқы жартысында 16 млн-нан 13 млн-ға дейін кемиді.
XS
SM
MD
LG