Accessibility links

Көлік қатынасы мен газ Атыраудың іргесіндегі Жұмыскер-2 елді мекені тұрғындарының сары уайымына айналғалы төрт жыл болды. Бюджеттен бұл мақсатқа бөлінген миллиондардың халыққа шарапаты тимеді.

Бұл Жұмыскер-2 шағын ауданы қазір қала құрамына енген. Ол 2003 жылы экс әкім А.Мусиннің билік құрған тұсында бой көтерген елді мекен. Атыраудан бар болғаны 5-6 шақырым жерде орналасқан. Сусыз, жарықсыз, газсыз,жолсыз айдалада тірлік кешкен Жұмыскердің проблемасына саусағын қимылдатпай Астана аттанған А.Мусинен кейін де тұрғындардың жақсылыққа жарып жатқаны шамалы көрінеді. Әлі не облыс, не қала әкімі ауылға келіп ат басын тіремеген. Жақында қаланы аралаған облыс әкімі Б.Рысқалиев та Жұмыскерге соғуға уақыт таппапты.
Ал содан бері тұрғызылған 1000-нан астам үй өркениет хабарын былтырдан бері ғана сезіне бастады. Онда да электр жарығы ауыл тұрғындарының облыстық құрылыс департаменті басшысы кабинетіне басып кірген, көтерілісінен кейін ғана келіп жетіп еді. Ал су былтыр жүргізілді дегенмен аты ғана, қысымы нашар. Облыстық баспасөз бетіндегі ақпараттарға сүйенсек жергілікті бюджеттен бөлінген 816 млн. теңгеге 10-нан астам елді мекендер сумен қамтамасыз етілген. Оның ішінде біз айтып отырған Жұмыскер-2 де бар. Бірақ бұл ақша Жұмыскер-2 –ге жетіңкіремей қалған сыңайлы. Өйткені мұнда әлі ауыз суға жарымай отырған үйлер бар. Олар амалдың жоқтығынан бір машина суды 2000 теңгеден сатып алып, есік алдындағы қазба құдықтарына құйып, жан сақтап отыр.
ТҰРҒЫНДАР НЕ ДЕЙДІ, НАҚПАЕВ НЕ ДЕЙДІ?

Бірақ бүгінде Жұмыскер-2 ауылындағы шешімі табылуы екіұшты үлкен мәселе газ бен көлік қатынасы. Төрт жыл бойы қалаға жаяу шұбырып, қала-облыс әкімшіліктерінің табалдырығын тоздырып, газ бен көлік сұраудан ауыл тұрғындары бүгінде әбден тұралаған.
Жұмыскер-2 тұрғыны Жарылғапова Нұрсұлудың айтуынша ауылға ортақ желі құбырларын жүргізу басталғанымен аяқсыз қалып отыр. Егер ауылға келіп тұрған газ болса, өз қамы үшін әр отбасы қарызданып-қауғаланып үйлеріне қарай тартқызар еді. Дегенмен қайда сол газ? Кім-көрінген келіп газ тартумен айналысып ақша жасайды. Мәселен, осы құбырды жүргізгенге дейін біреулер келіп 150 мың теңгеден әр үйге газ тартып беруді ұсынған болатын. Оған тұрғындар қуанып келіскен кезде бағаны 250 мың теңгеге дейін көтерді. Әлі барлар қондырып жатыр. Әлі жоқтар тамызық пен жағатын көмір іздеп жүр.
Көмір демекші ол да аз әуре және аз ақша емес. Әр отбасына ең кем дегенде 3 -5 тонна көмір қажет екен. Ал көмір тоннасы Атырауда 9000 теңге тұрады, оның үстіне жеткізілуі үшін тағы төленетін 7000 теңгені қоссаңыз әжептәуір ақша шығады.
Кейбір тұрғындар болса «газ болады» дегенді ести сала орталық құбырдың төселіп болуын күтпей асығыс үйлеріне қарай газ желісін жүргізіп те қойыпты. Оған ең азы 130 мыңнан 160 мыңға дейін ақша жұмсағандар да бар екен. Солардың бірі Құсайынова Калима 110 метр ауданы бар үй салғанымен газ жоқтығынан кіре алмай отырғанын айтты. - Шиеттей екі баламен қайын апамыздың отбасымен бірігіп, аядай тар бөлмеде бәлен жыл екі отбасы тұрып келеміз,-деді ол. «Газды ары қарай үйдің ішіне кіргізуге өздерің міндеттісіңдер» деген соң 160 мың төлеп тартқыздық. Үйімізде желі бар, бірақ газ жоқ. Егер газдың мұншама кідірілетіні немесе жүргізілмейтіні белгілі болғанда мен үйге газ кіргізуге жұмсаған ақшама көмір алатын едім. Енді көмір де жоқ, газ да жоқ, қыс болса қыр астында. Не істерімізді білмей отырмыз.
Алайда Жұмыскер-2-ні газдандырумен айналысып жатқан «Эра» ЖШС директоры Сәбит Құспановтың айтары басқа:- Біздің Жұмыскер-2 ауылына құбыр тарта бастағанымызға екі айдай ғана уақыт болды. Тендерден осы мақсатта бөлінген 45 млн. теңге қаражатты ұтып алғанбыз. Мұнда газдандырылуы тиіс 600-700 шақты үй бар. Оған 20км газ құбырын жүргізуіміз керек. Қарашаның басына қарай бітеміз. Қазір монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Негізгі біздің тапсыруға тиісті мерзім – желтоқсан айы. Ал газдың ортақ желісін тартып болған соң одан әрі газды үйге қарай кіргізу әркімнің өз шаруасы,-дейді. Бұған тұрғындар да келіседі.
Ал жуырдағы облыстық әкімшіліктің алқа мәжілісінде есеп берген қала әкімі Сәлімжан Нақпаев газдандыруға 804,4 млн. теңге бөлінгенін, оның 643 миллионы игерілгенін айта келіп, бірқатар елді мекендердің ішінде Жұмыскер -2-ніде толық газданып бітті деп мәлімдеген болатын
ӘЗІРГЕ ЖҰМЫСКЕРЛІКТЕР ҚАЛАҒА ҚАРАЙ ШҰБЫРЫП ЖҮР
Басы ашылмаған тағы бір мәселе көлік қатынасы. Қаладағы 499 қоғамдық көлік 30 бағыт бойынша қала және қала маңына қатынап, жолаушылар тасиды. Дегенмен, қаладағы жолаушы тасымалын негізігі жүзеге асырушы – «БатысДемСим» ЖШС. Ал оның халық игілігі үшін алған 50 су жаңа автобусының бірі де жұмыскерліктерге бұйырған жоқ.
Облыстық әкімшіліктің ерекше қамқорлығындағы бұл Серіктестік пайдасы аз жаққа беттемейді. Оның үстіне жуырдағы қаладағы қоғамдық көлік проблемасын қозғаймыз деп абақтыға жабыла жаздаған «Алға» партиясының мысалынан кейін «БатысДемСимнің» бетіне де тіктеп ешкім қарамайды.
Сондықтан жұмыскерліктер мектеп пен бала-бақшаға баратын бала –шағасын қалаға қарай өздері тасып жүр.
Жаңбырлы күндері резеңке етікпен балаларын ауылдың шетіндегі екі шақырым қашықтықтағы үлкен жолға арқалап апаратын көрінеді. Өйткені 100 теңгелік таксиді күнде жалдауды екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Ал көптеген отбасыларында 3-4 тен бала бар. Жұмыскер 2–ні маңайлап өтетін 52-ші маршрут көбіне бұл ауыл тұрғындарын мінгізбейді. Оның себебі көлік онсыз да жолаушыларға аузы мұрыны толып келеді, жаңбырлы күндері аяғы балшық жұмыскерліктерді салонды былғайды деп отырғызбайды екен.
Жұмыскер 2 ауылының жастары қалаға кетуге тырысады.
Балалардың сабақтан қайтуы да бөлек әңгіме. Көлікке балалар жолақысын төлемейді,бекер орын иеленеді деп мінгізбегендіктен, олар қыстың аязды күндері аялдамада бекер дірдектеп, ақыр соңында такси жалдап үйлеріне жететін көрінеді. Жұмыскерліктердің мұңын пұлға айналдырған таксишілер болса кешкі 7-ден кейін бағаны 200 теңгеге көтереді екен.
Менің төрт балам бар,-дейді Жұмыскер-2 тұрғындарының бірі Гүлжан Кенжеева. Үшеуі мектепте оқиды. Олар мектепке бару үшін таңғы 7-де үйден шығады. Алайда таң бозынан такси де болмайды. Сондықтан олар ауыл сыртындағы орталық жолға барады. Ал таксиге күніне 400 теңге ақшамыз шығады. Өзім баламен үйде отырмын. Жолдасым болса анда-санда болатын жалдама жұмысты кәсіп етеді.
Тұрғындардың арыз –мұңын ауыл әкімі Өтебай Жанбалаевтың да жүйкесін жұқартып бітірген тәрізді.. «Менің мазамды алмаңдар» дейтін көрінеді әкім өзін жағалап келгендерге.
Сөйтсе де олар көлік проблемасын мойындап отыр. Бірақ айналысып жатырмыз дегеннен аспайды. Шілде айында ғана Президент лентасын қиған құны 6 млн. теңге тұратын Балықшы-Жұмыскер көпірінің де Жұмыскер-2 тұрғындарына шарапаты тимей отыр. Қала әкімі С.Нақпаевтың осы көпір ашылғанда енді №12а маршрутын жүргіземіз, ол Балықшы поселкесінен кіріп, Жұмыскер арқылы Авангард шағын ауданына барады дегені де бос әңгіме болып шықты Уәде беру әкімдерге тән қасиет болғанымен, білдей қала әкімінің не үшін жалған айтқанын ел түсінбей әуре.
Қалалық әкімшіліктегі көлік мәселесімен айналысатын шенеуніктің бірі Серік Ахметов басқа әңгіме айтты. Ол 11 нөмірлі маршруттың Жұмыскер-2-ге қатынайтынын хабарлады. Алайда бұл көліктің екі сағатта бір жүретінін ескерсек, жұмыскерліктер үшін одан келіп кетер пайда шамалы.
МЕКЕНІМ ЖҰМЫСКЕР АУЫЛЫ
Міне, мұнайлы астана іргесіндегі Жұмыскер-2 ауылы осылайша күн кешіп жатыр. Тұрғындар тіпті газет-журналға да жазыла алмай отыр. Себебі адыра қалған бұл ауылда көше де жоқ. Сондықтан өздерін түрмедегі зектердей участок нөмірлерімен нөмірлеп қойыпты. Өздерінің жер телімдеріне салған шағын баспаналарын да тіркеуден өткізе алмай әуре. Ауылдағы аз басшылардың бірі Досқалиев Жұмахмет «времянка» тіркеуге жатпайды дейді. Ал тұрғындардың газет-журналға жазыла алмай жүргендері бос әңгіме.
Жұмыскерліктердің құдайдан тағы бір тілейтіндері денсаулық. Өйткені бастары ауыра қалса мұнда жедел жәрдем келмейді. Кейбір тұрғындар дәрігерлік көмек болмағандықтан бала күтіп отырған келіндерін Атыраудан үй жалдап тұрғызуға мәжбүр болып отырғандарын айтады. Тұрғындардың бірі Марат Темірғалиев емхана болмағандықтан ауыра қалса 200-300 теңгеге такси жалдап, қалалық емханаларға баруға тура келетіндіктерін айтты. Таяқ тастам жердегі Жұмыскер- 1-дің емханасы тіркеуде жоқсыңдар деп қарамайтын көрінеді. Жүріп жатқан халық санағының да бізбен шаруасы жоқ,- дейді ол. Бұған дейін өткен сайлауларға да қатысқан емеспіз. Жалпы керексіз адамдармыз.
Облыс, қала, ауыл әкімдері жар сала хабарлаған салынып жатқан 60 орындық бала-бақша да, 600 орындық мектеп те жұмыскерліктерді қуанта алмайды. Тіпті, олар ашылғанымен, пайдаланбай бос қалуы мүмкін. Өйткені бұл бала-бақша, мектепЖұмыскер-2 ден қашық орналасқандықтан, қатынас мәселесі тағы көлденең тұрады. Тұрғындар да балаларды бір жаққа тасып, содан кері жұмысқа сабылғанша, оларды өздерімен бірге қаладағы мектепке қарай жеткізгеніміз дұрыс деп есептейді. Ал Жұмыскер-2-ге іргелес Сарықамыс ауданындағы пайдалануға берілген 165 орындық. бала-бақша құрылыс сапасының нашарлығы салдарынан авариялық жағдайда болғандықтан әлі ашылмай отырған көрінеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG