Accessibility links

"Маған ұзын-ырғасы түрлі деңгейдегі 44 іс қозғалып, 41 миллион теңге айыппұл салынған..."


Саясаткер, журналист Жұмабай Доспанов. Атырау, қазан 2008 ж.

Саясаткер, журналист Жұмабай Доспанов. Атырау, қазан 2008 ж.

Атыраудағы белгілі оппозиционер Жұмабай Доспанов жақында Азаттыққа берген сұхбатында А.Мусинның Президент әкімшілігіне келуі жақындап қалған сайлау нышаны деп мәлімдеген болатын.



- Жұмабай Орынғалиұлы, сіз А.Мусин Президент әкімшілігіне келе салысымен бұлайша болжам жасауыңызға не себеп болды?


- Біріншіден, А.Мусиннің Президенттің әкімшілігі жетекшісіне алмастырылуы Президент тарапынан оған артқан тағы бір ауыр салмақ екені анық. Яғни, келер жылдың 8 айынан қалмай өтетін Парламент сайлауында Президентке айтқанын екі етпей орындайтын, әкімшілік шараларды қатаң жүргізетін адам керек. Бұл ретте А.Мусин таптырмайтын тұлға. Ал Президент әкімшілігіне жетекшілік еткен Қ.Келімбетовтың қолынан бұл іс келмес еді. Өйткені Қ.Келімбетов кезінде «Қазақстанның демократиялық таңдауының» құрамында болған демократияшыл, мінезі жұмсақтау азамат.

Екіншіден, Президент Мәжіліске екінші рет Орал Мұхамеджановты төраға етуі арқылы қыр астындағы сайлаудың дүбірін анық сездірді. Себебі, Мәжіліс төрағасы деген тағы бір үлкен лауазымға нағыз ие болатын О.Мұхамеджановтан басқа үш кандидат бар еді. Ол Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев не Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов болар дегенбіз.

Сайлаудың мерзімінен бұрын өтуі дәстүрге айналды. Ол 1990 жылдардың басынан етек алған. Содан бері Президент сайлауы тиісті мерзімі мен уақытынан бұрын өтіп келе жатыр. Оның бер жағында Конституцияға өзгеріс енгізілгенін білеміз. Оны Франциядан үйрендік, олар да Президенттерін 7 жылға сайлаған деп сілтеме көрсетеді. Бірақ, Франция мұның дұрыс еместігін ұғып, қайта қалпына келтірді. Ал біздікілер ол жайлы жақ ашпайды. Қаржы дағдарысы Қазақстанды айналып өтеді десе де, былтырғы қыркүйектен басталған қымбатшылық одан әрі өрістеп барады.

- 2002, 2004 жылдары қатарынан екі рет депутат болуға талпыныс білдіргенсіз. Ілінбей қалуыңыздың себебін ел біледі. Енді мына болжамдарыңызға қарағанда депутаттыққа дайындық басталып кеткен болар?


- Қазақтар «Ер кезегі үшке дейін» дейді ғой. Бірақ енді үшінші рет сайлауға депутат ретінде қатысқым келмейді. Қазақстандағы сайлау туралы жаңа заң қабылданғанымен, ондағы баптар іс жүзінде орындалмайды. Оған көзім әбден жеткен. Заң бір бөлек, жергілікті билік, әкімдерге берілетін бұйрық бір бөлек болады. Сайлауға қатыса жүріп, сайлау учаскелеріндегі небір былық-шылықтарды көзім көрді.

Елімізде 9000 сайлау учаскесі бар. Оның 80-85 пайызы мектепте орналасқан. Неге? Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы әдетте- аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болады. Сайлау учаскесінің төрағасы – мектеп директоры. Ал «ойдағыдай» өтпеген сайлау үшін мектеп директоры басымен жауап береді. Сондықтан жаңа «Сайлау туралы заңда» мектеп сайлау учаскесі болмауы керек. Шетелдегі тәрізді сайлау комиссиясы мүшелігіне барлық саяси партиялар мүшелері енуі шарт. Сонда арнайы бақылаушының қажеті де болмай қалады. Ал учаскелік сайлау комиссиясы 7 адамнан тұрады. Бұл дұрыс емес. Ол әртүрлі партиялардың жергілікті жерлердегі мүшеліктеріне қарай 5 немесе 11 болуы мүмкін. Содан соң сайлауға қатысуға ниет білдірген мекеме, ұйымдардан тек 1 адам ғана қатысуға рұқсат берілуі керек.


2002 жылғы сайлауда менің оппонентім Ұзаққали Елеубаевтың болғанын ел біледі. Сонда оппозиционерлер мен ол кезде сауалнаманы әділ жүргізетін АсиП 61 пайыз дауыс жинағанымды мәлімдеген еді. Бәрі бір Ұ.Елеубаев Құрманғазы ауданындағы №16 округтен Мәжіліске депутат болып сайланды. Ал одан кейін 2004 жылы «Асар» атынан №22 округтен сайлауға түсті. Сонда Атырауда 137 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Соған Ұ.Елеубаев 100 биллборд ілді. Әрқайсысының көлемі 2х3м. Бір биллбордтың бағасы 200 000 теңге. Сонда жалпы жұмсаған шығыны 20 млн. теңге болды. Сайлау туралы заң бойынша әр үміткер 8 млн. теңгеден артық жұмсай алмайды. Басқа қосымша шығындарын қосқанда 11 миллионнан аспауы керек. Жалпы Ұ.Елеубаевтың жұмсаған ақшасы 30 млн. теңге болып шықты. Кезінде ДВК Орталық Сайлау комиссиясына сауал да жасаған. Осындай әділетсіздіктермен Ұ.Елеубаевтың қалай өткені сұралған. Әйтсе де жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Билік тек Елеубаевтың мандатын кешіктіріп бергізгендей болды да қойды. Бірақ, менің қолымда нақты құжаттар бар.


Енді алда шынайы демократиялық өзгерістер болса сол Ұ.Елеубаевтардан оңды-солды шашқан халықтың ақшасын қайтаруды талап ететінім анық. Ол сонда тек бұл ақшаларды ғана емес, депутат ретінде алып келген жалақысын да қайтаратын болады.


- А.Мусин Атырауда әкім болған кезінде сіз біраз қуадалауға ұшырадыңыз. Оның ішінде жеке басыңызға жасалған қастандық, отбасыңызға қол жұмсау да болды.Қазіргі жағдайыңыз қалай?


- Жалпы маған ұзын-ырғасы түрлі деңгейдегі 44 іс қозғалып, 41 миллион айыппұл салынған. Осылардың 50 пайызында А.Мусиннің үлесі бар. Кезінде Президент оны Атырауға оппозицияны ауыздықтау үшін отырғызып еді. Сонда өзінің жекеменшік «идеологы» Е.Дошаевтың қолымен біраз қысым жасаған. Бұл жерде Е.Дошаевтың рөлі үлкен болды. Атырауда талай әкімді «басынан кешірген» Р.Мұрсалиева деген ханым бар. Идеология жағына сол жауап берсе де, А.Мусин істің бәрін Е.Дошаев арқылы сұрап біліп, іске асырып отырды. А.Мусин Ақтөбеде 6 жыл әкімдікте отырғанда сенімді орынбасары болған оны Президент жемқор деп танып, орнынан түсіп қалғанымен, А.Мусин төңірегінен алыстай қойған жоқ. Мусин Атырауда отырғанда БАҚ-тарға басшылық ететін ішкі саясат басқармасы бастықтары бірінен соң бірі алмасып, бәріне «Алтын ғасыр» газетін жаптырту, оппозицияны жою тапсырылды. А.Мусинге дейін әкім болған С.Дәукеев те ағынан жарылып, менен оппозицияны тастап, өзіне орынбасар болуға шақырған. Қазіргі әкім әзірше ешнәрсе демейді. Газетімде жазылған жемқорлық мәселелерін мойындағаны болуы керек.

- А.Мусин Атыраудан кетерінде журналистермен болған кездесуде сіздің табысыңызды есептеп еді. Сізді Америкадан 30 мың АҚШ доллары көлемінде ай сайын жалақы алып тұратыны рас па деген журналистер сауалына, «онда Ж.Доспановтың жылдық табысы 360 мың доллар, ал 5 жылда 2 млн. доллар болды ғой» деп еді. Әрі Р.Әлиев те «Қазақстандағы оппозиционерлерді Ақорда қаржыландырады» деп, сіз филиалын басқаратын ЖСДП төрағалары, басқа да оппозиционерлер біраз ақталған болатын. Бұл жайлы не айтасыз?


- Ешкім де қаржыландырмайды. Өз табысым. Ал А.Мусинге келетін болсақ, бұл әңгімені халықаралық деңгейде көтеруге әзір едім. Бірақ, Мусиннің «жеке идеологы» Е.Дошаев бастап қателігін мойындаған соң әзірге жабулы тұр.


- ЕҚЫҰ-ның басты талабының бірі - қос партиялы парламент қой. Сайлау болуы үшін билікке кезектесіп келетін 2 партия қажет. Оппозициялық партиялардың басы қосыла ма?


- Қазақстанда оппозициялық партиялардың басы біріге алмай жүр. Бір партияның өзінің бөлініп кеткенін халық біледі. «Бізді құртқан амбиция» деп Ә.Қосанов айтқандай, амбицияның бар екенін жасырудың қажеті жоқ. Біріккен партия құрылғанымен ондағылардың 90 пайызы билікке ұмтылады.Ондағы мақсат билік арқылы халыққа қызмет ету ғой. Осыны іске асыру үшін шынайы оппозициялық партиялардың басын қосу қажет. Содан соң бір атау алып, бір төраға сайлануы керек.


- Сіз кімді Қазақстанның келешек Президенті ретінде елестетесіз?


- Қазіргі диктаторлар өз билігін шексіз деп ойлайтын болар. Бірақ ештеңе де, ешкім де мәңгілік емес. Мұрагер деген әңгіме айтылады. Демократиялық елде мұрагер жайлы әңгіме болмауы керек. Президент сайланбалы лауазым. Қазақстандағы 9 миллион қазақтан 9 үміткер шықпауы, одан суырылып шығатын бір қазақтың болмауы мүмкін емес.


Ал Н.Назарбаевтың орнына кімді елестететінім жайлы айта алмаймын. Себебі аты аталған адамның басына қиындық тудырғым келмейді. Тек халықтың таза қолдауымен, еш бұрмалаусыз, елін, ұлтын шексіз сүйетін азамат сайланса деп ойлаймын. Сонда ғана біз зайырлы, демократиялық мемлекет болып атала аламыз. Біздің тұңғыш Президентіміз 1989 жылдан бері міне 20 жыл бойы елді басқарып келді, Елбасы алдымен Парламент, содан соң Президент (2012 жылы болуы тиісті) сайлауын бұрмалаусыз, таза өткізіп, ортадан бейтарап бір адамды сайлауы тиіс.


- Атыраулықтар ғана емес, Қазақстан жұртшылығы «Қазақгейт» жайлы жазылған газетіңізді кезінде таласа оқыды. Бірақ соңғы кезде ол жайлы материалдар көрінбейді. Ал кейбіреулер «Қазақгейттың» рас екеніне күмәнданады...


- Осы қоңыр күз көп нәрсенің басын шешеді деп ойлаймын. 5 және 25 қыркүйекте Нью-Йоркте «Қазақгейттің» сот тыңдаулары болды. Сонда Р.Әлиев Қазақстан жағының «Қазақгейтты» уыста ұстап отыру үшін жыл сайын 10 миллион доллар беріп келе жатқанын жария етті. 4 қарашада Джон Маккейн АҚШ Президенті бола қалса, ол сөз жоқ өзі жаптырмай келе жатқан «Қазақгейт» процесін бастайды деп үміттенеміз. Бірақ сот процесі ұзақ болуы мүмкін.


- Р.Әлиев демекші ол туралы не айта аласыз?


- А.Қапашева күйеуі Ж.Темірғалиев 2007 жылдың 31 қаңтарында оралмаған соң 3 ақпанда Президентке, ҰҚК төрағасы Р.Шабдарбаевқа, Бас прокурор Р.Түсіпбековке, сыртқы істер министрі Б.Мұхамеджановтарға арыз түсірді. Ал Президент бұл арыз қолына тие тұра 9 ақпанда Р.Әлиевты сыртқы істер министрінің бірінші орынбасарынан алып, Австрияға аттандырды. Сөйтіп, 15 ақпанда Р.Әлиев Венаға елші болып, еш кедергісіз кете барды.Ал Жолдастың әкесі Ғапар Аманұлы менімен соңғы кезге дейін хабарласып тұрды. ТМД-да көптеген көріпкелдерге барғанын, бәрі бір ауыздан «ұлыңыз тірі, бір жерде тұсалып отыр» дейтіндерін айтқан. Мен оны Әлиевтан сұрай бергенше, неге біздің органдардан, Елбасынан талап етпейсіз деген едім, содан хабарласпай кетті.


- Әңгімеңізге рахмет!

XS
SM
MD
LG