Accessibility links

Мектеп оқушыларын есірткіге тестілеу жүргізілуде


Адам ағзасында есірткінің бар-жоғын анықтау кезінде осы құралдар пайдаланылады. Атырау, қазан, 2008 ж.
Адам ағзасында есірткінің бар-жоғын анықтау кезінде осы құралдар пайдаланылады. Атырау, қазан, 2008 ж.

Атыраудағы наркологиялық диспансер қызметкерлері 11- сынып оқушыларын есірткіге тексеруден өткізіп жатыр. Бұл шара биыл екінші рет жүргізіліп отыр. Осыған сәйкес енді қаладағы 24 мектептің 800 оқушысы нашақор еместігін дәлелдеп, тапсырғысы келсе де, келмесе де тестік сараптамадан өтуі тиіс.

Бірақ, дәрігерлердің айтуынша, тестілеудің қортындысы жайлы айтуға әлі ерте. Тест нәтижесі 4 қарашада белгілі болады. Қазір 515 оқушы тексеруден өткізіліп, 7 баланың анаша мен марихуана тартатыны анықталып отыр.

Жалпы алғанда атыраулық нарколог мамандар есірткі қолданатындар қатарының жыл санап артып келе жатқанын жоққа шығармайды. Қазірдің өзінде облыста 1000-ға жуық адам тіркеуде тұр. Олардың 14-і кәмелетке толмаған балалар. Көбіне есірткіге салынғандар 20-30 жас аралығындағы жастар көрінеді. Ал жалпы Қазақстан бойынша бейүкіметтік ұйымдардың статистикалық мәліметі елде 100 мыңнан астам нашақор бар дегенді айтса, ресми есеп тек 57 мың деген санды көрсетеді.

Наркодиспансер мамандары тест жүргізуді есірткіні жаңадан қолдана бастағандарды анықтаудың бірден-бір амалы деп санайды.

- Тестілік әдістің мақсаты – ағзада есірткінің бар-жоғын анықтау. Ал ол есірткінің қандай түрі екендігін ары қарайғы клиникалық зерттеулер көрсетеді, - дейді Атыраудағы облыстық наркодиспансер бөлімінің меңгерушісі Светлана Страмоусова. - Күдікті деп саналатын балаларды анықтауда басқа құрдастарының назарын аудартпау үшін тестілеу ұл-қызына қарамай бәріне бірдей жүргізіледі. Анықталған балалар профилактикалық бақылауға алынады. Жыл ішінде ары қарай пайдалану байқалмаса бақылаудан алып тастаймыз.

Тестілеудің қолданылуын облыстық білім басқармасы да құптап отыр. Бұл жайлы бөлім бастығы Татьяна Аманғалиева: «Тестілеу – есірткіні пайдалану мен есірткі бизнесінің алдын алу жөніндегі бағдарламаға сай жүргізіліп отырған шара. Оны іске асыруда көп жұмыстар жасалды. Ата-аналар комитетімен жиі кездесулер өткіздік. Ұлт саулығы үшін өте керекті іс деп санаймын», - дейді.

Алайда Қазақстандағы адам құқығын қорғау мен заңдардың сақталуы жөніндегі халықаралық бюроның ақпараттық білім беру орталығының жетекшісі Роза Ақылбекова бұл пікірмен де, есірткіге тестілеуді жүргізумен де келіспейді. Ол оқушы жастарды тексеру қортындысы құпиясының сақталатынына да күмәнмен қарайды:

- Балалар құқының қорғалуы жағынан кез-келген заңгер бұл бастаманың заңсыздығын айта алады. Мен мұны баланың азаматтық құқығына қол сұғу ретінде түсінемін. Неге бүкіл 11-сынып балаларының бәрі бірдей тексеруден өтуге міндетті? Егер олардың мақсаты есірткіге салынғандарды ұстау болса қалған жасөспірімдердің бұған қатысы қанша? «Жасырын түрде» дегенмен мұндай жалпылама жұмыстың шеті бәрібір шығады. Сонда «ұсталған» балалар қайтпек? Олардың ары қарайғы тағдыры не болмақ? Ондай балаларға мұғалімдер тарапынан көзқарас қандай болмақ? Сондықтан бұл алдымен отбасының, ата-ананың міндеті болуы керек. Солардың бала өміріне қамқор көзбен қарап, қадағалау нәтижесінде шешілетін дүние.

Дегенмен де Атыраудағы белгілі нарколог С.Страмоусова өз пікірін өзгертпейтінін айтады.

- Балаларға есірткіні көбіне достары ұсынады. Нашақорлықтың басы да «татып көр, ештеңе болмайды» деп ұсынудан басталады. Наркобизнес дегеніміз осы. Ал мұны ата-аналары дер кезінде біле бермейді. Мәселен, анаша тартатындар 5-6 жылға дейін анықталмай, ал героинға тәуелді адамдарды 2-3 жылға дейін байқамай жүре беруге болады. Бірақ бұл жерде мектеп оқушылары есірткіге салынған деп отырған жоқпыз. Балалар түсінеді, келіседі. Тек ата-аналары жиі қарсылық білдіріп жатады, "баламыздың құқын бұздыңдар" деп ренжитіндер де бар, - дейді маман.

Сонымен қатар дәрігерлер соңғы кезде ішкі істер органдарынан, жол полициясы қызметкерлерінен шағымдар көптеп түсетіндігін айтты. Әсіресе марихуана тартып көлік айдаған жүргізушілерді наркодиспансерге тексеруге жиі әкелетін көрінеді. Олардың бетіне қарап анаша тартатынын анықтай алмайсың. Бұл жерде тағы да тестіні пайдаланамыз деседі диспансер қызметкерлері.

Сөйтсе де кез-келген тестің дұрыс болмауы да мүмкін. Себебі кейбір медициналық дәрі-дәрмектер құрамында есірткілік қоспалар болатыны белгілі. Дәрігерлердің айтуынша, седативтік дәрі-дәрмектерді қолданатындардың тестісі оң нәтиже беруі ықтимал екен. Бірақ, ондай күдікті мамандар «қате қорытынды болмайды, ондай болса тест көрсетеді, қайта өткіземіз» деп сейілтуге тырысқанымен де теориялық жағынан тестіні алдауға да болады екен.

Мұны есірткіні бұрын қолданып, кейін емделген «тәжірибелі» адам айтты. Мәселен, тексерудің нақты күнін біліп алып, оған дейін 1-2 күн ешнәрсе пайдаланбай барса болғаны. Анаша шеккеннен кейін 48 сағаттан соң оның ағзадағы ізін табу қиын, себебі зат толығымен шығып кетеді, - деп түсіндірді аты-жөнін жария еткісі келмеген әлгі пікірлесіміз.

Әйткенмен нарколог-дәрігерлер мұндай жағдайда адамның сыртқы түрі мен мінез-құлқынан-ақ оның есірткіні үзбей пайдаланатындығын білуге болатынын айтады. Себебі екі күн - наркоман үшін үлкен мерзім.

Республика бойынша жыл сайын есірткіден он мыңдаған адам емделеді екен. Соның тек оны ғана сауығып кете алады. Сөйтсе де күн сайын жаңа нашақорлар пайда болады. Қазақстанда жыл өткен сайын заңсыз есірткі айналымы да өсіп келеді. Атыраудағы есірткі саудасымен күрес жөніндегі басқарма бастығы А.Кенжеғалиев былтырғы жылмен салыстырғанда есірткі пайдалану салдарынан болатын қылмыстың 4,8 пайызға, есірткі саудасының 13 пайызға өскенін айтқан болатын.

Биылғы соңғы 9 айда облыс бойынша есірткі мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысты 152 қылмыстық іс тіркелген. Тәркіленген 32 кг есірткінің 517 гр героин екені анықталды. Қазақстанға көршілес елдерден көп мөлшерде есірткі тасымалдаушылар да жиілеп барады, - деп мәлімдеді бұл мәселе жөнінде облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Г.Мұхтарова. Осы қазан айында ғана есірткі сатумен айналысып жүрген Өзбекстан азаматтары ұсталып, тексере келе олардан 20 гр героин тәркіленді, ал бұл 2000 доза, қара базардағы бағасы 1 миллион теңге, яғни 8000 АҚШ долларынан астам.

Былай қарағанда Атырауда наркоманиямен жұмыс қарқынды жүргізілуде. 2006-2008 жылдарға арналған арнайы бағдарлама да бар. Оған 2 миллион теңге қаржы бөлінген. Бірақ, бұл әрекеттің бәрі әзірге тек тұтынушы айналасында ғана. Есірткі корольдері, атышулы жеткізуші-делдалдар, есірткіні жан-жаққа тарату жолдарымен күрес жайлы әңгіме қозғалмайды.

Ал мектептерде наркопостылар қойылып, есірткіге тестілеу жалғасып жатыр. Аймақтағы наркодиспансердің мамандары оны тұрақты өткізуді жоспарлап отыр. Дегенмен бұл жайлы арнайы заң да жоқ. Балаларды есірткі және психотроптық заттарды заңсыз қолданудан қорғау жөніндегі заң жобасын Есірткі бизнесімен күрес жөніндегі комитет биылғы жазда депутаттарға ұсынғанымен, шикі деп танылып, кері қайтарылғанын білеміз. ІІМ жыл аяғына дейін бұл заң жобасы қабылданады деп үміттенеді. Сонда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?
XS
SM
MD
LG