Accessibility links

Тұрғындар экологиялық базадан гөрі балықты уайымдайды


Дамбы ауылының күнкөріс көзі - балық. Атырау, қараша, 2008 жыл

Дамбы ауылының күнкөріс көзі - балық. Атырау, қараша, 2008 жыл

Атыраудағы Дамбы поселкесінің тұрғындары бұл жерде мұнай төгінділерін жинақтайтын Солтүстік Каспий экологиялық базасы құрылысының салынуына қарсы. Олардың айтуынша база Жайықтағы қалған балық қорын құртып, поселкедегі жүздеген отбасыларын аштыққа душар етеді.

Аталған жобаның қожайыны – «Қазмұнайгаздың» еншілес кәсіпорыны «Теңіз –Сервис» ЖШС. Бұған дейін Жайық сағасында мұнай төгінділерін жинайтын база салу туралы Серіктестіктің бастамасы сотта қаралып, құрылыс үшін қала әкімі шешімімен берілген 50 га жердің заңсыздығы анықталған еді. Алайда оған қарамастан Қазмұнайгаз айтқанынан қайтпай, 2007 жылы екі рет қоғамдық тыңдау өткізгенімен, халық қарсылық білдіріп келеді.

Нақ осы мәселеге орай балықшылар ауылында болып қайтқан Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов пен Энергетика министрі Сауат Мыңбаев та соңғы нүктені қоя алмады. Қос министр бірдей елдің пікірімен санаспай ешбір құрылыс жүргізілмейді дегенімен елдің көңілі күпті болып отыр.

Энергетика министрі Сауат Мыңбаев ауыл адамдарымен кездесіп тұр

Тұрғындар Сауат Мыңбаевтың елмен жүздесіп тұрып, «Жалпы құрылысты жобалаушылар қолында тиісті құжаттары бар еді.
Бұл база Қашаған кенішінде төгілуі мүмкін мұнайды жағаға жақындатпай жинауға арналған» деген екіұшты жауабын түсіне алмай дал. Өйткені, қоғамдық тыңдау дегеніңіздің ел көзі қылып өткізілетін дүние екенін атыраулықтар бір кісідей ұғып болған.

Сондықтан министрлермен кездескен балықшылар өз наразылықтарын ашық айтты. Тұрғындар атынан сөз алған қарт балықшы Қадыр Мәжитов былай деді: «Дамбы - балықшылар отаны. Жайық сағасы - балықтар мекені. Олар осы жерде ұрық шашады, осы жерде қоректенеді, көбейеді. Олардың қыста паналайтыны да осы тұс. Ертең аяз түсіп, мұз қата бастағанда балықтар да қыстаққа келеді. Тіпті, балық қорғау күзетінің бір катері ары-бері жүріп өткенде, балықтар қашып жоламайды.

Егер база салынса, біз балықтан мүлде айырыламыз. Балықтар ғана емес адамдар да жай-күйінен айрылады. Осы жерді мекендеп, балықтан нәпақа тауып отырған 50 мыңдай адам азып-тозады. Бұл база тек Дамбы тұрғындарын ғана емес, Оралға дейінгі бүкіл елді балықсыз қалдырады. Жайық сағасы – Қазақстандағы балық шаруашылығының бүгіні, ертеңі және келешегі. База керек те болар, бірақ басқа жерден салынсын!»
Дамбы балықшыларының қармағын кейде ірі балық та қабады.


Экологиялық база құрылысына әу бастан қатты қарсылық білдіріп және оны нақты дәйектермен дәлелдеп келе жатқан белгілі эколог, «Каспий табиғаты» бейүкіметтік ұйымының жетекшісі Махамбет Хәкімов бұны Қазақстан заңын бұзушылық әрекет деп санайды.


- "Аджип" пен "Қазмұнайгаз" міне, 2 жылдан бері осы Дамбыда ел пікірін елемей күштеп экологиялық база салу жоспарын ұсынып келеді. Алайда «Ақ жайық» қорығының орталығы мен базасы осында орналасқан! Бұл қорықта 227 түрлі өсімдіктер, жер бетіндегі, судағы омыртқасыз жануарлардың 2000 түрі, балықтың 76 түрі, (соның ішінде, бекіре балықтары) бауырымен жорғалаушылар мен қос мекенділердің 13 түрі, құстардың 278 түрі, сүт қоректі жануарлардың 78 түрі осы жерді мекендейді. Бұлардың арасындағы 36 түрлі өсімдік құрып бара жатқан өсімдіктер ретінде қазақстандық және халықаралық заңдармен қорғалған. Дүние жүзіндегі бір де бір ел дәл осындай аса құнды байлық иесі бола отырып мұндай экоцидке жол бермес еді, - дейді.


«Сөз жоқ, мұндай экологиялық база қажет», - деп есептейді эколог-ғалым . Оған ел де қарсы емес. Бірақ оны салатын басқа жерлер толып жатыр. Мәселен, базаны Перетаскадан салуға болады. Тасқала ауылынан теңізге қарай канал қазуға болады. Әрі ол жерде су да жыл бойына жылы. Ал егер база Дамбыдан салынса, ол жерде үш ай мұз қатып жатады, үш ай тиым салынуға байланысты, жұмыс жүргізуге болмайды. Сонда база бар болғаны 6 ай ғана жұмыс істейді. Ал Тасқала өте ыңғайлы. Ол жерде автокөлік жолдары, темір жол, барлық қажетті коммуникациялар бар. Ары қарай мұнай төгінділерін Қарабатанға тікелей алып шығуға болады.

Ал,базаның маңыздылығын түсіндірген жобалаушылар мәлімдеуінше, мұнда болуы мүмкін 2 деңгейдегі апат кезінде 500 куб төгілген мұнай қалдықтарын жинауға болады екен. Жиналған төгінділер кемелермен Баутиноға әкетіледі. Ол кемелер дауыл болса ғана Дамбыда тоқтайды.

Кейіннен мұнайшылардың не себепті Дамбыны саудалап отырғаны белгілі болды. Сөйтсек бұл жобаға 100 миллион теңге жұмсалып та қойыпты. Енді басқа қаржыландырудың болу болмасы да екіталай. көрінеді.

Жергілікті әкімшілік те оларға басқа жерлерді ұсынып отыр. Бірақ нақты шешім әлі қабылданған жоқ.

XS
SM
MD
LG