Accessibility links

Атыраудағы Жылой ауданының орталығы Құлсары қаласында ағайынды фермерлердің өзбек отбасын бір жарым жылдан астам уақыт құлдықта ұстағаны анықталды. Олар «тірі тауарлардың» әрқайсысын 10 мың теңгеден сатып алған.

Атырау облыстық көлік прокурорының орынбасары Дәулен Төлемісовтың түсіндіргеніндей 10 қараша күні Құлсары қаласындағы теміржол вокзалындағы полиция қызметкерлеріне Шамұратов Назарбай есімді Өзбекстан азаматы келіп көмек сұрайды. Оның айтуынша 2007 жылы Назарбайды екі ұлы 17 жасар Расул және 11 жасар Сүндетпен бірге Ғалия есімді өзбекстандық әйел «табысы мол жұмыс тауып беремін» деп алдап, Атырау облысына әкелген көрінеді.

Ғалияның уәде еткен ақшасы сол елдің өлшемімен алғанда көл-көсір табыс болып саналғандықтан, олар ойланбастан ілесе жөнелген. Ішкі істердің желілік бөлім і қызметкерлері анықтағандай тіпті жұмыс іздеушілердің қолында құжаттары да болмапты. Соған қарамастан жылпос әйел оларды жүк вагондарына жасырып, Бейнеу арқылы Құлсары стансасына дейін жеткізген. Ал бар құжаттары тек Сүндеттің тууы туралы куәлігі мен Расулдың қолындағы оның қайтыс болған ағасының метіркесі болып шықты.

Бірнеше қой суға кетіп қалғаны үшін қожайындар кішкентай Сүндетті осы темір көсеумен сабаған. Сурет Атырау полициясының мұрағатынан алынды. 17 қараша 2008 ж.
Содан соң оларды жалпы құны 30 мың теңгеге (250 $) құлсарылық ағайынды фермерлерге бодандыққа сатып жіберген. Осылайша әкелі-балалы Шамұратовтар ағайынды кәсіпкерлердің кез келген жұмысына аямай салатын босағасындағы басыбайлы құлдарына айналған. Олар Құлсарыдан алыс жердегі шаруа қожалығында мал бағумен шұғылданған Жалданған қожайындары бір тиын төлемек түгілі, итаяқтан ас беріп, тегін жұмыс күші ретінде пайдаланған. Сәл қарсылық көрсетсе немесе жұмысты дұрыс жасамаса кішкентай Сүндетке қоса қамшымен, көсеумен сабапты. Оған бодандардың денесіндегі таяқ іздері куә.

11 жасар Сүндеттің айтуынша бірде бағып жүрген қойларын суғарып жатып, үш қой абайсызда суға ағып кеткені үшін қатты таяқ жеген көрінеді. Алайда ол әлі келгенше қолынан келгеннің бәрін жасағанмен, бұғанасы қатпаған жас бала семіз күйлі саулықтарды судан тартып шығара алмаған.

Тұтқындардың қашып кетпеуі үшін ағайынды жігіттер оларды бөлек ұстапты. Ересек Расул басқа шаруашылықта еңбектенсе, Назарбай кіші ұлымен бірге болған екен. Кәсіпкер жігіттер оларға екі мылтықты ауық-ауық көрсетіп, қашуға тырысса аямайтындарын айтып әбден қорқытқан. Алайда кіші ұлы Сүндеттің таяқ жегені, аяғым ауырды деп жылағаны қабырғасына батқан Назарбай амалын тауып қашып шығады. Құлсары вокзалына келіп кездескен полиция қызметкерлеріне болған жайды баяндайды.

Назарбай мен оның екі баласы осы ыдыстардан тамақ ішкен. Сурет Атырау полициясының мұрағатынан алынды. Атырау, 17 қараша 2008 ж.
Бірден жедел топ құрылып, Құлсары стансасындағы құл «қожайындары» қамауға алынады, әрі Назарбайдың үлкен ұлын да босатып алады. Қазір ағайынды фермерлерге ҚР ҚК 128 бабына сәйкес «Адам саудасымен» айналысты деген айып тағылып, тергеу жүргізілуде.

- Қылмыстылардың атын тергеу аяқталғанша айта алмаймыз. Әр айыптының ісі бөлек қаралып, қатаң тексерілуде. Олар 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы тиіс, - деп есептейді Дәулен Төлемісов.

Бодандықтан босатылған өзбекстандық отбасы әзірге арнайы жалданған пәтерде бұрынғы қожайындарының сотын күтуде. Содан соң елдеріне қайтарылады.

Жалпы бұдан бұрын да Атырауда екі қазақстандық және бір өзбекстандық әйелдердің 4 өзбек қызын алып келіп, жеңгетайлық құлдығында ұстап, ақша тапқандары анықталған еді. Тек 2008 жылдың бірінші жарты жылдығында республикада адам саудасына қатысты 13 қылмыстық іс тіркеліпті. Жаппай бодандықта жүрмегенмен қарақалпақ және өзбектердің Қазақстанда арзан жұмыс күші ретінде кеңінен қолданылып отырғаны белгілі.

Осы мәселе жайлы gazeta.uz басылымы осы жылдың тоғыз айында Өзбекстанда 1450 адамның саудаға салынғаны жайлы ресми мәлімет жариялаған еді. Оның 1283-і ер адамдар екен. Оларды әсіресе, Қазақстан мен Ресейге еріксіз жұмыс жасатуға әкететін көрінеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG