Accessibility links

Австрия президенті Астанаға бүгін неге ұшып келмеді?


Австрия президенті Хайнц Фишер.

Австрия президенті Хайнц Фишер.

Австрия президенті Хайнц Фишердің Астанаға сапары «белгісіз уақытқа кейінге қалдырылды» Оның үстіне Астана мен Австрия басшыларының өзара сапары қарама-қайшылықтарға толы. Жалпы Австрия президенттері Қазақстанда ешуақытта болған емес.


2008 жылдың 12-14 қазаны аралығында Астанаға келуді жоспарлаған Австрияның федералды президенті Хайнц Фишер Қазақстанға келмейтін болды. Қазақстандағы Австрия елшісі Урсул Фарингердің айтуынша «Австрияда жақында ғана мерзімінен бұрын парламент сайлауы өткен. Қазіргі уақытта үкіметті жасақтау жұмысы жүріп жатыр. Оған президенттің қатысуы міндетті».

Бір қызығы, 1992 жылы Австрия Қазақстанның тәуелсіздігін мойындағаннан бастап, федералды президент бір де бір рет Қазақстанға ресми сапармен ат басын тіремепті.

Нұрсұлтан Назарбаев Австрияның федералды канцлері Франк Враницкиймен 1991 жылы кеңес уақытында алғаш рет кездескен болатын. Байқоңыр ғарыш айлағында болған ол кездесуге бортында австриялық ғарышкер бар космостық корабльді ұшыру себеп болған еді.

Австрия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық байланыс 1992 жылдың 19 ақпанынан бастап орнаған болатын. Осыдан кейін тура бір жылдан соң, 1993 жылдың ақпанында Нұрсұлтан Назарбаев Австрияға ресми сапармен барып, кездесу барысында федералды президент Томас Клестилмен және федералды канцлер Франк Враницкиймен кездесіп қайтқан еді.

Осы кездесуге жауап ретінде екі айдан соң Франк Враницкий Қазақстанға келіп, Қарағанды металлургия комбинатының қайта жарақтандырылуына инвестиция тарту туралы меморандумға және әуе қатынастары туралы үкіметаралық Келісімге қол қойған болатын.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Австрияның бірінші басшыларымен одан кейінгі кездесулері араға алты жыл салып жалғасқан.1999 жылы шілдеде Назарбаев бастаған Қазақстан делегациясы Зальцбургте Орталық және Шығыс Европа елдерінің экономикалық саммитіне қатысқан болатын. Осы шара аясында Нұрсұлтан Назарбаев пен Австрия президенті Томас Клестил кездескен-ді.

2000 жылы ақпанда Қазақстан президенті Венада болып, Австрияның федералды президенті Томас Клестилмен және ЕҚЫҰ бас хатшысы Ян Кубишпен келіссөздер жүргізген болатын.Венаға келесі сапар 2004 жылы қыркүйекте болды. 2004 жылы шілдеде Австрияның федералды президенті қызметін 12 жыл атқарған Томас Клестил 71 жасқа қараған шағында жүрек талмасынан қайтыс болды. Сол айда Австрияның федералды президенті болып Хайнс Фишер сайланды.

Сауда ынтымақтастығы

Қазақстандық статистиканың мәліметінше, Австрияның сауда саласындағы 220 серіктес мемлекетінің ішінде Қазақстан импорттың көлемі жөнінен 23-орын, экспорттың көлемі жөнінен 49-орын алады.

Қазақстандық экспорттың негізгі тармағы — мұнай және мұнай өнімдері, минералдар мен минералдық шикізаттар, металдар, мақта, радиоактивті шикізаттар, текстиль және текстиль бұйымдары, арзан металдар мен одан жасалатын бұйымдар.

Ал Австриядан азық-түлік өнеркәсібінің өнімдері, алкогольді және алкогольсіз ішімдіктер, темекі, машиналар, электротехника бұйымдары мен құрал-жабдықтар әкелінеді.


Австриялық банктер Қазақстанда бүгінге дейін кеңінен таралды

2001 жылы қазақстандық «Тұран Әлем Банкінің» 10 пайыз акциясын иемденген «Райффайзен Интэрнэшнэл» банкі Қазақстандағы бірқатар жобаларды қаржыландырып келеді. «Райффайзен Интэрнэшнэл» банкі қазақстандық екінші деңгейлі банктердің акциялық пакеттерін иеленуге мүдделі, сол үшін келіссөздер жүргізуде.

Қазақстандық қор биржасының арнайы сатылымында «Австрия Кредитэсталт AG» банкі «АТФ» Банк акционерлік қоғамының 91,8 пайыз акциясына ие болды.

2007 жылғы қыркүйектің соңында қазақстандық «KASE» қор бижасы мен Венаның «Вайнер Борс AG» қор биржасы іскерлік байланыс меморандумына қол қойды.


Құқықтық саладағы ынтымақтастық

2008 жылдың маусымында Қазақстанның Бас прокуроры Рашид Түсіпбеков Австрияның федералды әділет министрі М.Бергермен келіссөз жүргізіп, онда екі елдің құқық қорғау органдарының ынтымақтастығын дамыту, Қазақстанның қылмыстық сот істері саласындағы еуропалық конвенцияға қосылу мәселелерін талқылады.

Кездесу соңында екі жақ меморандумға қол қойды. Бұл қазақстандық ресми ведомстволардың мәліметтері. Бірақ Австрияда саяси қуғында жүрген Қазақстан президентінің басты қарсыласы Рахат Әлиев Р.Түсіпбековтің өзін алып кетуді көздеп келгенін айтады.

Рахат Әлиев пен оның жақтастарының ұзақ жылға сотталуының саяси астары бар. «Рахатгейт» ісі бойынша аты-жөні мен саны белгісіз көптеген азаматтар сотталды.

Сонымен, Австрия президенті келе ме, жоқ па?

Бұл сұраққа қазір «сапар кейінге қалдырылды» деген ғана ресми жауап бар. Және сапардың шамамен қай уақытқа жылжытылғанын ешкім айта алмайды.

Австрия президентінің сапары кейінге қалдырылған қарсаңда Венада «Рахатгейтке» байланысты ұзақ жылға сотталған, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаевты ұрлап әкетуге әрекет жасалды. Қазақ оппозициясының веб-сайты бұл іс бойынша бұрынғы Германия демократиялық республикасы арнайы қызметінің үш агенті тұтқындалғанын айтады. Кейбір оппозиция басшылары Австрия президенті өз мемлекетінің аумағындағы тыңшылық жанжалдарға байланысты сапарын кейінге қалдыруы мүмкін деген болжамдар жасаған.

Әлнұр Мұсаев пен Рахат Әлиев бұл жанжалға түсінік беруден бас тартып отыр, әзірше Австрия үкіметі тарапынан тергеу жұмыстары жүргізілуде. Қазақстандық сот төрелігінің дәлелдерін саяси және біржақты деп таныған ресми Вена Ә.Мұсаев пен Р.Әлиевті Астанаға қайтарудан бірнеше рет бас тартты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG