Accessibility links

«Үздік коммент» байқауының алғашқы жүлдегерлері


Әр аптаның соңында Азаттық радиосының сайтында «Үздік коммент» байқауының жеңімпаздары анықталып отырады. Редакция жүлдені үш номинация – «тұрақты», «салмақты» және «тапқыр» коммент жазушы деп бөліп, жеңімпаздарға МР-3 форматында CD табаққа түскен Абайдың қара сөздерін тарту етеді.


«Үздік коммент» байқауына сый ретінде тағайындалған Азаттық радиосының жобасы 2003 жылғы наурыз айында пайда болған еді. Азаттықтың әуе толқынына шыққан «Тіршілік» атты бағдарлама авторы Сағат Батырхан хабардың ішінде көтерілген мәселелерді Абайдың пәлсапасымен үндестіріп, қара сөздерімен қорытындылап отыруды ұйғарады.

Редакция Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен балалар театрының актрисасы Гүлжамал Қазақбаеваның дауысы «Қара сөздерді» эфир арқылы тарату үшін ең қолайлы үн деген тоқтамға келеді.

- Гүлжамал Алматыдағы Азаттықтың бюросына апта сайын келіп, Абайдың әрбір «Қара сөзін» мәнерлеп, байыппен баптап оқып кететін. «Қара сөздер» Азаттықтың алтын сандығындағы таусылмас қазынасындай сақталып қалды. Кей жылдары тыңдармандардың сұрауымен эфирден бірнеше рет қайталап берген уақыттарымыз да болды, - деп еске алады Сағат ханым.

ҮЗДІК КОММЕНТАТОРЛАР

Сонымен редакция шешімі бойынша төмендегі оқырмандарымыз «Үздік коммент» байқауының осы аптадағы жеңімпаздары болып танылды.

1. «Тұрақты» коммент жазушы – ТӘКЕҢ деген лақап атпен пікір қосқан оқырман.

Тәкең - тек қана тұрақты коммент жазушы емес, сонымен қатар Азаттықтың «Хабар – сізден» мультимедиалық жобасына да белсенді түрде қатысып жүрген қадірлі оқырмандарымыздың бірі.

Осы апта Тәкеңнің әр түрлі тақырыптағы мақалаларға жазып қалдырған құнды пікірлерінің ішінен таңдап алғанымыз «Жұмыртқа лақтырып аты шыққандар билікпен байланысы жоқ екендігіне сендіруге тырысты» деген мақалаға орай жазылған төмендегі пікірі:

«Ия... дарынды актриса Гүлбахрам жеңгей «Президент сайлауы» атты бұл спектакльде өзінің ролін жеріне жеткізе сомдады. Бірақ, желтоқсаншы келіншектің образын көкпеттендіріп жібергені сәл артық!

Театр сыншысы ретінде актрисаға алдағы уақыттарда да шығармашылық табыс тілеймін. Ал ел алдына енді ғана шығып сахнада бағын сынап жүрген Талғат бауырма әлі де болса ізденіп актерлық мамандықты тереңірек меңгеріп зерттеп білуі керек сияқты. Мына ойыны кәсіби шеберліктен тым алыс жатыр.

Бірақ қойылымның режисеры өзінің дарынсыздығын көрсетіп, абройын айрандай қылып төгіп алды. (Режиссерлардың құлағына алтын сырға) Алдағы уақыттарда мұндай ел қызығарлық қойылымдарды сахнаға алып шығарда әбден жеріне жеткізіп пісіріп, мың ойланып толғанып алу керек».

2. «Салмақты коммент» жазушы – КӨПКӨРГЕН деген лақап атпен пікір қосқан оқырман.

Ол «Бұқаралық ақпарат құралдары және «...өсек-аяң мен арандату» деген мақалаға орай мынадай пікір қалдырыпты:

«ҚР-ғы әр азаматтың бойында елге деген жанашырлық болмайынша жағдай қиын. Жанашырлықты келімсек және өзге ұлт өкілдерінен күтуге болмайды. Ұрлап жейтіндерге "Әй! дейтін әже, Қой! дейтін қожа" қазақ болмайынша жемқорлықты жеңу мүмкін емес. Қазақтар клан, тамыр-таныстық, ел-аймаққа бөлінеді деген сөздерді дәрменсіз биліктегілер ойдан ойлап шығарған лақап сөздер. Түк көрмеген қаранғы ортадан шыққан саран басшы адамдар елді құрдымға апарады. Елімізді Құдайдын өзі сақтасын!»

3. «Тапқыр коммент» жазушы – АРЫС деген лақап атпен пікір қосқан оқырман.

«Қытайда алтыншы жалпыұлттық халық санағы өтіп жатыр» деген мақалаға орай жазылған төмендегі пікірі үшін.

«Біздегі сол халық санағы 2 жылға жуықтады, әлі нақты қорытындысы жоқ. Ал қытайлықтардың санын білу үшін кем дегенде 20-30 жыл керек шығар деген ой кетпей отырғаны...»

Үздік коммент иелері сыйлықтарын Азаттық радиосының Алматыдағы бюросынан келіп алып кетсе болады. Коммент қалдырғанда көрсеткен электронды пошталарын жазып (дәл сол оқырман екенін нақтылау үшін), мекен-жайларын жіберсе, пошта арқылы да салып жібереміз. Жүлдені редакциямыздан басқа адам арқылы да алдыртуға болады. Ондай жағдайда да келген адам жүлдегердің электронды поштасын растауы тиіс.

Жүлделеріңіз құтты болсын!
XS
SM
MD
LG