Accessibility links

Азаттық радиосының сайтындағы «Үздік коммент» байқауының осы аптадағы жеңімпаздары анықталды. Редакция жүлдені үш номинация – «тұрақты», «салмақты» және «тапқыр коммент жазушы» деп бөліп, жеңімпаздарға МР3 форматында CD табаққа түскен Абайдың қара сөздерін тарту етеді.

Сонымен, редакция шешімі бойынша, төмендегі оқырмандарымыз – «Үздік коммент» байқауының осы аптадағы жеңімпаздары.

1. «Тұрақты коммент жазушы» – Иілмеген қазақ деген лақап атпен пікір қосқан оқырман.

Ол кісінің «Нури Муфтахтың қаза болғанына 8 жыл өтті» деген мақалаға орай жазылған мына пікірін ұсынып отырмыз.

«Жақында Жаңаөзендік мұнайшылардың жетекшілерінің бірі Төкеновті де машина қағып кетті. Билік оппозицияға қарсы жарияламаған соғысын тынбастан жүргізіп келеді, бұған қашан тосқауыл болар екен? Қырғызстанда халыққа қол көтергендер сот алдында жауап бере бастады, бізде де сол болады ғой. Бірақ неғұрлым тез болса, соғұрлым шығын да аз болар еді».

2. «Салмақты коммент жазушы» – Аты-жөні көрсетілмеген оқырман.

Бұл оқырманымыз «Қазақстанда мұнайдан түскен табысты неге жұрттан жасырады?» деген тақырыпта өткен дөңгелек үстелге байланысты мынандай пікір айтыпты:

«Осыдан кейін ұлттық қарызымыз одан сайын көбейе береді, ал оның өсім пайыздары біздің Ұлттық қорымыздың өсім пайыздарынан үш есе көп. Егер Своиктың осы айтқан пікірі рас болса, қазақтың ертеңгі күнінен еш қайыр күтпей-ақ қойыңыздар. Грецияның кебін кигеніміз осы! Oффшор арқылы ұрланып жатқан қаржыларды қайтаруды талап ету керек!»

3. «Тапқыр коммент жазушы» – Ауылдың қазағы деген лақап атпен пікір қосқан оқырман.

Ауылдың қазағы – бұған дейін сайтымыздағы мақалаларға қатысты өз ойын қызу білдіріп, әңгімеге қозғау салып, пікірталастың көрігін қыздырып жүрген белсенді азамат. Ол кісінің көп пікірінің арасынан «Құрбан айттан президентке дейін» деген мақалаға орай айтылған мынандай қысқа да нұсқа сөзін ұсынғанды жөн көрдік:

«Үстіңгі суреттегі бауыздауға әкетіп бара жатқан бейшара қой мына біздерге – қазақ ұлтына қатты ұқсайды екен».

Үздік коммент иелері сыйлықтарын Азаттық радиосының Алматыдағы бюросынан келіп алып кетсе болады. Коммент қалдырғанда көрсеткен электронды пошталарын жазып (дәл сол оқырман екенін нақтылау үшін), мекен-жайларын жіберсе, пошта арқылы да салып жібереміз. Жүлдені редакциямыздан басқа адам арқылы да алдыртуға болады. Ондай жағдайда да келген адам жүлдегердің электронды поштасын растауы тиіс.

Жүлделеріңіз құтты болсын!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG