Accessibility links

Әблязов ісінде тергеу аяқталды, бірақ айып тағылғандардың кімдер екені айтылмайды


БТА банктің логотипі

БТА банктің логотипі

Кезінде Мұхтар Әблязов басқарған БТА банкіне қатысты іс прокуратураға берілді. Алайда ресми мәліметте істегі 12 айыпталушының нақты кімдер екендігі аталмайды.

ТОҒЫЗ ТОНАУШЫЛЫҚ ЭПИЗОДТАН ТҰРАТЫН ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС

6 тамыз күні Алматы қалалық прокуратурасы БТА банкі мен Темірбанктегі тонау делінетін фактісі бойынша қылмыстық істің алдын ала тергеуі аяқталғандығын өз сайтында хабарлады.

«Тексеру нәтижесі бойынша прокуратура тағылған айыптар көлемімен, сондай-ақ айыпталушылардың әрекеттерінің сипатымен келісті. Жауапқа тартылған кісілерге, атап айтқанда Мұхтар Әблязов пен Жақсылық Жәрімбетовтердің басшылығымен ұйымдасқан қылмыстық топқа, БТА банкі мен "Темірбанктің" қаржылай мүлкін талан-таражға салған, кейін ұрланған ақшаны заңдастырып алған деген айып тағылып отыр», - делінген прокуратураның ақпаратында.

Сонымен қатар, Мұхтар Әблязов пен Жақсылық Жәрімбетовке және басқа да айыпталушыларға қатысты қылмыстық іс дербес өндіріске алынғаны хабарланды.

Бұдан бөлек, прокуратура істің 9 тонаушылық эпизодтан тұратындығын және оны жүзеге асыру үшін олардың әрқайсысына 9 түрлі арнайы фирма құрылған, сондай-ақ талан-таражға салынған қаржы 83 млрд теңгеден асады деп хабарлады.

«Іс бойынша 12 кісі айыпталушы қатарына жатқызылған, соның ішінде аталған банктердің басқармасы мен несие комитеттерінің бұрынғы 6 өкілі, тонаушылық әрекетті жүзеге асыру үшін қолданылған компаниялардың 6 жетекшісі бар» делінген прокуратура таратқан ақпаратта.

Алайда прокуратура мәліметінде 12 айыпталушының нақты кімдер екендігі аталмайды. ҚР Бас прокуратурасы Тіл саясаты және ақпарат басқармасының баспасөз хатшысы Нариман Бекназаров 7 тамыз күні Азаттық радиосына:

«Бұл ақпаратты анықтау үшін Сіз маған жазбаша ресми сұрау салуыңыз керек. Менің өзімде мұндай ақпарат жоқ болғандықтан, сауал өндіріске алынып, атқарушыға жолданады» деді. Сонымен қатар, прокуратура өкілі ресми хаттың түпнұсқасы керек екендігін де қосымша ескертіп өтті.

Айта кетерлік жайт, Азаттық радиосы ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәмидің атына шілденің 27-і күні хат жолдаған болатын. Хатта БТА банкі ісі бойынша қамауға алынғандар кімдер, бостандыққа жіберілгендері кімдер, сондай-ақ олардың есімдері неге жарияланбай отырғандығына жауап беру сұралған еді. Содан бері екі аптаға жуық уақыт өткеніне қарамастан, бас прокурорға жолданған сұрақтарға жауап келмеді.

БТА БАНКІ ДАУЫНЫҢ ДЕРЕГІ

Бұған дейін ҚР Бас прокуратурасы БТА банкінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязовқа, банктің бұрынғы басқарма төрағасы Роман Солодченкоға, басқарма төрағасының орынбасары Жақсылық Жәрімбетовке, банктың корпоративті бизнес басқармасының бұрынғы басшысы Вероника Ефимоваға, сондай-ақ Әблязовпен сыбайласқан делінетін фирманың басшысы Болат Кәрімовке және тағы бірнеше кісіге халықаралық іздеу жариялаған болатын.

Тамыз айының басында Мәскеу қаласында БТА банкінің корпоративтік бизнес басқармасының басшысы Вероника Ефимова ұсталғандығы хабарланды.

Сонымен қатар, бұған дейін БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтың жиені Тайыр Дүйсенбековті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеушілері биыл 2 наурызда ұстап, оған қарсы «алаяқтық жасаған» деген айып тағылғаны хабарланған еді. Бас прокуратура «Agento–S» бағалау компаниясының директоры Тайыр Дүйсенбеков БТА банкінің қаржысын талан-таражға салу мақсатында Мұхтар Әблязовпен қылмыстық байланыста болған деген күдікпен айыпталатындығын жариялаған болатын.

Тамыз айында Тайыр Дүйсенбеков кепілге 8 мың доллар қою арқылы босатылған. Төрт айдан астам уақыт Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысында отырған Әблязовтың жиені Тайыр Дүйсенбеков, сондай-ақ бұған дейін бірнеше мәрте баспасөз конференциясын өткізіп, Азаттық радиосына арнайы сұхбат берген Шолпан Әблязова да соңғы бір айдың көлемінде Азаттық радиосының сауалдарына бірнеше мәрте жауап бермеді.

Соңғы рет Шолпан Әблязоваға хабарласқанымызда, оның телефонын ұлы - Тайыр Дүйсенбековтің өзі көтеріп, сөйлесуге уақыты жоқтығына байланысты кейін хабарласуға уәде берген-ді. Алайда Тайыр Дүйсенбеков радиоға қайта хабарласқан жоқ.

2009 жылғы 2 ақпан күні Астанада өткен үкімет отырысында бас министр Кәрім Мәсімов Қазақстанның Қаржылық мекемелер және қаржы нарығын бақылау мен реттеу агенттігінің шешімімен «БТА Банк» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы Мұхтар Әблязов пен басқарма төрағасының бірінші орынбасары Жақсылық Жәрімбетов атқарып отырған қызметтерінен кетірілгенін хабарлады.

«Банк басшылығы іс-әрекеттері қазіргі заңдылық талаптарына және салымшылар мен банк кредиторларының мүддесіне сай еместігіне байланысты қызметтерінен босатылғанын» айтты К.Мәсімов.

БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов бұдан кейін Қазақстанды тастап кетуге мәжбүр болды.

Наурыз айында Қазақстанның құқық орындары Мұхтар Әблязовтың мүлкі деп есептелген үш ұшақты, Алматыдағы бірқатар ғимараттарды, 14 аутокөлік пен 10 миллион доллар мөлшеріндегі қолма-қол ақшаны тәркілеген болатын. Қуғынға ұшыраған кәсіпкер өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды.
XS
SM
MD
LG