Accessibility links

Америкалық Lehman Brothers банкінің тақырға отыруынан басталған әлемдік қаржы дағдарысына қазақстандық ірі банктер әзір дейді жергілікті банк өкілдері.

Қазақстандық сарапшылардың пікірінше, жергілікті банктер әлемдік қаржы дағдарысымен бетпе-бет кездесуге дайын. Өйткені, қазақстандық қаржы саласы дағдарыс кезеңінде не істеу керектігін жақсы біліп қалды. АТФ Банк Басқармасының төрағасы Александр Пикердің айтуынша, дәл қазіргі жағдайда жергілікті банктер қауіптен сақтану шараларының барлығын тиімді қолданып отыр.
- Біздегі ірі банктер әлемдік дағдарыстың салдарынан тақырға отырып қалады деп ойламаймын. Қазір олар қорғаныс тетіктерін дер кезінде іске қосты. Қаржы тепе-теңдігін сақтап, қиыншылық туғызатын несиелермен жұмыс істеп жатыр. Яғни, осындай жағдайда атқарылатын шаралардың бәрін қолға алды. Менің пікірімше, қазақстандық банктер бұл дағдарысқа қарсы тұруға дайын.
Сонымен қатар, қаржыгерлер америкалық Lehman Brothers инвестициялық банктің құрдымға кетуінен Қазақстанның қаржы секторы шығынға ұшырамайды деп есептейді, бірақ жанама зиянын тигізуі заңды құбылыс.
Александр Пикер, АТФ Банк басшысы: Қазақстандық банктер бұл дағдарысқа төтеп беруге дайын. Алматы, 18 қыркүйек 2008 ж.
- Бірінші кезекте несиені пайдасыз салаларға бөлген банктер ұтылады. Мысалы, құрылыс секторы. Үкімет бұл саладағы дағдарыстың бірінші кезеңі артта қалғандығын жариялады. Яғни, банктер үшін аса қауіпті емес. Қазіргі жағдайда, мәселен, Lehman Brothers құнды қағаздарын алғандар оңбай ұтылып жатыр. Портфелінде аталған компанияның акциясы бар тұлға бәрінен айырылды деген сөз. Бізде мұндай қағаздарды сатып алғандар жоқ, - деді Александр Пикер.
Қазіргі таңда әлемдегі ірі несие беруші банктер дамушы елдерге қарыз беруін күрт азайтты. Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, Қазақстан шетелден қарыз алу жөнінен әлемде 9-шы орында. ҚР Қаржы бақылау агенттігінің мәліметі бойынша, 2008 жылы жергілікті банктердің қарызы 17 млрд доллар болды. Сарапшылардың пікірінше, қаржы дағдарысы жағдайында шетел инвесторлары қарыз беру жағын біршама азайтады. Осы тұрғыдан алғанда, шетелдің арзан несиесіне мұқтаж қазақстандық бірқатар банктер кейбір қиыншылықтарға тап болуы мүмкін. Бірақ оның өзін аса күрделі мәселе деп айтуға болмайды.
- Бұған дейінгі дағдарыстарға Қазақстан дайын емес еді. Бірақ жергілікті Үкімет осы бағытта көп жұмыс атқарды. Қазір жағдай түзеліп келе жатыр. Яғни, қазақстандық банктердің жыл көлеміндегі атқарған жұмыстарының жемісі бар деген сөз. Әрине, қазір олар өздеріне шетел қаржысын тарта алмайды. Халықаралық рынокта несиеге талап жоғарылап кетті. Алайда қосымша қаржысыз күн көру тіршілігін банктер бір жылдан астам уақыт бұрын бастаған еді, - деді RBS банкінің Басқарма төрағасы Руди Гирдинк.

Қазіргі таңда Қазақстанда 35 банк жұмыс істейді. Банк жүйесіндегі барлық капиталдың 97,7 пайызы 20 ірі банктердің қолында.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG