Accessibility links

Борышкерлер Банк «Каспийский» кеңсесіне талаппен келді


Борышкерлер "Банк "Каспийский" акционерлік қоғамының алдына жиналып, талаптарын айтты. Алматы, 13 қараша 2008 ж.
Борышкерлер "Банк "Каспийский" акционерлік қоғамының алдына жиналып, талаптарын айтты. Алматы, 13 қараша 2008 ж.

13 қарашада «Банк «Каспийский» акционерлік қоғамының алдына келген «Халыққа баспана қалсын» қозғалысының өкілдерін қабылдаған банк басшылығы борышкерлердің талабын ескеруге уәде етті.

Қаржы дағдарысының салдарын Қазақстан қоғамында алғаш сезінгендердің бір бөлігі – борышкерлердің басын біріктірген «Халыққа баспана қалсын» қозғалысы елдегі коммерциялық банктерге талап табыс ету акциясын жалғастыруда.

Бұған дейін Алматыда 8 банктың алдына талаппен барған қозғалыс өкілдері бейсенбі күні Алматыда «Банк «Каспийский» акционерлік қоғамының бас кеңсесінің алдына жиналды. Олар дағдарысқа байланысты қаржы қиындығына тап болған банк борышкерлерінің кезінде осы банктен алған несиелерін қайтару мерзіміне уақытша үзіліс беруді сұрап келді.

Әуелгіде банк басшылығы осында жиналған 40 шақты қозғалыс мүшелерінен 8 адамға және борышкерлердің өтініші бойынша Азаттық радиосының тілшілеріне ғимараттың ішіне кіруіне рұқсат етті. Бірақ, банктың басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе әңгімені тек қозғалыс өкілдерімен өткізуге ықылас білдіріп, оған баспасөздің қатысқанын қаламайтынын айтқан соң, Азаттық тілшілері сыртқа шығуға мәжбүр болды.

Жабық есіктің ар жағында бір сағатқа жуық созылған кездесуден соң сыртта тұрған жұрттың алдына шыққан Ломтадзе мырза борышкерлер проблемасына байланысты шешім қабылдарда «Халыққа баспана қалсын» қозғалысының атынан айтылған өтінішті ескеруге уәде етті.


«Халыққа баспана қалсын» қозғалысы банктен несие мерзіміне байланысты үзіліс беруін сұрағандағы негізгі үміті - осы айдың басында үкімет қаулысымен құрылған Стрестік активтер қорында. Қор толыққанды жұмысқа кіріскеннен кейін әлгі борышкер азаматтардың несие проблемасын жеңілдетуге мүмкіндік туады деп үміттенеді олар.


Алайда, 52 млрд. теңге бастапқы капиталмен толықтай мемлекет қаржысынан құрылатын Стрестік активтер қорының жұмыс құрылымы әлі күнге нақтыланбағанын айтады «Халыққа баспана қалсын» қозғалысы жетекшісінің орынбасары Николай Комаров:


- Біз ол Қордың қалай жұмыс істейтінін сұрап Қаржы министрлігіне де, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігіне де сауалмен бардық. Бірақ олардан ешкім жауап бере алмады. Біз жолыққан банк жетекшілері де ол қордың жұмысы қалай жүргізілетінін білмейтіндерін алға тартты. Ал, бүгінгі жиналған мына жұрт осы қорға үміт артып отыр.

«Халыққа баспана қалсын» қозғалысы алдағы уақытта тағы да бірнеше банктерге борышкерлер проблемасына байланысты талаптарын табыс етпекші.

Бұл туралы видеоны қараңыз:

  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG