Accessibility links

Қазақстандық Илья Ильин – Олимпиада жеңімпазы!


Бейжіңдегі ХХІХ Жазғы Олимпиада ойындарында бүгін қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин жиынтық есепте 406 келі салмақты көтеріп, чемпион атанды.

Штанга көтеруден 94 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен 20 жастағы Илья Ильин жұлқа көтеруден 180 кг, сілтей көтеруден 226 кг салмақты басынан асыра ұстап, жиынтық 406 келі салмақпен бақталастарынан озды. Күміс жүлдені Польша атлеті Симон Колески, қола медальды Ресей спортшысы Қажымұрат Аққаев иемденді.
Осы уақытқа дейін әлемнің екі дүркін чемпионы атанып үлгерген Ильин алғаш рет 17 жасында штангадан дүниежүзілік рекордты жаңартып, әлем жеңімпазы болған танымал спортшы.
Бүгін сондай-ақ, әйелдер арасында еркін күрестен 63 келіге дейінгі салмақта белдескен қазақстандық Елена Шалыгина үшінші орын үшін өткен айқаста француз Лиз Гелье Леграннан күш асырып, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдесін иеленді. Бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі Бақыт Сәрсекбаев 69 келіге дейінгі салмақта Өзбекстандық Дильшод Махмудовты 12:7 есебімен жеңіп жартылай финалға шықты.

Сөйтіп, әзірге Қазақстан құрамасының еншісінде 1 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль бар.
XS
SM
MD
LG