Accessibility links

Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Алматыинвестстрой» ЖШС-нің бір топ қызметкерлеріне «үлескерлерді алдады» деген айып тақты. Былтыр компанияның президенті осыған байланысты жауапқа тартылған.

Алматы қаласының тұрғыны Наталья Сидорович пәтер салып беруге уәде еткен «Алматыинвестстрой» құрылыс компаниясы өзін алдап кетті дейді:

- Біз сәйкесінше келісім-шартқа қол қойдық. Мен алдын ала салынатын пәтердің 75 пайызын, яғни 3 млн 19 мың 200 теңге төледім. Келісімде бекітілгендей бір бөлмелі пәтер Төле би мен Мұқанов көшелері қиылысында салынып, 2005 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілуі тиіс болатын. Компанияның әу баста-ақ қимылы баяу болды. Біз оларға құрылыстың қашан басталатындығы турасында сұрағанда, әзірше құжаттар даяр еместігін, жақын арада басталатындығы туралы айтып, уәдені үйіп-төкті. Ал 2007 жылы көктемде олардың кеңселері жабылып қалды.

Ақпарат бойынша, 2003 жылы құрылған «Алматыинвестрой» компаниясы құрылғанынан бері үлескерлерден ақша жинап алғанмен бірде бір құрылыс нысанын салмапты. Соған қарағанда әу бастан-ақ, компанияның алдына қойған мақсаты тұрғын үй салу емес, халықтан ақша жинап алу болса керек деп болжайды үлескерлер. Компанияның көп уақыт бойы заңсыз жұмыс істеп келгенін құқық қорғау орындары қалайша байқамаған деп таң қалады үлескер Наталья Сидорович:

- Біз өткен жылы компания басшысын жауапқа тартқан кезде соттағы құжаттармен таныстық. Сондағы құжаттардан-ақ компания меншігіндегі жер телімдері түсініксіз себептермен бір компаниядан екінші, одан тағы басқа компаниялардың меншігіне өткендігі көрініп тұр. Мұндай алдау әрекеттерінің артында қылмыстық топ тұрғаны айқын.

Ал жақында компанияның алаяқтық әрекеттеріне байланысты тағы қылмыстық іс қозғалды деп хабарлайды ҰҚК-інің баспасөз қызметі.

- Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде компания басшысымен сыбайлас болуы мүмкін 5 қызметкер анықталды. Аталған азаматтар өз қалталарын толтыру мақсатында тұрғын үйлерді сату-сатып алу туралы жалған келісім-шарттар жасасқан екен. Осылайша олар әлі салынбаған, жоспарда тұрған 6 тұрғын үйді салынды деп сатып үлгерген. Осылайша 182 үлескерді алдап, ақшаларын жинап алғаны белгілі болып отыр. Осындай алаяқтық жолмен бұл топ 1 млрд 209 млн теңге заңсыз жолмен алған, - деді ҰҚК-інің баспасөз хатшысы Болатбек Төлетаев.

«Алматыинвестстрой» компаниясы үлескерлерінің мәселесін шешу ісімен бұған дейін Алматы қалалық қаржы полициясы да айналысты. Биылғы 30 шілдеде қалалық прокуратура шешімімен компания басшысына қарсы қозғалған қылмыстық істі жалғастыру ҰҚК-іне тапсырылды. Бүгінде қарызға белшесінен батып отырған үлескерлерді толғандырып отырған басты нәрсе - берген ақшаларын қайтарып алу. Ал бұған үлескерлердің бірі сенсе, бірі сенбейді.

Бұлардың барлығының тым созылып кеткеніне қарап, олардың ақшаны қайтарып беретіндігіне үміт жоқ. Мүмкін, Үкімет бұған назар аударып, қайткенде 180 үлескерге қандай да бір көмек беретін шығар, - дейді үлескер Наталья Сидорович.

Халықаралық «Адам құқығын қорғау хартиясы» қоғамдық қорының директоры Жеміс Тұрмағамбетова бұл жердегі басты нәрсе үлескерлердің мүддесі мен құқықтарының қорғалуы дейді:

- Тіпті, кінәлілердің барлығы ұсталып, қылмыстары дәлелденіп, жауапқа тартылған күннің өзінде үлескерлердің мәселесі шешіле ме, шешілмей ме, басты нәрсе осы. Бұл жердегі маңызды нәрсе - үлескерлердің заңды төлеген қаражаттарын қайтару, оларды үймен қамтамасыз ету, көмек көрсету

Қазіргі таңда «Алматыинвестстрой» ЖШС-інің үлескерлерінің нақты саны жөнінде ақпарат жоқ.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG