Accessibility links

«Қазақ мұнай-газ институты» акционерлік қоғамының және «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының бүрынғы басшысы Серік Бүркітбаевқа айып тағылып, оның ісі сотқа берілді.

«Бүркітбаевтың ісі сотта жатыр. Оған экономикалық баптарға қатысты айып тағылып отыр. Ал, соттың өзі жабық режимде өтуде» деді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз хатшысы Кенжеболат Бекназаров сәрсенбі күні Астанада өткен баспасөз мәжілісінде.
Осыған дейін Қаржы полициясы "Қазақ мұнай және газ институты" АҚ-ның бұрынғы басшысына қарсы бірқатар фактілер бойынша алдын-ала тергеу амалдарын жүргізген болатын. Ал, Қазақстан президентінің шет елде бас сауғалап жүрген бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев болса Бүркітбаев құпия қамауда отыр деп мәлімдеген-тұғын. Желтоқсанның 2 сі күні экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі жетекшісінің орынбасары Рүстем Ибраимов бірнеше қылмыстық істің Ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілгенін хабарлаған.
Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі жетекшісінің орынбасары Рүстем Ибраимов хабарлағанындай олар "Қазақ мұнай және газ институты" АҚ-ның бұрынғы басшылығының Алматы облысы, Талғар ауданының Солдатское сайындағы 100 гектар жерді сатып алғаны және жалпы ауданы 1200 шаршы метр ҚМГИ-дің әкімшілік ғимаратын төмендетілген бағамен сатқаны туралы істер.

- Қазір бұл қылмыстық істерді Бас прокуратура ҰҚК-не берді. "Қазақ мұнай және газ институты" АҚ-ның бұрынғы басшысы Серік Бүркітбаевтың қатыстылығы мәселесін енді ҰҚК-нің тергеушілері тексеретін болады, - деп түсіндірген 2 желтоқсан күні ҚазТАГ агенттігіне Рүстем Ибраимов.

Мұнан басқа да қаржы полициясының алдын-ала тергеу - зерттеуі барысында "Қазақ мұнай және газ институтының" басшылығы бес бірдей зерттеу-жобалау институына инженерлік жобалар бойынша тапсырыс берген, ал іс жүзінде өздеріндегі архивтік құжаттарды пайдаланған. Сөйтіп мемлекетке 2,4 миллиард теңге зиян келтірілген, - деп атап көрсеткен Ибраимов, бұл қылмысқа Серік Бүркітбаевтың қатысы болуы мүмкін екендігіне тоқталған еді.

Сол уақытта Қазақстанның ҰҚК бұл іс бойынша БАҚ-на ешқандай түсініктеме бермеді. Ал баспасөзде бірқатар жоғары лауазымды шенеуініктер секілді Бүркітбаев та "Әлиевтің ісі" бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылуда деген әңгімелер айтылды.
Ол айтылғандар бойынша Серік Бүркітбаев "Қазақтелеком" компаниясының басшысы болып тұрған кезінде Рахат Әлиевке телефон тыңдауларын жүзеге асыратын арнайы құрал-жабдық беріп, Әлиевтің тобындағыларға ол жабдықтарды қалай қолдануға болатынын көрсеткен көрінеді.

Серік Бүркітбаев осы жылдың мамыр айында "ҚазМұнайГаз" компаниясының басшысы болып тағайындалған еді, алайда іле-шала, тамыз айында ол бұл қызметтен босатылды.

Оған дейін Бүркітбаев әр жылдары "Қазинформтелеком", "Кателко", "Қазақтелеком" компанияларын басқарып, көлік және коммуникация министрі, "Самғау" ұлттық ғылымы-технологиялық холдингінің төрағасы міндеттерін атқарып, Қазақстан президентінің көмекшісі және кеңесшісі де болды.
XS
SM
MD
LG