Accessibility links

Серік Бүркітбаев үйқамақта отыр ма?


Қазақстандық кейбір басылымдар «ҚазМұнайГаздың» бұрынғы президенті Серік Бүркітбаевтың тұтқындалғандығы туралы ақпарат жариялады. Алайда заң орындары әзірге үнсіз отыр.

Ресми органдар басылым беттерінде Серік Бүркітбаевқа байланысты айтылып жатқан ақпаратты әлі жоққа шығарған да, растаған да жоқ. Кеше «Қаз ТАГ» ақпарат агенттігі Серік Бүркітбаевтың қол телефонына қоңырау шалған адамға ұлттық компанияның бұрынғы президентінің өзі емес, әйел адамның жауап бергенін хабарлады.
Бүгін «Время» басылымы құқық органдарының бірінде қызмет істейтін ақпарат көзіне сілтеме жасап, ұлттық компанияның бұрынғы президентіне қарсы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Қылмыстық кодекстің 176-шы бабы бойынша қылмыстық іс қозғағаны туралы ақпарат таратты. Мақалада Серік Бүркітбаев қазір үйқамақта отыруы мүмкін деп жазылған.

Газеттің жазуынша, Серік Бүркітбаевқа "сеніп тапсырылған өзгенің мүлікін жеке бас пайдасына жаратып, талан-таражға салған" деген айып тағылған. Сондай-ақ, мақалада Серік Бүркітбаев «Қазақтелекомның» басшысы қызметін атқарып жүріп, Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевке телефондарды тыңдайтын арнайы құрал-жабдықтарды беріп, жақын адамдарына оны қалай пайдалануға болатынын көрсеткен деген айып тағылуы ықтимал деген болжам айтылыпты.

«Ал қаржы полициясы тергеушілерінің болжамы бойынша, Бүркітбаев мемлекеттік мүлікті тонаудағы ең басты күдікті. Бұл жерде Алматы облысының Талғар ауданындағы «Наукоград» құрылыс кешеніне бөлінген қаржыны заңсыз пайдаланғаны әңгіменің арқауы болып отыр», - деп жазады мақала авторы.
Серік Бүркітбаев тамыз айының ортасында "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басшысы қызметінен алынған соң, бұл шенеунік жөнінде қазақстандық газеттердің басым бөлігінде түрлі әңгімелер қозғалды. Солардың кейбірінде Қазақстандағы әлеуметтік және экономикалық салалардағы дағдарыстарға байланысты Премьер-Министр Кәрім Мәсімов өз қызметінен кетіп, оның орнына Серік Бүркітбаев баруы мүмкін деп айтылды. Екінші бірінде, билік басында болған бір топтың меншігін мемлекетке қайтаруға машықтанған оны проблемасы мол аймақтардың біріне жіберуі ықтимал деп, Қазақстанның ғарыш саласының ақсап тұрғанын мысалға келтірді. Сондай-ақ Бүркітбаев белгілі бір топтың меншігін қайтарды деп, кезінде қазақстандық көптеген сарапшылар Рахат Әлиевпен байланыстырған «Маңғыстаумұнайгаздың» басқарушы акциясын «ҚазМұнайГаздың» иеленгенін атап жазған еді.
Ал қазақстандық кейбір сарапшылар бүгінгі таңда Бүркітбаевқа байланысты туындап отырған әңгіменің бір ұшын ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасында болған мәселелермен байланыстырады. Саясаттанушы Нұржан Айдынның айтуынша, кезінде Бүркітбаевтың билік басындағы лауазымды қызметтердің тізгінін ұстауына Әкежан Қажыгелдиннің қосқан үлесі көп болды.

Одан кейін Иманғали Тасмағамбетовпен тығыз қарым-қатынаста болған Бүркітбаев Президент Назарбаевтың ортаншы күйеу баласы Тимур Құлыбаевпен жақындасқаны да айтылып жүрді. Ал оның Рахат Әлиевпен қандай байланыста болғаны белгісіз, дегенмен, кейбір сарапшылар Ақордадағы кландардың арасындағы «делдал» деп атайтын Бүркітбаев «Маңғыстаумұнайгаздың» акцияларын мемлекет меншігіне қайтаруға тікелей араласты. Сол уақытта аталмыш индонезиялық компанияның президенті С.Қырымқұлов тұтқындалғаны жайлы ақпарат тәуелсіз басылымдарда жарияланған болатын.
Өткен оншақты жылдың көлемінде Серік Бүркітбаевтың есімі әртүрлі шулы оқиғалармен оқтын-оқтын қоғам назарына ілігіп жүрді. Ел Президентінің Алматыдағы жаңа резиденциясы салынып біткен соң, сол уақыттағы «Қазинформтелеком» акционерлік қоғамының басшысы болған Серік Бүркітбаевтың ұсынысымен ол жерге жаңа телекоммуникациялық қондырғылар орнатылды.
1994 жылы Президент Н.Назарбаев өзінің резиденциясында отырып, Ресей Президенті Б.Ельцинмен телефон арқылы ресми әңгіме жүргізгеннен кейін, екі басшының сөзін белгісіз біреулердің тыңдағаны мәлім болған еді. Бүркітбаевтың ұсынысымен орнатылған шетелдік жаңа қондырғылар Президенттің бұйрығымен тексерілгенде одан тыңдау аппараттары табылған соң, әлгі қондырғылар шұғыл түрде ресейлік жабдықтарға ауыстырылғаны туралы кезінде қазақстандық ақпарат құралдарында көп жазылды.
1998 жылы Серік Минаварұлы «Қазақтелекомның» басшысы болып тұрған кезде компания үлкен шығынға ұшырады. Бір ғана 1998 жылы оның шығыны 32 млрд теңгені құрап, кірісі 23 млрд теңгеге жетті. Одан соң, Көлік және коммуникация министрі қызметін атқарған Бүркітбаевты Алматы мен Астананың арасындағы жаңадан салынған тас жолдың сапасына көңілі толмаған Президент Назарбаев 2000 жылы қызметтен босатты. Одан кейінгі екі жыл ел Президентінің кеңесшісі болған Бүркітбаев соңғы бірнеше жыл Қазақ мұнай және газ институтының директоры болып істеді.

Былтыр қаңтардың 10-ы күні Қазақстан Президентінің көмекшісі болып тағайындалған Серік Бүркітбаев үстіміздегі жылдың ақпан айында Президенттің жарлығымен "Самғау" ұлттық ғылыми-технологиялық қоры акционерлік қоғамының басқарма төрағасы қызметіне қойылды.

Ал арада бір ай өткенде Қазақстан Үкіметінің ұсынысы негізінде, мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі "Самұрық" холдингінің директорлары кеңесі Серік Бүркітбаевты «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының президенті болып тағайындау туралы шешім шығарды.

Мамырдың 30-ы күні Премьер-Министр Кәрім Мәсімов оны компания ұжымына таныстыра отырып, оның өзіне былай деген болатын:

- Серік Минаварұлы, сізге Мемлекет басшысының кезекті рет сенім артуы компания алдында, еліміздің бүкіл мұнай-газ саласының алдында тұрған тапсырмаларды шешуге көмектеседі деп ойлаймын.

Биыл қыркүйек айының 7-сі күні 51 жасқа толған Серік Бүркітбаевқа байланысты айтылып жатқан соңғы ақпараттарға қатысты Азаттық радиосының сұрағына Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі де, Ұлттық қауіпсіздік комитеті де "ол туралы ешқандай ақпарат жоқ" деген бірсарынды келте жауап қайтарды.
XS
SM
MD
LG