Accessibility links

АҚШ-та қонақта болған беларус қызы өз еліне қайтқысы жоқ

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Таня Казира Запата отбасымен бірге

Таня Казира Запата отбасымен бірге

Таня Казира Құрама Штаттарда өзі қонақ болған отбасына мейлінше бауыр басып кеткен. Сондықтан Таня өзін қонақ еткен Дебра мен Мануил Запата және олардың 3 перзентімен бірге тұрғысы келетінін мәлімдеді. “Менің нағыз отбасым - осы” деді ол.

Калифорнияның Петалума қаласында орналасқан Чернобыль балаларына арналған жоба атты қайырымдылық ұйымы оның жаздық сапарын ұйымдастырған еді. Аталған қайырымдылық қор Ирландияда ашылған болатын.

Таняның әлгі шешімі Минскде дау туғызып, мәселе Беларус және Ирландияның жоғарғы дәрежелі дипломаттары деңгейінде талқылануда.

İлкі сәтте Запата отбасын айыптаған ресми Минск енді келіп, Чернобыль апатынан зардап шеккен балалардың Батыс елдерінде демалып, емделіп қайтуына рұқсат етпейтін болып отыр.

Ирландия дипломаты осы аптада Минскідегі дипломаттармен кездесіп, әлгі тыйымдарды алып тастауға көндірмек болған-ды. Ал Беларус дипломаттары болса, жағдайды ақылдасу мақсатында Дублинге барды.

Чернобыль балаларына арналған жоба атты қайырымдылық ұйым басшысы Ади Роч:

- Чернобыль апатынан бергі 22 жыл ішінде бірнеше жүз мыңдаған балалар осы өмірлік сапар бағдарламасы бойынша Батыс елдерінде қонақта болған еді. Мақсат - Беларус балаларының денсаулығын жақсартып, олардың болашақта денсаулығы мықты ұрпақты дүниеге әкелуіне ықпал ету. Сол апаттан қатты зардап шеккен балалар Ирландия, Германия, АҚШ сияқты елдерге барып, медициналық көмек алып, демалып, күш жинаушы еді. Осы бағдарлама қауіп астында қала ма деп біз алаңдаудамыз, - деді.

Роч ханым осы аптада Ирландия сыртқы істер министрі Майкл Мартинмен кездескен болатын.
Рочтың Азаттық радиосына айтуынша, ресми Дублин қысқа мерзімдік келісім бойынша, Иса пайғамбардың туған күні мерекесін тойлаулары үшін балаларды Ирландияға жіберуді ресми Минскіден сұрап отыр. Ирландия елі ұзақ мерзімдік келісім мақсатында, балалардың саулығы және қауіпсіздігі тұрғысында Беларус елімен арнайы келісім-шарт түзбекші.

Рочтың сөзіне қарағанда, 50 мыңдай Чернобыль балалары жыл сайын Батыс елдерінде емделіп, демалып қайтады екен. Келісімге қол жеткізе алмаған жағдайда бұл бағдарламаның тоқтап қалатын қаупі бар.

Алайда Таня Казира өз райынан қайтар емес. Оны қонақ етуші Запата отбасы қызға үйде сабақ беріп отырғандарын айтып, студенттік виза жасату үшін заңгер жалдап отыр.

Таняның айтуынша, оның өз әке-шешесі - ішкілікке салынып кеткендер. Ал оның әжесі Таняның АҚШ-та қала беруіне батасын берген екен.

Ресми Минск болса Таня әлі кәмелетке толмаған, сондықтан ол өзі үшін шешім жасай алмайды деп отыр.
Бұл жағдайға АҚШ және Беларус тұрғындары әрұдай пікір айтуда. Біреулері қыздың АҚШ-та қалуын жақтаса, екіншілері оның отанына оралып, өзге балалардың Батысқа сапармен баруларына мүмкіндік жасауын сұрауда.
XS
SM
MD
LG