Accessibility links

Миллион долларға триллер түсіріледі


"Рэкетир" фильмін түсірген Ахан Сатаевтың ендігі туындысы "Адасқандар" атты көркем фильм болмақ. Алматы, 30 қыркүйек 2008 ж.
"Рэкетир" фильмін түсірген Ахан Сатаевтың ендігі туындысы "Адасқандар" атты көркем фильм болмақ. Алматы, 30 қыркүйек 2008 ж.

Қазақстандық «Рэкетир» фильмінің авторлары «Адасқандар» атты жаңа толықметражды көркем фильм түсіруге кірісті. Шығарманың режиссері Ахан Сатаев туындының басты рөлін сомдауға ресейлік «Бумер» кейіпкері Андрей Мерзликин мен Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Әл-Таразиді шақырыпты. Көркем фильмнің бюджеті – 1 миллион доллар.

Қазақстандық жас режиссер Ахан Сатаевтың жаңа фильмінде бар болғаны 9 адам ойнайды. Фильмнің түсірілу алаңы – елсіз дала; жанры – триллер. Шығармадағы басты рөлді сомдаушы Андрей Мерзликин фильмнің басынан аяғына дейін шөл далада жоғалып кеткен әйелі мен баласын іздеп шарқ ұрады. Туындының «Адасқандар» деп аталуы содан.

Ал Тұңғышбай Әл-Тарази фильмде «жағымсыз кейіпкердің» рөлін сомдайды десе де болғандай. Сценарий бойынша адасқан ана мен баланың қайда екендігін білуі мүмкін, бірақ жоқ іздеушіден шындықты жасырады. Жұмбақтың қорқынышты сыры Андрей Мерзликин мен Тұңғышбай Әл-Таразидің жанкешті арпалысында шешілуі мүмкін.

Тұңғышбай Әл-Тарази, актер: Қазақ киносында триллер жанрында түсірілген фильмдер өте аз. Алматы, 30 қыркүйек 2008 ж.
- Қазақ киносында тура осындай жанрда түсірілген фильмдер өте аз, - деді Тұңғышбай Әл-Тарази. - Триллер адам баласының жасап жүрген қиянаттары мен күнәлары жайында болады.

Осы фильмге түсу үшін халық әртісіне үлкен құрбандыққа баруға тура келіпті - қазақтың хандарын сомдаудың қас шебері «Адасқандар» туындысын түсіру қарсаңында өзіне жарасып-ақ тұратын қаба сақалын қысқартып тастапты. Режиссердің талабы қатал.

Андрей Мерзликинді де үлкен сынақ күтіп тұр. Мәскеудегі Армен Джигарханян театрының әртісі бір ай бойы шөл далада жұмыс жасау оңай шаруа емес екендігін жақсы түсінеді, бірақ тиімді ұсыныстан бас тарта алмапты.

- Күтпеген ұсыныс. Осындай рөлді өзім де іштей қалап жүрген едім. Сондықтан мен үшін бұл фильмнің маңызы өте зор. Тағы бір айта кетерлік жағдай, маған «Рэкетир» фильмі қатты ұнайды, - деді ресейлік әртіс.

Фильмді түсіру жұмыстары қазан айына жоспарланған, 2009 жылдың күзінде көпшілікке ұсынылады. Жаңа триллер Қазақстанмен қатар, Ресей, Еуропа елдеріне таратылады. Сонымен бірге «Адасқандар» фильмі халықаралық фестивальдерге қатысады.

XS
SM
MD
LG