Accessibility links

Қашаған кенішінде ереуіл басталды


Consolidated Contractors Company жұмысшылары ереуілге шықты. D аралы, Қашаған, Каспий теңізі. 3 тамыз 2010 жыл

Consolidated Contractors Company жұмысшылары ереуілге шықты. D аралы, Қашаған, Каспий теңізі. 3 тамыз 2010 жыл

Каспий теңізіндегі Қашаған кенішінде жұмыс істеп жатқан Аджип ККO компаниясының бас мердігері ССС компаниясының жұмысшылары ереуілдетіп жатқанына үш тәуліктен асты. Жүздеген жұмысшылар жалақыны өсіруді талап етеді. Наразылық акциясына шыққандар мердігерлерді өздерін кемсітті деп айыптайды.


Атырау облысындағы Қашаған кенішіндегі D жасанды аралында еңбек етіп жатқан Аджип ККО-ның бас мердігері Сonsalidated Contractors Company компаниясы құбыр құрастырушылары мен ағаш құрастырушылары тамыздың 1-нен бастап ереуілге шықты. Олар үш күн бойына жұмыстарын толық тоқтатып отыр.

Бұл жайлы Азаттық тілшісіне телефон шалған ереуілге қатысушылардың бірі өздерінің басты талаптары жалақыны 80 пайызға өсіру екенін айтты.

- Мәселен мен қолыма 102 мың теңге ақша аламын, яғни айына 50 мың теңге ғана табыс табамын. Оған менің отбасымдағы он адам қарап отыр. Оның 20-30 мың теңгесі ай сайын жиналып тұратын азық-түлік қарызына кетеді, Қалған 20 мың теңгеге қалайша күн көруге болады? Жалақыны көтеруді сұрасақ жұмыстан шығарамыз деп қорқытады,-деді аты-жөнін айтудан бас тартқан ССС компаниясының жұмысшысы.

Есімін айтпаған жұмысшының сөзіне сүйенсек ССС компаниясында еңбек ететіндердің орташа жалақылары 70 000 теңге екен. Олардың барлығы да 28 күндік вахтамен жүмыс істейтінін ескерсек, айлық орташа жалақы 35 000 теңге деген сөз.

Ал тағы бір ССС компаниясының құбыр құрастырушысының айтуынша жасанды аралдағы еңбек жағдайы да мәз емес. Әсіресе биыл Атырауда орын алған 50 градустан кем емес аптап ыстық та жұмысшылардың жағдайын ауырлата түсті дейді ол.

- Таңғы 6-дан күннің ыстығына қарамай түскі 12-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейміз. Арасында ішетін су да берілмейді. Ал әжетхана үшін үстіміздегі ауыр арнайы киіммен аралдың екінші басына баруымыз қажет. Үстіміздегі киімдеріміз буланған теңіз суының салдарынан айналадағы ауамен ылғал тартып, малмандай су болады,- деп шағымданды әлгі жұмысшы.

Бұдан бөлек жұмысшылар компаниядағы формендердің барлығы арабтар мен үнділер болғандықтан, олармен түсінісу мүлде қиын екенін айтып берді.

«Олар бізді төмендетіп, ағылшын тілінде ар-намысымызға тиетін сөздер айтады. Біз бұған шыдап жүре алмаймыз» десті жұмысшылар.

Сонымен қатар ССС компаниясының жұмысшыларының айтуынша тамыздың бірінен бері ереуіл жайлы қанша хабарлағанмен компанияның басшылығы назар аудармай отырған көрінеді.

Әзірге жергілікті билік те бұған назар аударып отырған жоқ. Осы мәселеге орай Аджип компаниясыда, ССС компаниясы басшылығы да ешқандай түсініктеме бермей отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG