Accessibility links

Заңсыздықты бейнетаспаға түсірген тұтқын қаза тапты


Долинкадағы AK 159/6 түрмесі. Қарағанды облысы, 21 мамыр 2010 жыл.

Долинкадағы AK 159/6 түрмесі. Қарағанды облысы, 21 мамыр 2010 жыл.

Қарағанды облысы Долинка түрмесінде өткен айда интернетте пайда болған даулы бейнежазбаға қатысты бар жазасын өтеуші Максим Кожанов санитарлық бөлімде асылып қалды. Колония басшысының айтуынша наразылық шарасына қатысқан Кожанов қосымша жаза алудан қорқып өзіне қол жұмсауға барған.

ҚОСЫМША ЖАЗА АЛУДАН ҚОРҚЫП... АСЫЛЫП ӨЛУ

АК159/6 қатаң тәртіптегі түрмеде жазасын өтеп жатқан Максим Кожанов – мамыр айында интернетке шығып кеткен даулы бейнетаспаны түсірген. Әуесқой бейнематериалда сотталушы Евгений Караушты колония қызметкері ұрып жатыр. Кожанов колония ішіндегі санитарлық бөлімде асылып өліпті. Колония басшысы Қайдар Сариннің айтуынша даулы бейнетаспаға қатысы болған сотталушы қосымша жазаға ұшыраудан қорқып өзіне-өзі қол жұмсауы мүмкін.

- Сотталушы Қожанов бейнетаспа шыққаннан кейін, өз ішін тіліп тастағандардың арасында болған. Оларға бұл істері үшін жаза белгіленуі тиіс. Денесін жарақаттаған 5 адамның барлығы Шахтинск ауруханасында ем қабылдағаннан кейін, түрмеге қайтарылды. Денсаулығына байланысты Қожанов санитарлық бөлімге жатқызылды. Ол сол жерде өзіне берілетін қосымша жазадан қорыққанан асылып өлді. Арнайы келген тексеру мен комиссияның қорытындысы бұл жайтқа суицид деп анықтама берді, - деді тілшімізге колония бастығы Қайдар Сарин.

Оның сөзінше, Максим Қожановтың өзін өзі өлтіру фактісі бойынша тергеу ісі аяқталып, іс сотқа жіберілген.

"КОЖАНОВҚА ҚЫСЫМ ЖАСАЛҒАН"

Алайда, даулы бейне таспада «таяқ жеген» Евгений Карауштың анасы Галина Добровольскаяның сөзінше, Кожановқа психологиялық қысым жасалған.



Шахтинск ауруханасында оларға толығымен айығып кетуге рұқсат бермей, түрмеге алып кетті. Менің ұлым мен басқаларды жалғыз адамдық камераға отырғызып, Кожанов пен Михайловтың жағдайы тым нашар болғандықтан түрменің санитарлық бөлімінде қалдырды. Оларды ауыр халде жатқанына қарамастан тергеді. Бұл нағыз психологиялық қысым. Кейін шамамен бір аптадан кейін Максимді асылып тұрған жерінен тауып алды, - дейді Галина Добровольская.

Бақылаушылар соңғы кездері Қазақстан түрмелдеріндегі жағдай ушығып барады дегенді айтады. Оған өткен айдағы Маңғыстау облысы Ақтау түрмесінен бір топ сотталушылардың қашып кетуі себеп болуы мүмкін. Сол оқиғадан кейін Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Мейрам Аюбаев қызметінен босатылған еді. Осындай жағдайлардың қайта қайталанбасы үшін барлық түзету мекемелерінде тәртіп күшейді дейді құқыққорғаушылар.

ӘЙГІЛІ БЕЙНЕЖАЗБА

АК159/6 қатаң тәртіпті түрме әкімшілігінің саясатына наразылық көрсеткісі келген тұтқындар биыл мамыр айында түрме қараушыларының бірі жазасын өтеушіні таяққа жығып жатқан сәтті көрсететін бейнежазбаны интернет торапқа шығарып жіберген еді. Көп ұзамай бейнероликте соққыға жығылған тұтқын Евгений Карауш деген болжам шықты. Бұл даулы материалдан кейін маусым айында прокуратура мен құқыққорғаушылар Долинка түрмесіндегі жағдаймен танысты. Тексерушілердің жасаған қорытындысымен келіспеген бір топ тұтқын маусымның 3-і күні қарындарын тіліп, ауруханаға түскен еді.

Көп ұзамай Қарағанды облыстық прокуратурасы "бейнежазбаға түскен адамдардың бәрі тұтқындардың өздері, олардың біреуіне түрме қызметкерлері таяқ пен қызмет киімін беріп әртіс қып ойнатқан" деген мазмұнда мәлімдеме жасады. Ал тұтқынды таяқтау сценасын таспаға түсіріп алған "оператор" қарнын жарған күннен бері жарақаты жазылмай санитарлық бөлімде жатқан Максим Кожанов болатын.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG