Accessibility links

Тарихи тас қайта табылды


Этнограф Жағда Бабалық тарихи тасты алғаш тауып, 1988 жылы мұражайға тапсырған. Алматы, 8 қазан 2008 ж.

Этнограф Жағда Бабалық тарихи тасты алғаш тауып, 1988 жылы мұражайға тапсырған. Алматы, 8 қазан 2008 ж.

Ықылас Дүкенұлы атындағы республикалық халық аспаптар мұражайынан, бетінде домбыра және билеп тұрған адамдар бейнеленген тарихи тас 1993 жылы белгісіз себептермен жоғалған еді. Сол тарихи жәдігер биылғы жылдың қазан айының басында қайта табылды.

Тарихи құндылық саналатын тасты екінші рет тапқан «Ана тілі» газетінің журналисі Қанат Әбілқайыр, тас лас қоймада жатқан екен дейді.

— Біз А.С.Пушкин атындағы кітапханада өткен «Домбыра — әлемдік мәдениеттің ғаламат құбылысы» деген форумнан кейін, белгілі этнограф, ғалым Жағда Бабалық ағамызды ертіп, мұражайға келсек, тас жоқ екен. Мұражай қызметкерлері тастың қайда екенін білмейтін болып шықты. Сөйтіп, бірінші күні таба алмадық. Екінші күні мұражай директоры Хасен Қожахметке кіріп сұрасақ, ол кісі «мен келгелі ондай тас көрмедім» дегенді айтты. Солай тасты іздеуге кірістік. Сөйтсек, мұражай мен оған жапсарлас офицерлер үйінің арасында гараж етіп қойған бұрынғы қойманың ішінде жартылай құмға көміліп, тарихи тас жатыр екен. Тасты тазалап мұражайға қайта орналастырдық. Мұражайға тасты әкелгенде, мұражай есепшісі «қайдағы бір тас үшін ғимараттың еденін былғадыңдар» деп бізге сөгіс айтты. Ұлт тарихына осындай көзқарастағы адамдар өкінішке қарай, арамызда көп.

Аталған тас мұражайдың бұрынғы директоры Ізбасар Балтақұловтың тұсында мұражайдағы тарихи экспонаттарға атүсті, салғырт қараған қызметкерлердің кесірінен жоғалған екен.

Қазақ музыка аспаптар тарихының бастау алар жері біздің заманымызға дейін 4 мың жылдың басында тұрғанын дәлелдеген құнды тасты алғаш рет қалай тапқанын этногаф ғалым Жағда Бабалық баяндап берді.

— Мен 1986 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданына қарасты Майтөбе деген жайлауға шықтым. Сөйтіп, атпен тау аралап жүріп, тастағы бір топ билеп тұрған адамдардың суретін көзім шалып қалды. Жақындап барып, қарасам, жанында домбыраның суреті бар екен. Дереу қағаз, қалам алып суретін түсіріп алдым. Алматыға келген соң, сол кездегі Ықылас Дүкенұлы атындағы халық аспаптар мұражайының директоры Сәбетқазы Ақатаевқа айтып едім, ол биыл бара алмаймыз, келесі жылы барып суретке түсіріп алайық деді. Солай, келесі жылы суретке түсіріп алып келдік. Содан Сәбетқазы «Жәке, осы тасты қиып әкеліп, мұражайға қойсақ қайтеді » деді. Мен келістім. 1988 жылы тасты қиып әкеп мұражайға орналастырдық да, Кемел Ақышов бастаған бір топ тарих зерттеушілерін шақырып, «мына тастың қай дәуірге жататынын айтып беріңдер» дедік. Олар зерттеп, тас біздің дәуірімізге дейінгі 4 мыңыншы жылдарға, яғни, неолит дәуіріне жатады деді. Бұған біздің заманның 2 ғасырын қоссаңыз, тұп-тура 6 мың жыл шығады. Тастың тарихы алты мың жыл деген сөз.

«Мәдениет және тұрмыс» журналында істеп жүргенімде Маңғыстауға іссапарға бардым. Сол өңірдің Шетпе деген жерінде мазарлар бар екен. Мазарларды аралап жүрсем, қисайған бір тас тұр, Барып қарасам, бір бетінде қылыштың, екінші бетінде домбыраның суреті бар екен. Жоғарыдағы Майтөбеден тапқан тасты барып алған кезде, осы тас та есіме түсіп, Сәбетқазыға айтып едім, ол алып келейік деді. Арада көп уақыт өтіп кеткендіктен, әлгі тасты көп іздеп әрең таптық. Оны да Алматыға әкелгенбіз. Қазіргі жайы қалай екенін білмеймін.

Ал мына, ұлттық саз аспаптың тарихи куәгері тасты мұражайдан далаға лақтырып тастаған адамдар надан әрі біздің мәдениетімізден мақұрым жандар деп ойлаймын.

Ғалым Жұмагелді Нәжимеденов, жоғарыдағы тастың плакатты суретін алып, баяндама жасағанын айтып берді:

— 2001 жылы Санкт-Петерборда өткен халықаралық симпозиумде, тастың үлкен суретін көрсетіп отырып, дүниежүзі ғалымдарының алдында «Мына суреттегі домбыра бейнеленген тарихи тасқа 6 мың жыл болған. Осыған қарап отырып, әлемдегі ішекті аспаптардың бастауы– домбыра» дегенімде мүйізі қарағайдай ғалымдардың ешбірі қарсы шыққан жоқ. Яғни, мақұлдады. Ал, Еуропадағы шекті аспаптар тарихы бертіннен басталатынын білеміз. Негізі, жиһангер Марко Поло қазақтың қобызын Еуропаға алып кеткен дейді. Ендеше, музыкалық аспаптар тарихы біздің домбыра мен қобыздан таралатыны ешқандай дау туғызбаса керек.

XS
SM
MD
LG