Accessibility links

Жұма күні шыққан басылымдарда Вахтанг Кикабидзенің Ресейдің «Достық» орденінен бас тартқаны және Бейжіңдегі Олимпиадада Қазақстанның қоржыны тағы 2 медальмен толыққаны хабарланыпты.

«Жас Қазақ» газетінде атақты әнші, актер Вахтанг Кикабидзе Ресейдің «Достық» орденінен бас тартқаны айтылыпты. Тбилисиде өткен митингіде бұл хабарды Гүржістанның Білім, мәдениет және спорт комитетінің төрағасы Георгий Габашвили еркін ақпарат тарататын халықаралық арналарға жария етіпті. Сондай-ақ, газетте «Ресей тарапынан Гүржістанға жасалған қанды қырғыннан кейін Вахтанг Кикабидзе қарсылық ретінде орденді қайтарып берді және күзге белгіленген концерттерінен бас тартты» , - деп жазылыпты. Актердің өзі «Эхо Москвы» радиосына берген сұхбатында, «мен Ресей халқына құрметпен, ерекше ықыласпен қараймын. Бірақ, Ресей тарапынан Гүржістанға жасалған қоқан-лоққыдан кейін марапат белгісін ала алмаймын», - деп сұхбат беріпті. Әйгілі әншіге «Достық» орденімен марапаттау туралы жарлыққа Ресей президенті Дмитрий Медведев үстіміздегі жылдың 19-шілдесінде қол қойған болатын.
«Айқын» газетіндегі Нұрғазы Сасаевтың «Асхат пен Әсет абыройымызды асқақтатты» деген мақаласында, қазақстандық екі спортшының жүлделі орынға іліккені айтылыпты. «Бейсенбіде Бейжің Олимпиадасында негізгі сенім артқан саңлақтарымыздың бірі, құралайды көзге атқан мерген қыз Довгун жүлделі орындарға іліге алмай, көңіліміз құлазып қалғанымен, түстен кейін ақ түйенің қарны жарылды», - деп жазады мақала авторы. Мақалада, татамиде бақ сынаған Асхат Жіткеевтің күміс жүлдегер атанғаны және боз кілемде белдескен Әсет Мәмбетовтың қола медаль олжалағаны баяндалыпты. Сондай-ақ, Әсет алдыңғы буын ағаларының жеңісті жолын жалғаса, Асхат дзюдодан қазақ спорты тарихында Олимпиададан тұңғыш рет жүлде алып, маңызы зор жетістікке қол жеткізгені айтылыпты.
«Егемен Қазақстан» басылымындағы Бақберген Амалбектің мақаласында 17-шілде күні қаржы полициясы Ақмола облыстық салық комитетінің басшысына қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып тағып, оған қарсы Қылмыстық кодекстің 307- бабы, 2-бөлімімен қылмыстық іс қозғалғаны хабарланыпты. Сонымен қатар, бұл хабарды облыстық прокуратураның да растағаны тілге тиек етіліпті. Мақала авторының айтуынша, облыстың бас салықшысы Бурабайдан зәулім үй тұрғызу ниетімен, өткен жылдың мамыр айында «Арлан-Мұнай» ЖШС директорына «Степногорск Строй Сервис» ЖШС-дан 80 мың дана кірпіш алып беруін сұраған. Салық комитетінің басшысы бұл ойын жүзеге асырған соң, өзінің қарамағындағы қызметкерлерді де коттедждің құрлысына араласуларын мәжбүрлеген.
«Караван» газетінде Үлкен Алматы өзенінің уақыт өткен сайын ластанып бара жатқаны баяндалыпты. «Ұлттық парктердің территориясын ретке келтіруге байланысты өткізіліп жатқан даңғаза акцияларға қарамастан, зәулім коттедждердің қожайындары өзінің есік алдын кеңейту мақсатымен қоршауларын өзен жағалауына жақындатып қана қоймай, үйлерінен шыққан лас суды өзенге төгіп жатыр», - деп жазады мақала авторы. Автор Александра Мыскинаның айтуынша, Үлкен Алматы өзенімен жоғары қарай көтерілетін болсаңыз, өсіп тұрған қамыстардың арасынан жасырылып қойылған құбырларды көресіз. Бұл бақуатты адамдардың бассейіндерінен және канализацияларынан шыққан суды өзенге төгу үшін арнайы орнатылған. Және, осы аптаның басында Бостандық ауданына қарасты санитарлық- эпидемиологиялық қадағалау мекемесінің мамандары да Үлкен Алматы өзенінің жағалауын тексеріп, табиғатқа орасан зор зиян келтіріліп жатқанын анықтапты.
Алматы қаласының салық комитетінің басшысының орынбасары Мирболат Нұрғалиев пара алу кезінде ұсталды. Бұл туралы «Литер» газетінде жарияланған Арина Пирогованың мақаласында айтылыпты. Мақалада, ЖШС-ны жабу үшін шенеунік оның қожайнынан 30 мың доллар талап еткені жазылыпты. Сондай-ақ, бұл сомаға келіспеген кәсіпкердің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментіне барып арызданғаны баяндалыпты. Ал Нұрғалиевтің өзінің бұл қызметке ауысқанына екі айдан енді ғана асқан. Мақала авторының жазуынша, қозғалған қылмыстық істің негізінде оның үйін тінтіп, банкттегі есеп-шоттарын тексергенде, шенеуніктің 1 миллионнан аса доллары бар екені анықталған.
XS
SM
MD
LG