Accessibility links

Ауру көп, дәрі жоқ. Барларының бағасын қалта көтермейді


Алматыда үкіметтік емес ұйым өкілдері халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін көтеріп, одан шығудың жолдарын ұсынуда. Бұл мәселені әлеуметтік дәріхана ашу арқылы да шешуге болады дейді мамандардың бірі.

Туғаннан сал ауруына шалдыққан 4 жасар баланың анасы, Алматы облысының тұрғыны Найра Сарманова баласын емдетуге мемлекет қамтамасыз ететін тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмай келеді. Күйеуі мүгедек, тек мемлекеттік жәрдемақымен күн көріп отырған 3 баланың анасы ондай дәріні алуға шамамыз жетпейді деп отыр.
- Қазір балам қалыпқа келіп қалды. Егер оны осылай емдей берсек, онда ол жүре бастайды. Ал егер емдеуге қаражат табылмаса, онда ол өмір бойы сал болып қалады. Не істерімді білмеймін, - деп мұңын шағады ол. Жыл басында мемлекеттік көмек арқылы дәрі-дәрмекке қол жеткізген сұхбаттасымызға Астана қалалық реабилитациялық орталығы жарты жылдан кейін міндетті түрде баласын емдетуді тапсырыпты. Енді квотаға жете алмай отырмыз дейді ол.
- Бізге заң бойынша жылына бір рет емес, екі рет дәрі-дәрмек берілуі тиіс. Осы уақыт аралығында мемлекет тарапынан бөлінген тегін дәрі-дәрмектердің бірде-біреуін көрмедік. Мен денсаулық сақтау департаментіне талай мәрте бардым, бірақ олар квота таусылды деп отыр. Қазір медициналық қызметті ақшаңа қарап көрсетеді.
Үкіметтік емес ұйым өкілдері республикада халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының дұрыс жұмсалатындығына күмәнданып отыр. «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Ниязбекқызының айтуынша, қаңтар айынан бастап, бір Алматының өзінде тұрғындардан осы мәселеге қатысты бірталай арыз-шағым түсіпті.
- «Шұғыл телефон» желісі бойынша, қаңтар айынан бастап, қарашаның 1-і аралығында 1388 арыз түскен. Ай сайын түскен арыз-шағымдардың 12-20 пайызы дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігі турасында. Бұл мәселе денсаулық сақтау саласындағы мәселелердің ішінде алдыңғы орынға шықты.
Мамандардың айтуынша, Қазақстан халқы 42 аурудың түрі бойынша дәрі-дәрмекпен ақысыз емделуге құқы бар. Ал кейбір ауруларға қажет дәрілер үшін бюджеттің есебінен 50 пайыз жеңілдіктер қарастырылған. Соған қарамастан дәрі-дәрмектің тапшылығы туралы арыздар азаймай отыр дейді олар. Бұл мәселені шешу үшін мамандар төмендегідей сауалдарды алға тартады: Денсаулық сақтау министрлігінің бұл орайдағы есебі қаншалықты ашық жүргізіледі? Оған бөлінген ақша мен дәрі-дәрмектерді жұмсау жүйесі қаншалықты тиімді? Алматы қаласындағы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Гүлшара Урмурзина бұл мәселе, әсіресе, әлеуметтік жағынан қорғалмаған қоғамдық топ өкілдеріне аяздай батып отырғанын айтады.
- Бізге бір сырқат зейнеткер келіп, өзінің жағдайын айтты. Оған дәрігерлер дәрі жазып берген. Дәріханаға келіп, есептетсе, 44 мың теңге болып шығады. 15 мың теңге зейнетақы алатын қарт адам бізден «енді қайтем» деп сұрады. Біз де бұл сұраққа басымызды қатырдық. Себебі, бұл бір ғана қарттың басындағы жағдай емес. Қазір қаламызда 160 мың зейнеткер бар. Олардың тек 10 пайызы ғана өздерін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете алады. Біздіңше, бұл мәселені қаланың әрбір ауданында әлеуметтік жағдайлары нашар тұрғындар үшін коммуналды дәріхана ұйымдастыру арқылы шешуге болады.
Дәрі-дәрмектердің тапшылығынан бөлек мамандарды олардың бағасының қымбаттығы мен сапасы да алаңдатып отыр. Арнайы есеп бойынша, дәрі-дәрмек өндірушіден тұтынушыға жеткенше бағасы 60 пайызға қымбаттайтын көрінеді. Ресми мәліметтерге сенсек, Қазақстандағы дәрілердің 10-12 пайызын жалған, жасанды дәрілер құрайды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG