Accessibility links

Баспасөзге шолу 28.08.2008 жыл


Бейсенбілік басылымдарда Душанбе қаласында басталған саммит туралы және мемлекеттік тілде шығады деп жоспарланған порталға 1 миллиард теңгенің жетпей қалғаны айтылыпты.

«Свобода Слова» газетінде Қарғалы аудандық сотының бұрынғы төрағасы Нұрлан Өтепбергеновтың мүлкі тәркіленіп, 6 жылға бас бостандығынан айырылғаны баяндалыпты. Жазасын өтеген соң оған 5 жылға шейін мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тиым салынды. Мақала авторының айтуынша, Өтепбергеновты қаржы полициясының қызметкерлері 2007 жылдың 4-желтоқсанында үйінің маңында 60 мың теңге пара алып тұрған кезінде ұстаған. Бұл ақшаны сот төрағасы және бес баланың әкесі өзінің қолындағы әкімшілік істі тезірек бітіріп беру үшін алған екен.
«Время» басылымында Петропавл қаласында дизельдік отынның бағасы рекордтық көрсеткішке жеткені сөз болыпты. Оның бағасы А-96 маркалы жанармайдан да асып түскен. Бұл мәселеге ең алдымен қоғамдық көлік жүргізушілері наразылық танытып, жол ақасын өсірмесе болмайтындығын айтқан. Автор Виктор Мирошниченконың жазуынша, 15 қыркүйектен бастап жолаушы тасымалдаумен айналысатын қаладағы барлық көліктердің қызметі 10 теңгеге қымбаттайды. Яғни, автобуспен жол жүру ақысы 45 теңге, ал троллейбуспен 40 теңге болмақ. Дегенмен, автопарктердің қожайындары мұны да азсынып отырған көрінеді. Олардың айтуына қарағанда, қоғамдық көліктердің қызметі өзін ақтауы үшін жол ақысы кем дегенде 57 мен 62 теңгенің арасында болуы керек.
«Жас Алаш» газетінде шыққан Руслан Ерболұлының мақаласында Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты тіл комитетінің төрағасы Ерден Қажыбектің көктемде ашылады деп уәде берген мемлекеттік тіл порталының әлі күнге шейін жұмыс істемей тұрғаны айтылыпты. Әдебиет, мәдениет, өнер, білім, әлеумет және бұдан да басқа салаларды қамтитын бұл порталға үкіметтің өзі қызығушылық танытып, 2007 жылы оны ашу үшін бюджеттен 1 миллиард теңге қаржы бөлгізген екен. Автордың айтуынша, Президент әкімшілігінің сайтын жасауға 30 мың доллар жұмсалған. Ал алғашқы бюджеті 1 миллиард теңгені құраған порталдың не себепті ашылмай тұрғаны белгісіз. 2008 жылы аталмыш порталға бюджеттен қосымша 800 миллион теңге бөлініпті. «Демек бір порталды шығаруға 1 миллиард теңге жетпей қалған. Сіз осыған сенесіз бе? Мен сенбеймін», -деп жазады мақала авторы.
«Айқын» газетіндегі Айбын Ақбәкінің «Үкімет үш жоба ұсынды» деген мақаласында, 2009 жылдан бастап Қазақстанның үш жылдық бюджетпен жұмыс істеуге көшетіндігі хабарланыпты. Мақалада, тамыздың 27- күні парламент Мәжілісінің төрағасы Аслан Мусинмен кездескен үкімет басшысы Кәрім Мәсімов осы үш жылдық бюджет жобасы мен бірге тағы екі заңның – Бюджет кодексі мен Салық кодексінің де жобасын ұсынғаны баяндалыпты.
«Түркістан» газетінде бүгін Тәжікстан астанасы Душанбеде Шанхай ынтымақтастық ұйымының VIII саммитінің басталғаны жазылыпты. Мақала авторы Есенгүл Кәпқызы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер бұл саммитті өткізуді жоспарлаған кезде оған мүше елдер де, әлем де бүгінгідей екі оттың арасында қаламыз деп ойламағандығын жазады. Самитте қабылдануы тиіс Душанбе декларациясы бір ай бұрын дайын болған. Онда ұйымға мүше елдердің көзқарастары, ШЫҰ-ның халықаралық архитектурадағы және Орталық Азия аймағындағы орны мен рөлі сөз болмақ. Алайда, соңғы кездегі оқиғаларға орай, Ресей Душанбе декларациясына ШЫҰ-ға мүше елдердің Оңтүстік Осетия мен Абхазияға қатысты көзқарастарын енгізуді де мақсат тұтып отыр. «Сөйтіп, Орталық Азия елдері ШЫҰ саммитінде кіммен бірге екендігін айқындайтын болады», - деп жазады мақала авторы.
XS
SM
MD
LG