Accessibility links

Сырқат меңдеген Мұхтар Жәкішевтің тергеу материалдарымен танысуға әлі жоқ


Мұхтар Жәкішев, "Қазатомпром" компаниясының президенті қызметін атқарып жүргенде. Сурет "Республика" газетінен алынды.
Мұхтар Жәкішев, "Қазатомпром" компаниясының президенті қызметін атқарып жүргенде. Сурет "Республика" газетінен алынды.

Қазанның 7-і күні қылмыстық іс материалдары «Қазатомпром» компаниясының қамаудағы бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев пен адвокаты Нұрлан Бейсекеевке тапсырылды. Алайда Жәкішевтің оны қарап шығуға денсаулығы көтермейді дейді адвокат. Тергеу материалдары 39 томға түптелген.

Адвокат Бейсекеевтің айтуынша, сәрсенбі күні таңертең ол Жәкішевпен бірге қылмыстық іс қағаздарын парақтай бастапты. Алайда қорғаушы мен айыпталушының бұл әрекеті алғашқы томның жартысына жетпей жатып-ақ тоқтаған. Жәкішевтің қан қысымы тағы да көтеріліп, оны ауруханаға жатқызу мәселесін қайта көтеру үшін түстен кейін прокуратураға өтініш дайындауға мәжбүр болдым дейді Бейсекеев.

- Бірінші томның 106-шы бетіне келіп тоқтадық. Жәкішев маған прокуратураға өтініш түсіруді тапсырды. Қазір ол іспен танысып шығатын жағдайда емес. Бүгін Жәкішевтің қан қысымы көтерілді, кеше де солай болған. Оның басы ауырады, жан қиналысынан түні бойы ұйықтай алмаған, - деді адковат.

Бейсекеевтің айтуынша, Жәкішевтің қан қысымы тергеу абақтысындағы уақытта бірде-бір түспеген. Бұдан бөлек Бейсекеев өзінің қорғауындағы топ-менеджердің іс материалдарымен танысқысы-ақ келетіндігін, сондай-ақ оның өз денсаулығын сақтауға және
Нұрлан Бейсекеев, Мұхтар Жәкішевтің адвокаты. Алматы, 22 қыркүйек 2009 жыл.
медициналық көмек алуға конституциялық құқығы бар екендігін атап көрсетті.

- Жәкішевтің іспен танысуға мүмкіндігі жетпеді. Қасымда отырғаны болмаса, материалдарды қарау барысында туындаған менің сауалдарымның өзіне ол әрең жауап берді, - деді ол.

Адвокат бұған дейін бірнеше мәрте прокуратураға Жәкішевті ауруханаға ауыстыру туралы арыз түсіргендігін, бірақ олардың ешқайсысынан нәтиже болмағандығын айтып отыр. Сондай-ақ, ол қылмыстық іс сотқа жіберілген күннің өзінде Жәкішевтің дәл қазіргідей денсаулығымен сотта ұзақ отыра алмайтындығын ескертіп отыр.

Бұған дейін қазақстандық бірқатар ақпарат құралдары «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы басшысыныа қатысты қылмыстық істі прокуратура қайта тергеуге жіберген деп хабарлаған еді. Осы іс бойынша тергеу жүргізген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз хатшысы Кенжеболат Бекназаров сөз болып отырған іс материалдарын прокуратура шын мәнінде тергеу тобына қайтарғандығын растады, бірақ мұны істің қайта тергеуге жіберілуі деп түсінбеу керектігін ескертті.
Осы уақытқа дейдін біздің іс материалдарымен танысу құқығымыз бұзылып келген еді. Шағымдарымыздың арқасында заңсыздық дәлелденді


- Тергеу толық ауқымда жүргізілді, барлық жағдайлар зерттелген. Бар болғаны прокуратура, адвокаттың өтініші бойынша, істің айыптау қорытындысын қайта жазу туралы қаулы шығарды, - деді Бекзанаров.

Жәкішевтің адвокаты оны растап отыр. Бейсекеевтің айтуынша, прокуратураның істі тергеу тобына қайтаруы Жәкішев пен оның қорғаушысын іс материалдарымен танысып шығуына рұқсат беруге қатысты туындаған.

- Осы уақытқа дейдін біздің іс материалдарымен танысу құқығымыз бұзылып келген еді. Дүркін-дүркін шағымдарымыздың арқасында заңсыздық дәлелденді, прокуратураның қаулысында да бұл әрекеттерінің заңсыз екендігі айтылады, - деді Бейсекеев.

«Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев «мемлекет мүлкін талан-таражға салды» деген айыппен биыл 21 мамырда тұтқындалып, содан бері ҰҚК-нің тергеу абақтысында отыр.
XS
SM
MD
LG