Accessibility links

«Жаңа Жібек жолы»: гүлденудің кілті ме, әлде жемқорлықты өршіту ме?

  • Есен СМАҒҰЛОВ

ҚР Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов пен Қазақстанның мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев "Жібек жолы" елдерінің форумында. 2 қыркүйек 2008 ж.

ҚР Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов пен Қазақстанның мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев "Жібек жолы" елдерінің форумында. 2 қыркүйек 2008 ж.

«Жаңа Жібек жолы» жобасы Орталық Азияның экономикалық жаңаруының негізі болуы мүмкін. Бірақ батыстық басылымдар бұған бөлінген ірі көлемдегі ақшаның осы мақсатқа жұмсалатынына күмәнді болып отыр.

Жуықта Қытайды Батыс Еуропамен және Ресеймен жалғайтын тасымалдаушы дәліз жобасын жүзеге асырудың басталғаны туралы мәлім етілді. Бағыттың басым бөлігі Қазақстан аумағынан өтеді.


«Ертедегі Жібек жолының бағытымен жүретін бұл ірі автомагистраль жобасының аяқталуы үшін Азия даму банкі (АБР) Қазақстанға 700 миллион доллар көлемінде қарыз береді», — деп хабарлайды американдық Chicago Tribune басылымы.

Орталық Азияның Қытаймен және Еуропамен сауда айналымын дамытуға тиіс бұл жол арнасының Қазақстан аумағындағы ұзындығы 2715 шақырым.


«Бұл жаңа Жібек жолы Пекин мен Брюссель арасындағы сауданың дамуы және Қазақстан мен оған көршілес елдер үшін зор экономикалық мүмкіндіктер ашады, — дейді Азия даму банкінің ресми өкілі Хуан Миранда.


Ислам даму банкі мен жапондық халықаралық ынтымақтастық агенттігі де бұл жобаны қаржыландыру үшін 414 және 150 миллион доллар қаржы бөлуге міндеттенді. Жобаны жүзеге асыру жұмыстары келесі жылы басталады.


«Теңізге шығар жолы жоқ және Франциядан бес есе үлкен жері бар Қазақстандағы көлік инфрақұрылымының жағдайы көп жылдардан бері аянышты халде. Жолдардың нашарлығы жүк тасымалын көп шығынға ұшыратып, оқыс жағдайлардың себепшісі болып отыр», — деп атап өтілген Chicago Tribune-нің жарияланымында.


DPA
неміс агенттігі «жаңа Жібек жолы» жол арнасының Қазақстан аумағында Қытаймен шекарадағы Қорғас қаласын басып өтіп, Алматы мен Шымкент арқылы Ресеймен шекараға дейін созылатынын нақтылай кетіпті. Аймақтық экономикалық ынтымақтастық дәлізі ретінде «Ортаазиялық» деген ресми атауға ие болған бұл жоба аймақтық сауда айналымын 2030 жылға дейін 60 пайыздан аса өсіруге тиіс.


«2020 жылдары осы магистралдың арқасында Қазақстанның ЖІӨ-і 2010 жылға қарағанда 68 пайызға көбейіп, ал Орта Азиядағы көршілес елдердің ЖІӨ-і 43 пайызды құрайды деп күтілуде, — деп жазылған Азия даму банкіне сілтеме жасаған мақалада. Қытай, Ресей мен Еуроодақтың да қомақты пайда табатын мүмкіндігі бар. 2020 жылға қарай осы жобаның арқасында Қытайдың ЖІӨ-і 6 пайызға, Ресей мен Еуроодақтың ЖІӨ-і 4 пайызға өседі деп күтілуде».


France Press
ақпарат агенттігінің ақпаратынша, жобаның жалпы құны 6,7 миллиард долларды құрайды. Оның 700 миллионын Азия даму банкі берген. Ислам даму банкі ұсынған 414 миллион мен Жапондық халықаралық ынтымақтастық агенттігі берген 150 миллион доллар бөлімнің 480 шақырымдық құрылысына кетеді. «Жаңа Жібек жолының» басқа жерлердегі бөліктерінің құрылысын Дүниежүзілік банк, Қазақстан үкіметі, Еуропа банкі мен жеке инвесторлар қаржыландырады.


Австрияның ықпалды басылымы die Presse бұдан да көп қаржыны атап отыр. Халықаралық банкке сілтеме жасаған басылым трансконтиненталды магистралдың құны 7,5 миллиард доллар болады деуде. Сондай-ақ Халықаралық банктің өзі 1025 шақырымдық құрылысқа арнайы 2,5 миллиард доллар қаржы бөлді. «Қазіргі уақытта бұл Халықаралық банктің Орталық Азиядағы ең ірі де батыл жобасы болып отыр», — делінген жарияланымда.


Веналық die Presse осы миллиардтаған қаржының аталған бағытқа жұмсалатынына күдіктене қараған жалғыз басылым болып отыр. Басылым қаржының сыбайласқан жемқор шенеуніктердің қалтасы мен есепшоттарына кетіп қалуы мүмкін екенін айтады. «Мұндай ірі жобалар құрылысы экономиканы модернизациялауға негіз болуымен қатар жемқорлық қаупін де туындатады», — деп жазады басылым.


Басылым Қазақстанның әлемдегі теңізге шығар жолы жоқ ең ірі ел болумен қатар жемқорлықпен де атақты мемлекет екенін еске салады. Transparency International халықаралық ұйымы жариялаған жемқорлық деңгейі индексіне сәйкес, Қазақстан 180 мемлекеттің ішінде 145 орында тұр. Әлемнің қалған 35 елінде жемқорлықтың өршу деңгейі бұдан да жаман.


«Еуропалық банк Нұрсұлтан Назарбаевтың сыбайлас жемқорлық пен қызмет бабын асыра пайдалануға тыйым салғанына қатысты күмән білдіреді. Банктің 2006 жылы 21-қарашада қабылдаған стратегиясында қазақстандық экономика заңдарының көп жағдайда «ортақ қабылданған халықаралық стандартқа» сай келмейтіндігі сыналған болатын. Осылайша, Қазақстан әлі заңсыз жолмен алынған ақша мен лаңкестікті қаржыландыру туралы заң қабылдаған жоқ. Сондай-ақ мемлекет атынан шешім қабылдайтын тұлғалардың жеке қаржылық мүдделерін ашу ісі де оңға баспай отыр», — деп жазады die Presse.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG