Accessibility links

Жұма күнгі басылымдарда Қазақстанда Стратегиялық әскери зерттеу орталығы құрылғаны және Сенат депутаттығына үміткерлердің үгіт-насихатына бюджеттен бөлінетін қаржының бекітілгені баяндалыпты .

«Жас Қазақ» газетінде Қазақстанның бокс құрамасының бұрынғы жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділовпен болған сұхбат жарияланыпты. Онда ол Олимпиадада өнер көрсетіп жатқан боксшыларымыздың сәтсіздігіне тек төрешілер ғана емес, осы дүбірлі додаға дайындап апарған бапкерлердің де кінәсі бар екенін сөз қылыпты. Тұрсынғали Еділов "егер боксшылар елге екі алтын әкелмесе, онда бапкерлерді, осының айналасында жүрген тағы басқа адамдарды жауапқа тарту керек" деген ой айтыпты. Еділовтың сөзіне қарағанда, енді бар үмітіміз – Бақыт пен Еркебұланда:

- Менің ойымша, Шыналиевтің жағдайы қиын. Себебі, қарсыластары да осал емес. Дегенмен, бұл екеуі екі алтынға қол жеткізбесе, онда бұл жеңіліс қазақ боксына, тіпті қазақ спортына үлкен соққы болып тиюі әбден мүмкін,- дейді ол.
«Айқын» басылымындағы Болат Абағанның «Қазақ тілін дамыту Горбачевке жүктелді» деген мақаласында биылдан бастап іс қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізуге тиіс Алматы облысында сөз бен істің арасында алшақтықтың көп екені әңгіме арқауы болыпты. Облыстағы кейбір басқармаларда қазақ тілінің қолданысы 25,7 пайызға қысқарып қалған екен. Мақала авторының айтуынша, жалпы тұрғындарының 70 пайыздан астамын жергілікті ұлт құрайтын Алматы облысындағы мемлекеттік тілдің ахуалы оңалудың орнына, жыл санап кері кетіп бара жатыр.

- Бір таңғаларлығы, «Жетісу су» кәсіпорнында жұмыс істейтіндердің басым бөлігі өзге ұлттың өкілдері болғанына қарамастан, мемлекеттік тілдің қолданысы өткен жылға қарағанда жақсара түскен. Дегенмен, осы мекемедегі мемлекеттік тілді қолдану мәселелерімен айналысуды қазақша мүлдем білмейтін бас инженер Горбачевке жүктеп қойыпты,- деп жазады мақала авторы.
«Республика» газетінде Орталық сайлау комиссиясы Сенат депутаттығына үміткерлер үшін бюджеттен бөлінетін қаржының анықталғаны хабарланыпты. ОСК-ы төрағасының орынбасары Владимир Фоостың мәлімдемесіне сүйенген мақала авторы: «әр үміткердің сайлау алдындағы үгіт насихатына және жол шығынына республикалық бюджеттен 250145 теңге» бөлінетін болды" деп жазыпты.
Орталық сайлау комиссиясы есептегендей, үміткерге берілетін жалпы соманың 78000 теңгесі телеарнаның 15 минутын, 26965 теңгесі радио эфирінің 10 минутын және 75180 теңгесі газет беттеріне мақала жариялау үшін пайдалануға бөлініпті.

-Одан басқа болатын шығындарды айтпағанда, ОСК-ның талабы бойынша Сенат депутаттығына кандидаттардың үгіт-насихатқа жұмсайтын ақшасы 8417500 теңгеден аспауы керек,-деп жазады мақала авторы.
«Деловой Казахстан» газетінде Қазақстанда Стратегиялық әскери зерттеу орталығы құрылғаны баяндалыпты. Мақалада алғашқы уақытта аталмыш орталық мемлекеттің қорғаныс күшінің тапсырыстары бойынша, ал ендігі жылдың басынан бастап, өздерінің бағдарламаларының аясында жұмыс істеп, зерттеу жүргізетіндігі тілге тиек етіліпті. Мақала авторының айтуынша, сонымен қатар, бұл орталық келешекте мемлекет басшысына, күштік құрылымдарға және үкімет пен парламент үшін қорғаныс саласы және қауіпсіздік бойынша арнайы сараптамалық материалдар дайындап отыратын болады.
«Караван» газетінде 19 шілде күні Қапшағай қаласындағы «Старая крепость» деп аталатын ойын-сауық отауының аумағында бір адамды өлтіріп, бес полицейді жарақаттаған Алексей Коваленконың бұдан да басқа қылмыстары анықталғаны хабарланыпты. Мақала авторы Олег Ғұбайдұллиннің айтуынша, 1985 жылы Қырғызстанда туған Алексей осы уақытқа дейін тапсырыспен адам өлтірумен айналысқан. Тергеу жұмыстары барысында Ішкі істер басқармасының қызметкерлері анықтағандай, Қапшағай қаласында қанды қырғын ұйымдастырған күдікті 2007 жылы Қырғызстан астанасында қылмыс әлемінің өкілі Батон деген лақап аты бар Қанат Қадырмышевті де өлтірген. Сондай-ақ, мақалада жазылғандай, үстіміздегі жылдың мамыр айында Алматы қаласында кәсіпкер Мұса Шатаевты да жантәсілім еткен осы Алексей екені белгілі болыпты.
XS
SM
MD
LG