Accessibility links

Кәсіподақ өкілдері Үкіметке талап қоймақшы


Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы №12 қазақ гимназиясы. Алматы, 23 қыркүйек 2008 ж.

Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы №12 қазақ гимназиясы. Алматы, 23 қыркүйек 2008 ж.

Қазақстанда бюджет қызметкерлерінің жалақылары төмен қалпында қалып отыр. Бұған дейін елдегі кәсіподақ өкілдері үкіметке талай мәрте хат жазып, тіпті ереуіл өткізуге дейін баратындықтарын ескертіп келсе де, Үкімет бұл мәселені қарастыруды кейінге қалдырып келеді. Олар өз талаптарын алдағы қазан айында өтетін акцияда тағы да қоймақшы.

Қазақстанда бюджет қызметкерлерінің еңбегі арзан бағаланып келе жатқанын үкіметтің өзі мойындаса да, бұл мәселені шешу үшін ешқандай әрекет жасамай отыр дейді мамандар. Қазіргі таңда мұғалімдердің алатын жалақылары орташа есеппен 31 мың теңгені құраса, жас мұғалімдер 20-22 мың теңге көлемінде ғана алады. Келесі жылдан бастап бюджет қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көтерілмекші.

Әйтсе де, бұл 3 жылғы инфляцияны жабуға қауқарсыз деп есептейді білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Майра Амантаева:

- Бізде индексация, яғни, бағалардың өсуіне, қымбаттауына байланысты жалақының реттелу мәселесі шешілмей отыр. Біз тек заңның орындалуын талап етіп отырмыз. Үкімет заңды орындауды өзінен бастауы керек. Біздің жалақымыз көтерілгенімен, оның өсімін инфляция баяғыда-ақ жеп қойған.

Сұхбаттасымыздың айтуынша, білім саласының қызметкерлері қазіргі уақытта өздеріне тиесілі жеңілдіктерді пайдалана алмай отыр.

- Мәселен, балабақшаларда істейтін тәрбиешілердің еңбегі арзан бағаланады. Бұған қоса олар өз қалтасынан ақша жұмсап, медициналық сараптамадан өтеді. Ол - заңда көрсетілгендей - жұмыс берушінің есебінен болуы тиіс. Ал, бізде жұмыс беруші - Үкімет. Сондықтан, оны жергілікті бюджетке кіргізу қажет.

Сарапшылар білім қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайының нашарлығы осы саладағы дағдарысқа алып келгенін айтады. Соның салдарынан мұғалімдердің өз жұмысына деген қызығушылығы төмендесе, екіншіден, аталған салаларда мамандар тапшылығы қазірдің өзінде байқалуда.

Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы №12-ші көпсалалы гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнәш Төлекова мұндай жағдай білім сапасына кері әсер ететінін айтады:

- Кей кезде «Пәтерімізден шығарып жатыр, бүгін көшіңдер», «пәтер таппай жүрміз, жағдайымыз болмай жатыр» деп жас мұғалімдер жылап келіп жатады. Базардағы қымбатшылық, тамақтың қымбатшылығы, пәтерақының қымбатшылығы - осының бәрі мұғалімге ауыр тиюде. Пәтерақының өзі күннен күнге өсіп жатыр. Қазір коммуналдық төлемдер тағы қымбаттайды деп жатыр. Тамағы мен киіміен, баспанасына ақша таба алмай жүрген мұғалім қалай ойдағыдай жұмыс істей алады?

ҚР-ның Педиатрлар қауымдастығының президенті Камал Ормантаевтың айтуынша, төмен жалақының салдарынан білімді жақсы дәрігерлердің барлығы өз мамандықтарын тастап, өзге салаларға баруда.

- Қазір біздің мемлекетімізде 6 мың дәрігер жетпейді. 7 медициналық институт бар. Оның түлектерінің қайда кетіп жатқанын білмеймін. Базарда отырған бір-екі шәкіртімді көрдім. Ол жерде айлықты көбірек алатын болуы керек. Дәрігерлердің ақшасының аздығы ұлт денсаулығына үлкен зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан тез арада айлықты көбейту керек.

Академик елдегі медициналық қызмет көрсету сапасының төмен болуын да аталған мәселемен байланыстырады:

- Ақшасы аз болған соң жұмысына немқұрайлы, селқос қарайтын дәрігерлер де көбейіп барады. Жақсы дәрігер болу үшін 9-11 жыл оқу керек. Бұндай тәуекелге бару үшін жастар алдымен оның қаржы жағын қарап, ойланады, баруға бола ма, болмай ма деп. Әке-шешеміз қазақ болған соң ақ халат киіп, дәрігер бол, аш қалмайсың деп жібере береді. Ал дәрігерлердің тұрмыстары анау.

Қазіргі таңда жалпы бюджет қызметкерлерінің орташа жалақысы 30-35 мың теңгені құрап отыр. ҚР-ның кәсіподақ федерациясы алдағы акцияда үкіметтен оны 50 мыңға дейін көтеруді талап етеміз деп отыр.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG