Accessibility links

Мереке күнгі қарттар мұңын кім тыңдар...


Бағаның өсуі мен кедейліктің қысып бара жатқанына наразы зейнеткерлер ЕҚЫҰ-ның Алматыдағы кеңсесі алдына барды. Алматы, 30 қыркүйек 2008 ж.

Бағаның өсуі мен кедейліктің қысып бара жатқанына наразы зейнеткерлер ЕҚЫҰ-ның Алматыдағы кеңсесі алдына барды. Алматы, 30 қыркүйек 2008 ж.

Қазан айының бірі - Халықаралық қарттар күні Қазақстандағы қариялар үшін мереке болудан қалды. Жыл сайын олар зейнетақының аздығын айтып, билікке шағымданып жатады.

Үкімет зейнетақыға болмашы ақша қосты, бірақ, ол қаражат өмір сүруге жеткіліксіз.
Зейнеткер Айман Тұтқабаева жастардың ертеңіне алаңдаулы.

- Көп балалы анамын. 15000 теңге зейнетақы аламын. Ол не болады?! Онымен қай жыртығымды жамаймын?! Екі балам ақылы бөлімде оқиды. Біреуі мектепте. Бәрінің аттап басқаны - ақша. Тыным таппай жұмыс істегенде, қартайғанда осындай күйге түсеміз деген үш ұйықтасақ түсімізге кірген жоқ, Заман не болады? Үкіметтің не ойлағаны бар? Тығырықтан қалай шығамыз? Не үй жоқ, не жер жоқ, жастардың келешегі не болмақ?! Жастардың ертеңін ойласам, жүрегім ауырады. Отаныңды сүй, патриот бол дейді. Үйсіз – күйсіз, нанын әрең тауып жеп жүргенде, қайдағы Отанға деген сүйіспеншілік? Қарттар күні ешкімнен шапағат көріп, жылы сөз естіген жоқпыз. Ешқандай қамқорлық жасалып жатқан жоқ.

Тағы бір зейнеткер Рая Бақбергенова:

- Қазақстан әлемдегі қазба байлығы жағынан алдыңғы орында болғанымен, оның игілігін халық көріп отырған жоқ. Үкіметтің жасап отырғаны — «жаны ашымастың қасында басың ауырмасынның» кері. Қазақстан бай, жеріміз үлкен, дамып жатырмыз дейді. Ондай болса, оның қызығын неге ел көрмейді? Бүйтіп дамығаны бар болсын. Алған ақшаң асыңа жетпейді. Базар барсаң, баға деген удай. Қарттар күні деп саусағын қимылдатқан жан баласын көрмедік. Әншейінде, шетелдің әншісі келгенде, оңды-солды шашатын ақшаны одан да азайып бара жатқан кәрі-құртаң адамдарға беріп, көмектеспей ме? Қарияларды адам деп сыйлап жатқан ешкім жоқ. Үкімет басындағылар өздерінің қарны тоқ, көйлегі көк болған соң, халықтың қиналып жатқанын қаперіне да алмайды.

«Бүгін киноға тегін кіргізді. Жай күндер болса, есігінен сығалатпас еді» деп үйіне бет алған зейнеткер Валентина Иванова:

- Зейнетақы аз. Ештеңеге жетпейді. Тіпті, кейінгі кезде ауырмайтын болдық. Себебі, дәріге ақша жоқ. Мерекемен құттықтаған ешкім жоқ. Мерекеңізбен деген сөзді естімегелі қай заман. Әйтеуір, қалт-құлт етіп, қарайып жүрміз. Өлместің аз-ақ алдында күнкөріс жасап жатырмыз. Үкімет зейнетақы мөлшерін қайта есептеп шығарамыз деп уәде еткен, сол уәде сөз қалпында қалып барады. Қалыптасқан жағдайға қиын да болса, бейімделіп жатырмыз. Басқа не істейміз?!

Жалғызбасты қарттар мен қараусыз қалған ата-аналар паналап отырған Алматыдағы Ардагерлер үйіне хабарласқанымызда, ойланып алуды өтінген аталған мекеменің директоры Батай Қабылов қайта байланысқа шыққанымызда:

- Сұхбат бере алмаймын. Ондай шаруаға араласып көрген адам емеспін. Жалпы, біраз жұмыстар жасалып жатыр ғой, - деп қысқа қайырды.

XS
SM
MD
LG