Accessibility links

Қазақстандағы «Табиғат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мэлс Елеусізов Алматы қаласының мәслихаты мен оның хатшысы Төлеубек Мұқашевтың үстінен сотқа арыз түсірді.

Биылғы Сенат депутатының сайлауына кандидат болып түсуге ниет білдірген эколог соттан жауапкерлерді өзінің конституциялық құқығын бұзды деп тануды сұрап отыр.
«Қолымдағы тізім бойынша Алматы қаласы мәслихатының депутаттарына хабарласқанымда, олардың барлығы бір ауыздан Жұмабек Төрегелдіновке дауыс беретіндіктерін айтып, менің кандидаттығыма қолдау білдіруден бас тартты»,- деді ол.
Сонымен қатар, Мэлс Елеусізов депутаттардың аты-жөні жазылған тізімді алғанымен, олардың әрқайсысына хабарласып және кездесу ұйымдастырудың өте қиын болғанын жеткізді.
-Депутаттардың телефон нөмірлерінің «құпия» болатындығын осы уақытқа дейін білмеппін. Соған қарамастан, олардың барлығымен жеке-дара әңгімелесіп, тіпті кейбірімен бетпе-бет кездестім. Сол кезде-ақ, мәслихат депутаттарының алдын ала таңдау жасап қойғанына көзім жетті. Олардың кейбірі Жұмабек Төрегелдіновтың сайлау алды үгіт-насихат жұмыстарын үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап жіберіп, осы уақытқа дейін сый-сияпатын жасап қойғандығын айтты. Оларды мен үшін дауыс беріңдер деп үгіттеген жоқпын. Тек Орталық сайлау комиссиясына кандидат ретінде тіркелу үшін қол жинау қағазына қол қоюларын сұрадым»,- деді Мэлс Елеусізов.
Сайлау туралы заңға сәйкес, Сенат депутаттығына үміткер болу үшін аталған құжатқа төрт мәслихат депутатының қолы қойылса жеткілікті. Сондай-ақ, бір үміткерге ең көп дегенде тоғыз ғана депутаттың қолдау білдіруге құқығы бар. Бұл ереже заңмен бекітілген.
Ал Мэлс Елеусізов болса, үгіт-насихат жұмыстары басталмай жатып, мені аттың үстінен аударып тастады деп, мәслихат депутаттары кінә артып отыр. Сонымен, Алматы қаласы бойынша сенатор болуға үміттенген 4 адамның үшеуі ғана Орталық сайлау комиссиясының тіркеуінен өтіп, үміткер ретінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу құқығына ие болды.
Сонымен қатар, Мэлс Елеусізовтың айтуынша, Қазақстан ЕҚЫҰ төраға болар алдында сайлау туралы заңды түгелімен өзгерту керек. Оның пікірінше, бүгінгі заң демократиялық стандарттарға сай емес. Мұны ол былайша түсіндіріп берді:

- Бір таңғаларлығы, мәслихат депутаты атану үшін орташа есеппен 33 мың адамның дауысы керек. Ал сенаторға бар-жоғы 36 адам ғана дауыс береді. Сондықтан да, бұл заңды өзгерту керек. Өйткені, ол сайлау деген түсінікті жоққа шығарып тұр. Осыдан қараңдар, ертең бұл сайлауды бақылауға өркениетті мемлекеттердің бірде-бір өкілі келмейді. Себебі, қайдағы жоқ 36 адам парламенттің жоғары палатасына сенаторды сайлайды. Шынын айтар болсақ, бұл парадокс және есуастық.
Дегенмен, Мэлс Елеусізов президенттің тағайындауымен жүзеге асатын депутаттық мандат өзіне бұйыртып жатса, одан бас тартпайдындығын мойындады. Талай жылдан бері Қазақстанның экологиясына жанашыр болып жүрген ол осы уақытқа дейінгі болған сайлаулардың бірде-біреуінен тыс қалмауға тырысыпты. Мэлс Елеусізов алты рет мәжіліс депутаттығына және екі рет президентікке өз кандидатурасын ұсынған екен. Солай бола тұрса да, кандидат ретінде бірде-бір рет жетістікке жеткен емес.
Осы мәселеге байланысты Алматы қалалық мәслихатының хатшысы Төлеубек Мұқашевке хабарласқанымызда, ол түскі екінің кезінде біздің сұрақтарымызға жауап беруге уәде берді. Алайда, белгіленген уақытта телефон шалғанымызда, хатшы өз орнында болмай шықты. Дегенмен, қалалық мәслихат аппаратының жетекшісі Мақсатхан Анапинмен сұхбаттасудың мүмкіндігі туды. Ол Азаттық тішісінің сұрақтарына былайша жауап берді:
- Мэлс Елеусізовтың өзі кінәлі. Ол үміткер ретінде тіркелу үшін кем дегенде төрт депутаттың қолдауына ие болу керек еді. Бірақ, осының өзіне де жете алмады. Бұл жерде Төлеубек Мұқашевтің ешқандай кінәсін көріп тұрған жоқпын. Сондықтан да, Мэлс Елеусізовтың бүгінгі іс әрекетін өз-өзіне жасаған кезекті жарнама ретінде бағалау керек, -деді ол
Заңға сәйкес, Сенат депутаттарын жанама сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру жолымен мәслихат депутаттары сайлайды. Сенат депутаттығына кандидат облыс мәслихаттарының, республикалық маңызы бар қала немесе Республика астанасы мәслихатының өкiлдерi болып табылатын таңдаушылардың жалпы санының кемiнде он процентiнiң қолдауына, бiрақ бiр мәслихаттан таңдаушылар дауысының жиырма бес процентiнен аспайтын даусына ие болуға тиiс.
XS
SM
MD
LG