Accessibility links

Рамазан Есіргеповтің қылмыстық қудалануының күнтізбесі


Журналист Рамазан Есіргепов сот үкімі шыққан күні. Тараз, 8 тамыз, 2009 жыл.

Журналист Рамазан Есіргепов сот үкімі шыққан күні. Тараз, 8 тамыз, 2009 жыл.

Рамазан Есіргепов 2009 жылдың 6 қаңтарында Алматыда ауруханада жатқан жерінен тұтқынға алынды. Бұған дейін оны Тараз қаласына күштеп әкетпек болған, бірақ Рамазан чекистердің қолынан сытылып шығып, біраз уақыт АҚШ елшілігін паналады.

Келесі күні Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Алма-Ата Инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповтың тұтқындалуын саясаттандыруға қарсы екенін айтып, мәлімдеме жасады:

«ҰҚК баспасөз қызметі, ақпарат құралында құпия құжаттарды жариялағанына қатысты факт бойынша қылмыстық іс қозғалғаннан бастап, Рамазан Есіргеповтың бірнеше рет тергеушінің шақыруын қабылдамай, түрлі сылтаулар айтып, алдын-ала тергеу органдарына жауап беруден қашқақтап жүргеніне назар аудартқысы келеді. Дей тұрғанмен ол Жамбыл облыстық ҰҚКД келетіндігі жайында бірнеше рет ауызша уәде берген.

Сондай-ақ, атап өтетін бір жайт, Есіргепов аталмыш қылмыстық істі жүргізу барысын және тергеу қызметкерлерінің заңды жұмысын әрдайым саясиландыруға тырысады»

Дәл сол қаңтардың 7-сі күні Рамазан Есіргепов Тараздың тергеу изолляторында аштық жариялады. Адвокат Анна Пахотинаның
айтуынша, ол камерада бір өзі ғана қалған.

Қаңтардың 8-інде Рамазан Есіргеповтың аштық акциясын әлі жалғастырып, сондай-ақ жауап беруден бас тартып жатқандығы мәлім болды. ҰҚК ның тергеушісі, оның аштықты тоқтатып, жауап бере бастағаны абзал екендігін айтады. Құқық қорғаушылар редактордың денсаулығына алаңдаушылық білдіріп отыр. Бұл ақпаратты әйелі Раушан Есіргепова мен қоғамдық қорғаушысы, журналист Владимир Воевод растаған болатын.

9 қаңтарда сот Рамазан Есіргеповты қамауға алу туралы шешім шығарды. «Журналистер қауіп-қатерде» баспасөзді қорғау қорының президенті Розлана Таукина мұндай қатаң шараға барудың қажеті жоқ екенін айтып, Рамазан Есіргеповтың қоғамға ешқандай да қауіп туғызбайтынын мәлімдеді.

Бір апта өткеннен кейін 14 қаңтарда - Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымы Рамазан Есіргеповтің тағдырына алаңдап, оны босатуға шақырды. Аталған ұйымның БАҚ бостандығы бойынша өкілі Миклош Харасти ресми Ақорданы “мемлекеттік құпия болып табылатын мәліметтерді заңсыз жинап, жариялады” деген айыппен абақтыға жабылған журналисті босатып, ел заңдарын халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге шақырған мәлімдеме жасады.

Қаңтардың 27-і күні кейбір тәуелсіз басылымдарда жарияланған үндеуінде «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов өзіне қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жасап жатқан «заңсыз іс-әрекетіне» елдегі саяси партияларды тиісті баға беруге шақырды, Тараз қаласындағы тергеу абақтысынан жолдаған үндеуінде ол өз басындағы шырғалаң басталған былтырғы күзден бастап осы кезге шейін саяси партиялардың ешқайсысы оған қатысты ұстанымдарын білдірмегеніне қынжыла жазды. Сол кезеңде
ҰҚК офицерлері Рамазан Есіргеповты Таразға осы мәшинемен әкетпекші болды. Алматы, 1 желтоқсан 2008 жыл.
ҰҚК оны тұтқындауға екі рет әрекет жасағанын, ал өзі басқаратын газет қудалауға түсіп, ақыры жұмысын тоқтатуға мәжбүр болғанын айтты.

Екі күннен соң, 29 қаңтарда, Қазақстан қауымдастығы билік орындарын “Алма-Ата инфо” газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповты азат етуге шақырды. Бейсенбі күні Қазақстанда тіркелген 10 партияның алтауы осы шақыруды қолдады.

3 ақпанда Астанада өткізген баспасөз мәжілісінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз хатшысы Кенжеболат Бекназаров ҰҚК-нің қызметкерлері «Алма-Ата ИНФО» газетінін бас редакторы Рамазан Есіргеповті оның тергеу ісіне көмектесуден бас тартқаны үшін ұстауға мәжбүр болды деп айтты.

Бір аптадан соң Тараз қаласындағы тергеу изоляторында отырған «Алма-ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов ашық хат жазды. Бас редактордың өз қолымен жазылған ашық хат аталған басылымның редакциясына келген. Бұл ақпаратты Азаттық радиосына «Алма-ата инфо» газетінің тілшісі Владимир Воевод растап берді. Ашық хат иесі ҚР ҰҚК-нің өзіне қатысты таратқан ақпараттарының жалғандығын айтады.

«Дауысты да, қолтаңбаны да, ақша мен суретті де қолдан жасауға болады, бірақ адамның жанын жасау қолдан келмейді. Рейдерліктің классикалық түрін әшкерелегенім үшін мен түрмеде отырсам да, ел алдында еңсем биік. Сондай-ақ мен «Біздің елімізді кім басқарып отыр — Президент пе, әлде ҰҚК ме?» деген материалды қайтадан жариялар едім», — делінген хат мәтінінде.

Үстіміздегі жылғы сәуірдің 10-ы күні Тараз қаласындағы № 2 сотта «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповке, "БМ" компаниясының басшысы тараздық кәсіпкер Сұлтан Махмадовқа және осы компанияның күзет қызметінің басшысы Ерлан
Рамазан Есіргеповтің әйелі Раушан баспасөз бостандығын қорғау демонстрациясында наразылық танытып тұр. Алматы, 24 маусым 2009 жыл.
Сәндібаевқа және компанияның қызметкері Владимир Синявскийге қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша сот тыңдауы басталады. Алайда, үш түрлі айып тағылған Есіргеповті сотта қорғайтын адвокаттар мемлекеттік құпияға қол жеткізуге рұқсат қағаз ала алмады.

3 маусымда Алматыда «Алма-Ата-инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповтің қоғамдық қорғаушылары бас қосып, қазіргі Тараз қаласының тергеу абақтысында жатқан журналистің денсаулығының сыр бергенін мәлімдеді

24 шілдеде Тараз қаласындағы №2 сотта жабық жағдайда өтіп жатқан процесте прокурор судьядан айыпталып отырған 4 адамды кінәлі деп тауып, оларға түрлі жаза белгіленуін, солардың арасында журналист Рамазан Есіргеповті 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Бір аптадан соң Алматыда жиналған мемлекеттік емес журналистердің ұйымдары ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәмидің атына ашық хат жолдады. Онда олар жуық арада шешімі шығу тиіс Рамазан Есіргеповтің ісін жіті бақылауға алуды сұрады.

31 шілдеде Рамазан Есіргеповке қатысты сот отырысындағы жарыссөздер аяқталды. Сот үкімі тамыздың 7 шығады деп хабарланды. Алайда 7 тамыз күні сот үкімін жариялау мерзімі белгісіз уақытқа кейінге шегерілді. Бірақ сол күні түстен кейін сот үкімінің 8 тамызда шығарылатыны туралы шұғыл шешім қабылданады.

8 тамызда «Алма-Ата инфо» басылымының бас редакторы Рамазан Есіргепов, кәсіпкер Сұлтан Махмадов пен оның күзетшілері Ерлан Сандыбаев және Вадим Сеньявскийге қатысты сот үкімі шығарылды. Кәсіпкер Сұлтан Махмадов жеті жылға, "БМ" компаниясының күзетінің бастығы Ерлан Сәндібаев 8 жылға, ал Рамазан Есіргепов үш жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ тәуелсіз журналистке екі жыл журналистік және баспа жұмысымен айналысуына тиым салынды. Вадим Сеньявский 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG