Accessibility links

"Лайықты баспана үшін" қоғамдық ұйымының мүшесі Сәуле Тасболатқызы елде дағдарыс басталғаннан бері өзінің жұмыссыз қалғанын айтады. Банктен алған ипотекалық несиесін бірнеше айдан бері төлей алмай отыр екен.

- Үкімет банктердің борышкерлеріне кемінде 3 жылға дейін мораторий жарияласа. Біз қарызымызды төлемейді емеспіз, төлейміз. Бірақ жұмыссыз қалып, балаларымызды асырай алмай отырғанда, үкімет дағдарыстан шыққанша көмектессе екен. Мысалы, Казкоммерцбанктен ипотекалық несие алдым. Олар маған уақытша төлемеуге мүмкіндік берді. Бірақ есесіне, пайызды екі есе көп төлеймін. Бұл халықты қанау ғой, - дейді борышкер.

Екінші дәрежелі банктердегі несие пайызының өте жоғары екенін Қазақстандағы құрылысшылар қауымдастығы да көтеріп отыр. Олар Үкімет басшысына осы мәселемен шықты. Құрылысшылар қауымдастығының төрағасы Айдын Рахымбаевтың айтуынша, банктердегі 18-16 пайызды 10 пайызға дейін төмендетсе, құрылыс та тығырықтан шығушы еді.

"Несие пайызы төмен болса, халыққа да пәтер алуға мүмкіндік туады. Бүгін пайыздың жоғарылығынан несиені ешкім алмайды", - дейді Рахымбаев.


Құрылысшылар қауымдастығы сонымен бірге, парламентте талқыланып жатқан "Үлескерлік құрылыс туралы" заң жобасын сынға алды.


- Егер аталған заң жобаны парламент сол күйінде қабылдаса, дағдарыстан қалған нарықтағы 30 пайыз компанияның 10 пайызы ғана қалуы мүмкін. Бұл құрылыс саласын монополияға әкеледі. Сосын Ресейдегі секілді пәтер бағасы бірден екі есеге өседі. Қазір пәтерлердің шаршы метрі 1000, 1500 доллар болса, заң қабылданғаннан кейін 3000 долларға бірақ көтеріледі, - деді құрылысшылар қауымдастығының төрағасы Айдын Рахымбаев.


ҚР Индустрия және сауда министрі Владимир Школьник "Үлескерлік құрылыс туралы" заңдағы өзгерістерді Канададан алынған озық тәжірибе деп атады. Онда құрылыс компанияларына бірнеше қатаң талап қойылған. Заң жобасына сәйкес, үлескерлердің алғашқы салған ақшасы пәтерге кіргенге дейін, банктерде депозит ретінде сақталады. Ал компаниялардың кемінде нарықта 3 жылдық тәжірибесі болуы шарт және кемінде 100 пәтерлік тұрғын үй салу керек, сонымен бірге үлескерлер ақшасының 20 пайызын құрайтын жеке жарғылық капиталы болуы керек.


Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов құрылысшылар қауымдастығының көтерген мәселесіне нақты жауап берген жоқ. Тек "құрылыс компаниясы бәсекесіз қалуы мүмкін" дегенге "сендер ұйықтамай жұмыс істеңдер" деп жауап берді. Ал 2008-2010 жылдарға арналған "мемлекеттік тұрғын үй" бағдарламасына үкімет өзгеріс енгізетін болды. Онда бюджеттік қызметкерлер сатып ала алмаған пәтерлерді нарықтық бағамен, басқа салада жұмыс істейтіндерге сату көзделген.


Ал ипотекалық несиеге қатысты, премьер-министр Кәрім Мәсімов 25 қарашада тұсауы кесілетін үкіметтің "дағдарысқа қарсы тұру" бағдарламасында жан-жақты айтылатын болады деді.


- Біз Қазақстандағы төрт ірі банктің акцияларын сатып аламыз дедік қой. Қазір банктермен келіссөздер аяқталу үстінде. Осыған дейін ипотекалық несиеге мемлекеттің араласуы қажет емес деп ойлап келдік. Бірақ олай болмай шықты. Енді, мемлекет сатып алған акциялар арқылы бұл мәселе таяу арада шешілуге тиіс, - деді Карім Мәсімов.


Қаржыгер Ғалым Байназаров бұл мәселеде Қазақстанға ислам банк жүйесін әкелу керек деп есептейді.

"Парламентте қазір ислам жүйесін енгізу мәселесі талқыланып жатыр. Осыны тез қабылдауымыз керек. Бүгінде Ислам банктері АҚШ-тың ең ірі банктерін дағларыстан құтқарып отыр. Бұл жүйе әсіресе ауылдағы халыққа тиімді болушы еді. Олардың несиелік пайызы өте төмен келеді", - деді елдегі Ұлттық банктің тұңғыш төрағасы болған Ғалым Байназаров.
XS
SM
MD
LG