Accessibility links

Бүкіләлемдік қаржы дағдарысы әлемдік баспасөздің негізгі тақырыбына айналды. «Шетелдерден қарыз алған банктерге демеу көрсету жолында Қазақстан өз меншігіндегі қол сұғуға болмайтын Ұлттық мұнай қорын тауысты, – деп жазады Washington Post газеті.

Батыста өріс алған банк дағдарысы әлемдегі бір де бір елді айналып өткен жоқ. Тіпті ең өзгеріске ұшырамайды, қауіпсіз және жеткілікті қамтамасыз етілген деген елдердің өздері де қиындықтарға кезікті, – деп жазады британдық Independent газеті. Бірақ, күйреу мен тәуекелдің барысы әр елде әртүрлі дәрежеде байқалуда.

Дағдарыстың дауылына алғашқылардың бірі болып Исландия ұшырады. Одан кейін басқа елдерге де кезек жақындады. Independent басылымының журналистері қаржылық-банктік жүйеде және дефолтта бастарына барынша қара бұлт төніп тұрған 16 мемлекеттің «қара тізімін» жасап қойды. Нақты қауіп Эстония, Латвия, Литва сияқты елдерге төнді. Көптеген ғалымдар осы елдердің біразы Исландияның аяғын құшады деп таласқан еді, - деп жазады газет.

Балтық мемлекеттерінен кейін елде кеңінен таралған қаржылық дағдарысты жеңу үшін Украина Халықаралық валюта қорына «алақан жайып», 14 миллиард доллар сұрауға мәжбүр болды.

Украинаға, Венгрияға, тағы басқа да экономикасы дамыған елдерге дағдарыс дабылынан сезіктенген шетелдік инвесторлардың өз ақшаларын асығыс-үсігіс қауіпсіз жерлерге шығара бастаған шағынан бастап қиындық туды.

«Бұрынғы кеңестік мемлекеттерде инфляция деңгейі өсіп, шектен шығу қаупі басталғанда, бірқатар көршілері сияқты, Украина банктік дағдарыс кезеңінде қалыпты жағдайын сақтап қалды».

Independent газеті Қазақстандағы жағдай туралы былай деп жазады: «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өткен айда сөйлеген сөзінде Ресеймен қарым-қатынасты кеңейтуге шақыра отырып, елді кредиттік дағдарыстан қорғау жоспарларын атап өтті. Президент қаржылық қор көздері туралы және де 2015 жылы күніне 2,3 миллион баррель мұнай шығару көзделгеніне қарамастан, болашақта Ресеймен жасалған энергетикалық келісім экономикалық тұрақтылық үшін аса маңызды деп мәлімдеді. Өткен аптада президент 45 ірі жобаны қаржыландыру мақсатына 50 миллиард доллар бөлінгенін, 1,5 миллиард доллар мемлекеттік тұрғын үй құрылысын аяқтауға тартылатынын тағы да мәлімдеді. Үкімет сонымен бірге, 41700 доллар соманы салымшылардың депозиттеріне кепілдікке бөлді.

Қазақстанның орталық банкі келесі жылы төленетін 15 миллиард долларды қосқанда, бірде-бір банктің шетелдік несиелер бойынша қарызын төлемеуіне жол бермейтінін айтты. Алайда, Канададағы Королдік банктің (Royal Bank of Canada) бағалауынша, Қазақстан міндеттемелерін орындай алмайтын елдер қатарында Латвиямен бірге Исландиядан кейінгі екінші орында тұр. Үкімет, сондай-ақ, банктер 40 миллиард доллар несиені қайта қаржыландыра алмаған жағдайда оларға қаржылық көмек беруге міндетті, соңғы аптада Қазақстан банктері акцияларының құны төмендеді».

Басқа елдерде де жағдай мәз емес. Аргентина да қаржылық дағдарысты бастан кешуде. Бұл 2002 жылы несие саласына мемлекет дефолт жариялаған кезді еске түсіреді. Венгрияға тек сыртқы қарым-қатынасқа ғана иек артуға тура келеді. Европалық орталық банк бұл елге 5 миллиард еуро бөлу арқылы еркін тыныс алуына мүмкіндік тудырып отыр. Халықаралық валюта қорынан қарыз алуға үміт етіп отырған Түркия да төлем мүмкіндігі жөнінен тапшылықты сезуде.

Пәкістандағы экономикалық дағдарыс көше қақтығыстарын туғызуда. Жергілікті банктер мен кәсіпорындардың акциялары құлдырап кетті, сөйтіп, ызаға булыққан салымшылар Карачидағы қор биржасының ғимаратын қиратты. Әлсіреген экономикасының жағдайын түзеуге үкімет те қауқарсыз.

Ресейге қатысты айтатын болсақ, оның экономикасы да үрейге толы. Жергілікті акционерлік компаниялардың капитал қоры 1 триллион долларға азайды. Үкімет банктерге 86 миллиард доллар қысқа мерзімді несие берді. Шетелдік инвесторлар, Украинадағы сияқты, елден қашып кетуде. Өткен екі айда ғана, әсіресе, Грузиямен соғыстан кейін Ресей экономикасынан 33 миллиард доллардан астам қаржы шетелге шығарылды.

Ұлттық валютаның құнсыздануы мен экономикалық өсудің тежелу қаупі Бразилия, Оңтүстік Корея, Индонезия, Үндістан, Испания мен Қытайға да төніп тұр. Мұнай өндіруші мемлекеттердің дағдарыс кезіндегі жағдайына американдық Washington Post газеті егжей-тегжейлі сараптама жасады.

Шетелге өзінің қаржылық әлеуетін көрсетудің орнына бай экспортерлер миллиардтаған долларларды шығындап, банк валюталары мен қор нарықтарын сақтап қалуға мәжбүр, - деп жазады басылым.

Мұнай бағасы төменгі шегіне жетті, дағдарыс жағдайындағы бағаның төмендеуі мемлекетті соңғы шараларды қолдануға итермелейді.

«Шетелдерден қарыз алған банктерге демеу көрсету жолында Қазақстан өз меншігіне қарасты, қол сұғуға болмайтын Ұлттық мұнай қорын тауысты, – деп жазады Washington Post газеті.
Авторды сондай-ақ, қаржы көздерін тауысып, қазіргі уақытта мұнай-газ жобаларын қаржыландыру мәселесін шеше алмай отырған Иранның жағдайы да толғандырады, Венесуэла мен Мексикада да қиын жағдай қалыптасқан. Ал, Ресей, Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктері өздерінің қаржылық мекемелерін сақтап қалу үшін резервтік қаржысына жармасты.

Мақалада мұнай державаларының әлі де болса қорлары қалғандығы туралы айтылады: «Парсы шығанағы елдері іскерлік кеңесінің 6 мүшесіндегі қаржылық қор 2 триллион долларды құрайды. Қазақстан мен Ресейдің екі мемлекетті де шайқалтып кеткен 1998 жылғы дағдарыс сияқты қиындықтарды жеңуге қаржылық қорлары әзірше жеткілікті. Тіпті, халқы кедейлікке ұшыраған Нигерияның өзінде сыртқы қарыздарын төлейтін қоры бар.

Газет, сонымен бірге, Ресейдің қазіргі кезде Қазақстан бастан кешіп жатқан жағдайына ұқсас жайттарына ерекше тоқталады. Әлем бойынша үшінші орында тұрған Ресейдің алтын қоры (530 миллиард доллар) сыртқы қарызымен (500 миилиард доллар) бірдей деуге болады.

Басылым сілтеме жасаған сарапшылардың пікірінше, Кремль әлемдік несие дағдарысынан зардап шеккен, көмірсутектерге тәуелді экономикасына мұнай бағасының төмендеуі әсер еткендігін мойындағысы келмейді.

Орталық банк рублдің бағамын ұстап тұру үшін миллиардтаған қаржы жұмсап үлгерді, ал, Владимир Путин мамыр айында қол жеткізген қаржыларының 70 пайызын жоғалтқан банктер мен қаржы қорларын сақтап қалу үшін 200 мииллиард доллар бөлуге уәде берді. Екі аптаның ішінде валюталық қор 33 миллиард долларға кеміді, егер осылай бола берсе, 9 айдың ішінде қор сарқылады.

Мұнай бағасының төмендеуі жалғаса беретін болса, Путиннің таңдауы азаяды дейді сарапшылар, Ресейде бюджеттік, оның ішінде, әскери шығындар азайтылады, қаржы қорлары сарқылып, рубль әлсірейді.

Фирмалар жұмыс орындарын қысқартып, жобаларын тоқтатуда. Инфляция өсіп бара жатыр. Бірақ, Кремль телеэфирлердегі «дағдарыс» сөзіне тиым салу арқылы қоғамның наразылығына тосқауыл болып отыр, - деп жазады американың астаналық газеті.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG