Accessibility links

Козловқа шүйліккен тек «желтоқсаншылар» емес


Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев (оң жақта) және "Желтоқсан 86" ұйымының белсендісі Талғат Рысқұлбеков. Алматы, 27 қазан 2010 жыл

Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев (оң жақта) және "Желтоқсан 86" ұйымының белсендісі Талғат Рысқұлбеков. Алматы, 27 қазан 2010 жыл

Бейсенбі күні тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловқа қатысты қаржы полициясы тексеру бастады. Оған салық департаментінің "жеке кәсіпкер Козловтың миллиондаған сома көлемінде салық төлемегендігін анықтауы" себеп болған. Билік органдары бұл іс-шаралар Козловтың саяси көзқарасымен еш байланысты емес екендігін айтады.


Қаржы полициясы тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловтың қызметіне тергеу алды тексеріс жүргізіп жатыр. Алматы қаласының салық департаменті биылғы сәуір-маусым айларында жеке кәсіпкер Владимир Козловтың қызметіне қатысты кешенді салықтық тексеріс жасаған.

«МИЛЛИОНДАҒАН ТЕҢГЕ САЛЫҚ»

- [Владимир Козловтың] жалпы сомасы 3,3 миллион теңгеден асатын салық және бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдерді төлеуден жалтаруға байланысты салықтық заңнаманы бұзғаны анықталды, - дейді ресми өкіл.

Оның сөзінше, салық тексеруінің қортындысы бойынша қылмыстық белгілер пайда болғандықтан жеке кәсіпкер Козловтың қызметіне қаржы полициясы тергеуге дейінгі тексеріс жүргізіп жатыр. Ол бұл тексерістің саясаткердің саяси көзқарасына еш қатысы жоқтығын айтты.

Ал Козловтың өзі бұл мәселеге қатысты керісінше пікірде. Салық инспекторлары тексеруді ерте бастағанын мойындағанымен, бұл іске қаржы полициясының тез арада араласуы қазанның 22-сіндегі мәлімдемесімен тікелей байланысты екендігін айтады. Сәрсенбі күні болған қақтығысты да Козлов өзінің мәлімдемесімен байланыстырып отыр.

«ТЕКЕНІҢ БАЛАСЫ»

Сәрсенбі күні ұлттық баспасөз клубында болған жайтты Владимир Козлов өзіне қатысты ұйымдастырылған арандатушылық әрекет деп бағалап отыр.

- Біріншіден, бұл адамдар менің намысыма тиді. Тек маған ғана емес, әкеме де тіл тигізді. Мені «текенің баласы» деді. Мен бұл жайтты сол адаммен өзім жеке шешемін.
Владимир Козлов, тіркелмеген "Алға" партиясының төрағасы Ұлттық баспасөз клубының қасында. Алматы, 27 қазан 2010 жыл

Ал, екіншіден, олар Конституцияға қарсы шықты. Олардың сөзінше, ұлты орыс азамат президенттікке үміткер бола алмайтын көрінеді. Біз кешегі баспасөз мәслихатында түсірілген барлық бейне таспаны жинастырып, прокуратураға береміз. Бұл жайтпен құқыққорғау органдары айналыссын. Ал үшінші жайт, бүлік шығарғандар көпшіліктің көзінше мені өлтіремін деп қорқытты. Сондықтан құқыққорғау органдарынан маған жеке күзет беруді талап етемін, - деді Владимир Козлов Азаттық радиосына.

«ҚАЗАҚСТАН - ҚАЗАҚ ҮШІН»

Козловқа жұмыртқа лақтырған Талғат Рысқұлбеков жиынға биліктің тапсырысымен емес, азаматтық көзқарасын білдіру үшін барғандығын айтады.

- Біз ешкімнің қолшоқпары емеспіз. Биліктің тапсырысымен істейтін болсақ, біз анау ұлттық прес клубтың күлін көкке ұшырып, Козловты ол жерден носилкамен алып шығушы еді. Біз ешқандай дайындықсыз бардық,- дейді Талғат Рысқұлбеков.

- Ал жұмыртқа қайдан пайда болды?

- Козлов өз кандидатурасын президенттікке ұсынатындығын естігенде, өз құлағыма өзім сенбедім. Қазақ жерінде олай болмайтындығын айтқым-ақ келген. Ұрыссыз. Бірақ Серікболсын Әбділдиннің Назарбаевты жамандап, Козловты жақтап отырған сөзін тыңдап, ашуланғаным соншалық жанымдағы жігіттердің бірін клубтың маңындағы дүкеннен жұмыртқа алып келуге жібердім, - деді сұхбаттасымыз.
Талғат Рысқұлбеков, "Желтоқсан-86" ұйымының мүшесі. Алматы, 27 қазан 2010 жыл

- Сөздің шыны керек, қай ұлтқа болсын Құдай өз жерін беріп қойған. Сондықтан демократия атын жамылып, әр түрлі қитұрқылықпен түбі әйтеуір осы жердің байлығын көксеген ойлары ғой. Барлығы да оттамасын. Ешқайсысының қазақтың еліне, қазақтың жеріне үстемдік жасап, президент болуына қақысы жоқ. Қазақ мемлекеті ме - президент тек қана қазақтан сайлануы керек! Конституцияда шатағым жоқ, халықтың шешімі солай. Егер олай болмаса, қай уақытта да біздің тарапымыздан қарсылыққа ұшырай береді, - деді Азаттыққа Талғат Рысқұлбеков.

САЙЛАУДАН ӘРКІМНІҢ-АҚ БАР ДӘМЕСІ

Саясаттанушы Санжар Боқаевтың сөзінше, билікке Козлов сияқты оппонент керек-ақ.

- Қазіргі билікке Козловтың сайлауға қатысуы – плюс болады. Батыс елдері алдында «міне, біздегі демократияның дамығаны соншалық, президент сайлауына оппозиция қатысып жатыр» деуге. Ал оның жеңіп шығуы деген екінші мәселе. Козловтың Назарбаевқа қарағанда танымалдығы, әкімшілік-қаржылық мүмкіндіктері тым аз, - дейді саясаттанушы.

Қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов сайлауға түсуге кез-келген азаматтың құқығы бар дегенді айтады.

- Конституцияда жазылған Қазақстанда 15 жылдан аса тұрып келетін, қазақ тілін жетік меңгерген кез келген азамат президент бола алады деп. Осы тұрғыдан алғанда желтоқсандықтардың бұл қылығы жөн емес, - дейді Шаханов.
Егер ол бір ауданға барып, немесе қалалық маслихатқа сайлауға түсетін болса, сол жерден өтпейтін азамат. Оны ешкім танымайды.

Ал Мәжіліс депутаты Нұртай Сабилянов желтоқсандықтардың бұл әрекетін демократияның бір көрінісі деп біледі.

- Желтоқсандықтарды ешкім алдыға салып, айтақтаған жоқ. Бұл - олардың өз еркімен барып, ой-пікір білдіргені. Бізде демократиялық қоғам болғандықтан, өз көзқарасын білдіруге әркім құқылы, - дейді депутат.

Оның сөзінше, Козловтың президент сайлауына қатысамын деуі ақылға қонымсыз көрінеді.

- Егер ол бір ауданға барып, немесе қалалық маслихатқа сайлауға түсетін болса, сол жерден өтпейтін азамат. Оны ешкім танымайды. Өзін-өзі ақпарат құралдары арқылы жарнамалап жүрген азамат. Сондықтанда ондай азамат қай түрімен жоғарғы жаққа сайлауға түспекші? - деді депутат.

"ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАРША" ЖҰДЫРЫҚТАСУ

Қазанның 27-сі күні Ұлттық баспасөз клубында оппозициялық саясаткерлер Серікболсын Әбділдин, Ғазиз Алдамжаров және Владимир Козлов өткізбек болған баспасөз жиыны жанжалға ұласқандығы жайлы Азаттық жазған еді.
Гүлбахрам Жүніс (сол жақта), "Желтоқсан-86" ұйымының төрайымы журналист Шәріп Құрақбайдың жағасынан алып тұр. Алматы, 27 қазан 2010 жыл

Онда Талғат Рысқұлбековпен бірге, желтоқсан оқиғасына қатысушылар құрған алты ұйымның бірі болып саналатын «Желтоқсан-86» ұйымының жетекшісі Гүлбахрам Жүніс те болды. Ол жиынға қатысқан тәуелсіз журналист Шәріп Құрақбаймен сөзге келіп қалып, оны жұдырықтай жөнелген. Екеуін Медеу аудандық ішкі істер бөліміне алып кеткен еді. Полиция бірнеше сағаттан кейін түсініктеме жаздырып, екеуін де босатты.

Ал Шәріп Құрақбай оқиғаға қатысты пікірін өз мақаласында жазатындығын, әйел адамның үстінен сотқа шағымданбайтындығын жеткізді.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG