Accessibility links

«Маңғыстаумұнайгаздың» қалған бөлігін «Газпром нефть» сатып алса, жанармай стансаларының көбісінің иесі «Гелиос» нарықтан ығыстырылуы мүмкін.

Таяуда, қазақстандық және ресейлік сайттардың біразында осындай ақпараттар жарияланды. Мұндай әңгіменің шындыққа айналуы мүмкін екенін кейбір сарапшылар да жоққа шығармайды.
«ҚазМұнайГаз» Қазақстандағы ең ірі компаниялардың бірі болып табылатын Маңғыстаумұнайгаздың» 51 пайыз акциясын иеленгеннен кейін, оның қалған 49 пайызын ресейлік компаниялардың бірі сатып алады деген әңгімелер көп айтылды. Ұлттық компанияның президенті Серік Бүркітбаев та «Газпром Нефттің» ММГ-ның қалған акцияларын сатып алуға мүмкіндігі мол екенін жасырған жоқ. Сонымен, индонезиялық компанияның қалған бөлігін кімдер сатып алады? «Газпром Нефть» пе, әлде басқа компаниялардың бірі ме? Бұл жақын күндері белгілі болады.
Егер сәуегейшілердің айтқаны орындалып, «Маңғыстаумұнайгаздың» 49 пайызына иелік етуде аталмыш ресейлік компанияның бағы жанса, олар қазақстандық ішкі нарықтағы жанармай сататын компанияларға бәсекелес болып, оның кейбірін ығыстыруға күш салуы мүмкін. Ішкі нарықтан шеттетілуі ықтимал компаниялардың бірі ретінде «Гелиостың» аты аталып жүр.
Осыдан бірнеше күн бұрын yandex.ru сайтында «Газпром Нефть» компаниясының басшысының орынбасары Борис Зильбермицаның «Маңғыстаумұнайгаздың 49 пайыз акциясын сатып алудан бөлек, біздің компания Қазақстанның ішкі нарығындағы мұнай өнімдерін сату ісімен де айналысуды жоспарлап отыр. Өзіміздің жүйемізді құрамыз. Бәрін басынан бастамас үшін, сондағы барды сатып алу жағын қарастырамыз» деген сөзі басылды.
Кейбір сарапшылардың айтуынша, ресейлік «Газпром Нефть» ММГ-дың қалған 49 пайызына иелік етсе, Павлодардағы мұнай өңдеу зауыты бірден солардың бақылауына өтіп, қазақстандық компанияның еншілесі болып саналатын «Гелиосты» қалай болғанда да ішкі нарықтан ығыстыруға тырысады.
Ал ресейлік компанияның өкілдерінің сөзіне қарағанда, олар Қазақстандағы жанар-жағармай сату жүйесінің 30 пайызына иелік етуге мүдделі болып отыр. Дәл қазіргі уақытта, олардың ойын жүзеге асыруға тек «Гелиостың» ғана мүмкіндігі бар. Себебі, бұл компанияның Қазақстан бойынша жанармай сататын стансаларының саны 30 пайызға жетеқабыл.

Дегенмен, кейбір сарапшылар, бұл жағдайдың қалай қалыптасатыны әзірше белгісіз екендігін айтады. Олар «Гелиостың» жанармай сатудағы негізгі қайнар көзі павлодарлық мұнай өңдеу зауыты екенін ескертіп, бұл компанияның сатылуы немесе ішкі нарықтан ығыстырылуы мүмкіндігін болжайды.
Сарапшылардың бұл жөнінде айтып отырған сөзін де жоққа шығаруға болмайды. Себебі, «Газпром Нефть» ең алдымен өзінің жанармай стансаларының жүйесін құрып, павлодарлық мұнай зауыты арқылы Қазақстандағы ірі монополистердің біріне айналуды көздеп отыр. Бүгінгі таңда Омск қаласындағы мұнай өңдеу зауыты ресейлік компанияның меншігі және оның жұмыс істеу технологиясы да павлодарлық зауытпен ұқсас. Сонымен қатар, бұл екі зауытқа да жеткізілетін мұнай бір ғана құбыр арқылы тасымалданады.
Дәл қазіргі кезде «Газпорм Нефть» компаниясының басшылығы екі зауыттың басын қосып, Омскіден А-80, А-93 жанармайын, ал Павлодардан тек дизельдік отын шығаруды да жоспарлап отырғанын ашық айтты.
Сонымен қатар, сарапшылар «Газпром Нефттің» ішкі нарыққа енуіне қазақстандық билік тарапынан ешқандай кедергі болмайтын шығар. Өйткені, олардың павлодарлық зауытты тоқтаусыз толыққанды жұмыс істетуге мүмкіндігі бар. Және, Қазақстанда мұнай өнімдерін көптеп сату арқылы жаз мезгілі кезінде жанармай бағасының қымбаттап кетуіне әсер етіп отырған кейбір компанияларға кедергі болар еді" деп те болжам жасайды.
Аудиторлық компанияның қызметкері Александр Шток қазақстандық басылымдарға берген түсіндірмесінде, "дәл қазіргі кезде «Гелиостың» жанармай стансаларының жүйесі сатылса, қомақты қаржыға бағаланады. Ал «Газпром Нефть» ең алдымен «Гелиосты» емес, ММГ-дың қалған бөлігін иеленетін болса, оның құны бірден төрт есеге дейін төмендеп кетуі мүмкін. Бұл нарықтың заңы. Сонымен қатар, мұны экономикалық мәжбүрлеу деп айтсақ та болады. Десек те, ресейлік компания басқа жолды да таңдауы ғажап емес, олар ең алдымен жанармай саудасымен айналысатын бірнеше кішігірім компанияны сатып алып, «Гелиостан» бас тартуы да мүмкін. Ондай жағдайда қазақстандық бұл компанияның құны мүлдем төмендейді».дегенді айтты.
Қазақстанда «Газпром Нефть» компаниясының ішкі нарыққа еніп, павлодарлық зауытты иелену арқылы мемлекеттегі жанармай сату бизнесінің 30 пайызына қол жеткізуге ұмтылып отырғанын қолдамайтын сарапшылар да бар.
Саясаттанушы Әзімбай Ғали «Азаттық» тілшісіне берген сұхбатында, бұл жағдайды былайша баяндап берді:
-Бірнеше жылдың ішінде Ресей капиталының Қазақстанға енуі күшейді. Оның қаншалықты дұрыс екені мен үшін белгісіз. Бұл мемлекеттің соңғы кездері сыртқы саясаттағы әрекеттеріне қарап, оның Қазақстан үшін де қауіпті екенін түсінуге болады. Егер де ертең екі мемлекеттің арасында түсініспестік орнайтын болса, олар ең алдымен осындағы бизнестері арқылы қысым жасауға ұмтылады. Мәселен, жанармайдың бағасын қымбаттатып жіберуі мүмкін.
Одан соң, соңғы кездері Ресейдің сыртқы саясаты өте қатерлі болып тұр. Олар АҚШ және Батыс мемлекеттерімен қарым-қатынастарын салқындатып алды. Бұл мәселе одан әрі шиеленісіп, аталмыш мемлекеттердің тарапынан Ресейге санкция жарияланатын болса, Қазақстан автоматты түрде оның одақтасы ретінде саналып, бар ауыртпалықты бірге көтеруіне тура келеді. Жалпы, Ресейден іргемізді аулақ ұстағанымыз дұрыс. Өйткені, олардың технологиясы анау айтқандай мықты болмағанымен, амбициясы өте күшті. Экономикасынан гөрі саясаты көптеу. Сонымен қатар, Ресейдің бір ерекшелігі олар міндетті түрде кез- келген нәрсеге саясатты араластырады.
XS
SM
MD
LG