Accessibility links

Грузиядағы қазақ бизнесіне қауіп төнді


«КазТрансГаз» және «Тұран Әлем Банк» компаниялары сейсенбі күні Әзірбайжанның Гянджа және Арменияның Ереван қалаларына арнайы ұшақтар жіберіп, Грузиядағы қызметкерлерін Қазақстанға қайтара бастады.

Сейсенбі күні Грузиядағы қазақтардың скайп арқылы жүргізілетін форумында Асқар есімді Тбилисидегі «Development solution» компаниясының қызметкері өздерінің түнде шұғыл түрде Ереванға жөнелтілгендерін хабарлады. Оның айтуынша, қазір Грузиядағы «Тұран Әлем Банк» компаниясының жобаларына кіретін үш кәсіпорынның 15-20 қызметкері әйелдері және балаларымен бірге Ереванға уақытша тоқтаған. Бұл ақпаратты «Тұран әлем банк» компаниясының аты-жөнін айтпауды сұраған жоғарғы деңгейдегі менеджерлерінің бірі растады. Оның ақпараттарына қарағанда, банк өз қызметкерлерін елге қайтару мақсатында арнайы ұшақ жалдап отыр. Ұшақ сейсенбі күні Ереванға жіберіліп, түнгі 11-де қазақстандық қызметкерлерді Алматыға әкелуі тиіс.

Сонымен бірге осы форумда Грузияда жұмыс істейтін «КазТрансГаз» компаниясының мамандармен жұмыс істеу бөлімінің бастығы Алмасәлі Қолдасовтың Тбилисидегі қазақтарға жолдаған хабарламасы жарық көрді. Онда ол Тбилиси уақытымен 13.30-да Қазақстан азаматтарын қаладағы «Авлобара» ауданына өздерімен бірге төлқұжаттарын, тамақтары мен киімдерін алып келіп , жиналуды сұраған. Хабарламада Тбилисиден шығатын екі автобустың Әзірбайжанның Гянджа қаласына баратындығы, әрі қарай адамдардың арнайы ұшақпен Алматыға апарылатындығы жарияланған.

Жуық арада Батуми портынан қазақ мұнайы тасымалданбайды

Алмасәлі Қолдасов бұл ретте түсіндірме бергісі келмейтіндігін айтса, «КазТрансГаз» компаниясының баспасөз қызметі телефонмен ешқандай ақпарат бере алмайтындықтарын алға тартты. Дегенмен, белгіленген уақытта Тбилисидегі 60-70 қазақстандық азаматтың алдын-ала айтылған орынға жиналғанын, бірақ сол кезде ұшақтың тек «КазТрансГаз» компаниясының қызметкерлеріне арналғандығы айқындалғанын айтты Тбилисиде тұратын қазақстандық журналист Мұхтар Жанұзақұлы.

Алдымен «Қазақстанның Грузиядағы елшілігі 50 орындық екі автобусты дайындады. Соған орай Грузияда жұмыс істеп немесе демалып, іссапармен жүрген қазақстандық барлық азаматтар жиналып жатыр. Бұл автобус 3 сағат жүріп, Әзірбайжанның Гянджа қаласына барады деп жоспарланып отыр», - деп хабарлады Мұхтар Жанұзақұлы сейсенбі күні. Бірақ, оның сөзіне қарағанда, Қазақстан үкіметі өз азаматтарын шақыртып алу үшін арнайы ұшақ бермеген.

Тек «КазТрансГаз» өзінің қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері үшін шағын ұшақ жіберіпті. «Бұл ұшаққа елшілік өкілдері тек «КазТрансГаз» қызметкерлерінің отбасы мүшелері мініп кете алатындығын айтты. Ал Грузияда басқа компанияларда жұмыс істейтін немесе басқа мақсатта жүрген қазақ азаматтарының Гянджаға барғаннан кейінгі тағдырлары белгісіз», - дейді қазақ журналисі. Оның айтуынша, Қазақстанның Грузиядағы елшілігі Әзірбайжандағы қазақ елшілігіне хабарласып, бұл азаматтардың әрі қарай елге кету шараларын қарастыру туралы өтініш айтқан.
«Бірақ бұл қалай жүзеге асатындығы маған беймәлім», - дейді көшпен бірге әйелі мен кішкентай қызын алып Гянджаға жол тартқан Мұхтар Жанұзақұлы.

Грузиядағы негізгі ірі қазақстандық компаниялар қызметкерлерінің жаппай елге оралуы Грузиядағы үлкен жобалардың болашағына көлеңке түсіреді, өйткені, Грузия мен Оңтүстік Осетия арасындағы жағдайдың қашан тұрақталатыны белгісіз деп есептейді қазақстандық экономист Рахман Алшанов.

«Қаражатты бір елге жұмсаудың алдында сол мемлекеттің мүмкіншіліктерін алдын-ала жан-жақты ескеру керек еді ғой. Ал бұл елдің қандай аймақта орналасқандығы бұрыннан мәлім. Біздің мұнда қаншама жобамыз бар?! Мұнай-газ саласына, қонақ үйлер салу, астық өңдеу саласына көп қаржы құйылды. Енді Грузия барлық күшін соғысқа жұмылдырса, тұрғындарына ақшаларын бере алмаса, онда «КазТрансГазды» қайтаруға тура келе ме? Егер соғыс жүріп жатса, Грузияға қонақ үйге түсетін туристер қайдан келеді?» - дейді қазақстандық экономист.

Алайда, Грузиядағы қазақстандық инвестициялық жобалар бойынша кеңес берумен айналысатын «Terracotta» компаниясының бас директоры Ерлан Тасболатов: «Әлі бір нәрсе айта қою қиын. Бәріміз оқиғаның қалай дамитындығын күтудеміз», - деп жауап берді.

Дүйсенбі күні Қазақстанның Сыртқы істер министрілігінің арнайы өкілі Ержан Ашықбаев та: «Грузиядағы жағдай ірі инвесторлардың бірі - Қазақстан үшін көңіл көншітерлік емес», - деп мәлімдеген. Сондай-ақ, сол күні премьер-министр Кәрім Мәсімов Грузияның Батуми порты арқылы жөнелтілетін қазақстандық мұнайды ішкі тұтыну мақсатына бағыттауды ұсынған еді. Ал «Қазмұнайгаз» компаниясының президенті Серік Бүркітбаев Қазақстан мұнайы жақын күндері Батуми портынан тасымалданбайтындығын мәлімдеген.

Қазақстан – былтырғы жыл қорытындысы бойынша, Грузия экономикасына 74 миллион доллардан артық қаржы құйған ірі инвесторлардың бірі.

XS
SM
MD
LG