Accessibility links

Қазақтар Грузиядан кетпек


Грузиядағы қазақ отбасылары Оңтүстік Осетиядағы жағдайдың ушығуына байланысты көрші елдерге уақытша көшірілуі мүмкін. ҚР Сыртқы істер мекемесі қазір Грузияда тұратын 100 адамның тізімін жасапты.

Дүйсенбі күні Тбилисиде жұмыс істейтін қазақ журналисі Мұхтар Жанұзақұлы әйелі, кішкентай баласымен дүние-мүліктерін буып-түйіп, Грузиядан кетуге дайындалып отырғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, Грузия мен Оңтүстік Осетиядағы жанжалға байланысты жүзге жуық қазақ азаматы Тбилисиден кетпек.
«Жексенбі күні мен Қазақстанның Грузиядағы уақытша өкілі Игорь Масалимовпен сөйлескен едім. Ол кісінің айтуынша, Грузия аумағында Қазақстанның 100-ге жуық азаматы бар. Оған қоса Қырғызстанның да оншақты азаматы Қазақстанның мойнында. Олар да егер жағдай ушыққан жағдайда Қазақстан Астанадан ұшақ жібереді деп күтіп отыр», - деді Мұхтар Жанұзақұлы «Азаттық» тілшісіне.
Оның айтуынша, дүйсенбі күні Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің қызметкері Марат Асқаров осындағы тұрғындарға хабарласып, жиналуларын сұраған.
«Бұл күні Қазақстанның барлық азаматтары арнайы автобуспен Әзербайжанның Гянджа қаласына жеткізіледі де, одан әрі Қазақстанға арнайы ұшақпен жөнелтілуі керек», - деді Мұхтар Жанұзақұлы.
Ресейлік ұшақтардың шабуылынан кейін, Гори, 9 тамыз 2008 ж.
Грузия мен Оңтүстік Осетия арасындағы Ресейдің қатысуымен болып жатқан әскери қақтығысқа байланысты кейбір Қазақстан азаматтарының Грузиядан кетіп, оларға Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің көмек көрсетілетіндігін Азаттық радиосына Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз-хатшысы Ілияс Омаров та растады.
«Иә, енді бұл кімнің не қалайтынына байланысты. Қазір жағдай тұрақсыз. Кейбіреулер кеткісі келетін шығар. Егер мүмкіндік болып жатса, біз де оларды қолдаймыз ғой. Кету, кетпеуді әркім өзі шешеді», - деді Ілияс Омаров.
Оның сөзіне қарағанда, Грузиядағы Қазақстан азаматтары негізінен Тбилиси мен Батумиде тұрады.
«Біз бұл елде басты инвестордың бірі екенімізді білесіз ғой?! Қазір оларды жаппай көшірудің қажеттілігі жоқ. Дегенмен, егер қиын жағдай туа қалса деген оймен онда тұратын адамдар туралы ақпарат алынып, 100 шақты адам тіркеліп отыр», - деді Ілияс Омаров.
Сыртқы істер министрінің өкілі қазір Тбилисиден әуе жолдары арқылы көрші мемлекеттерге кетуге болады десе, Тбилисиде тұрып жатқан қазақ журналисі Мұхтар Жанұзақұлы Грузиядан Қазақстанға әуе қатынасы мүмкін болмай отырғандығын жеткізді.
«Ұшудың бәрі тоқтатылды ғой. Бір ғана грузин авиакомпаниясының ұшақтары ғана ұшып жатыр. Басқа ұшақтарды әуежай қабылдамайды. Қауіпті. Әуежайдың қасына бомба түсті ғой. Сондықтан, ұшақтарды қабылдамайды», - деп түсіндірді қазақ журналисі.
Грузия мен Оңтүстік Осетия арасындағы Ресей әскерінің қатысуымен жүріп жатқан жанжалдың Қазақстан азаматтарының жеке басына ғана емес, Қазақстан экономикасына да белгілі-бір дәрежеде қауіп-қатер төндіретіндігін айтады саясаттанушы Эдуард Полетаев.
«Грузия экономикасына өте көп қазақ инвестициясы құйылғанын түсіну керек. Тіпті оны мақтаныш еттік емес пе?! Аджариядағы барлық пансионаттарды сатып алдық. Әңгіме – миллиардтаған доллар туралы. Егер Саакашвили жөнсіз саясат жүргізсе, онда сол инвестицияларды қайтару мәселесі туындайтын күн алыс емес. Тіпті, сол ақшаны жоғалтып алған жоқпыз ба өзі?» - деді саясаттанушы Полетаев.
Тамыздың 11-күні Астанада өткен үкімет жиынында Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов Грузияның Батуми порты арқылы жөнелтілетін қазақстандық мұнайды ішкі тұтыну мақсатына бағыттауды ұсынды. Ал «Қазмұнайгаз» компаниясының президенті Серік Бүркітбаев Қазақстан мұнайы жақын күндері Батуми портынан тасымалданбайтындығын мәлімдеген.
Қазақстан – былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, Грузия экономикасына 74 миллион доллардан артық қаржы құйған ірі инвесторлардың бірі.
XS
SM
MD
LG