Accessibility links

Гуантанамодағы қазақстандық соңғы тұтқын еліне қайтарылады

  • Есен СМАҒҰЛОВ

Кубадағы Гуантанамо американдық түрмесінде төрт қазақстандық болған еді. Оның үшеуі екі жыл бұрын елге оралды, төртіншісінің тағдыры бірнеше күн бұрын шешілді.

Өткен жұмада АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі Гуантанамо әскери базасының түрмесінде отырған Қазақстан азаматын еліне қайтару туралы жариялады. Бұл ақпаратты France Press американдық әскери ведомствосының ресми өкілдеріне сілтеме жасай отырып таратты. Және мұнда отырған Тәжікстан азаматының да еліне қайтарылатыны белгілі болды.


Пентагонның мәлімдемесінде «процесс бойынша істі жан-жақты қарастырудан кейін тұтқындарды қайтару мүмкіндігі белгілі болды», — делінген. Қазақстан мен Тәжікстанның еліне қайтарылатын азаматтарының аттары аталмайды. «Тұтқындарды қайтару АҚШ-тың оларды бұдан әрі ұстағысы келмейтіндігін көрсетеді», — делінген мәлімдемеде.


Гуантанамо лагерінің базасында «терроризммен күрес» нәтижесінде отырған 255-тей тұтқын қалды, оның 60-қа жуығының бостандыққа шығуына, еліне қайтарылуына құқы бар. «Тұтқындардың елден шығарылуы Құрама Штаттардың басқа мемлекеттермен ұзақ мерзімге жасалған келісімдерінің нәтижесі саналады», — делінген Пентагон мәлімдемесінде.


Гуантанамо тұтқындарының көпшілігі Ауғаныстандағы Талибан қозғалысына қатысып, 2002 жылғы американдық террорға қарсы операция кезінде қолға түсіп қалғандар. Құрама Штаттар бұларды әскери тұтқындар деп ресми түрде мойындамайды.Кейінгі жылдарда 520 тұтқын әлемнің 30 еліне қайтарылды.


Кубадағы Гуантанамо американдық түрмесінде отырған жүздеген тұтқынның төртеуі Қазақстан азаматтары екені белгілі. Олардың үшеуі 2006 жылдың желтоқсанында отанына қайтарылған. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің өкілі «олар қылмысы дәлелденбегендіктен бостандыққы шығарылды» деп мәлімдеген болатын. Сондай-ақ СІМ Гуантанамо түрмесінде қалған соңғы қазақстандықты қайтару туралы келісім жасалып жатқанын да айтқан еді. Сол келісімнің нәтижесін екі жылдан кейін көріп отырмыз.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG