Accessibility links

Аштық акциясы - шарасыздық шегі


Любовь Митрофанова аштық өткізуде. Талдықорған, 17 қыркүйек 2008 жыл.
Любовь Митрофанова аштық өткізуде. Талдықорған, 17 қыркүйек 2008 жыл.

Көптеген Қазақстан азаматтары құқық қорғау органдарында кең етек алған жемқорлыққа байланысты қатты алаңдайды. Сондай шарасыздықтан талдықорғандық бір ана аштық акциясын бастады.

Қазақстандағы тәуелсіз сарапшылар мен адам құқығын қорғаушылардың айтуынша, полиция мен прокуратура қызметкерлері арасындағы коррупция фактілерін іс жүзінде дәлелдеу мүмкін емес.

Талдықорғанның жұмыссыз тұрғыны Любовь Митрофанова құқық қорғау мекемелеріндегі жемқорлыққа қарсы күресті бастап отыр. Митрофанованың айтуынша, полиция қызметкерлері оның баласының қалтасына есірткі салып, соңынан оны қамауға алған. Митрофанованың ұлы қазір тергеу абақтысында тамақ ішуден бас тартуда. Ол аштық акциясын осыдан 20 күн бұрын бастаған екен.

Енді міне оның шешесі де баласын қолдау мақсатында прокуратураның алдында аштық жариялап отыр. Любовь Митрофанова:
“Құқық қорғау органдарының қызметкерлері заңға бағынбайды. Олар адамдардың қалтасына есірткі тастап қойып, ақша талап етуді әдетке айналдырған. Мен мұндай жайттарды заңды әдістермен дәлелдей алмаймын, себебі прокуратура мен сотқа сенбеймін. Сондықтан мен аштық акциясын жасайын деп шештім”, - дейді.

Ал прокуратура өкілдері аштық акциясын жоққа шығарып отыр. Олар митингілер мен наразылық шарасын, сондай-ақ бейбіт шерулерді өткізу жөніндегі заңға сілтеме жасай отырып, әрбір азаматтың наразылық білдіруіне құқығы бар деп атап көрсетеді. Десе де, Талдықорған қалалық прокуроры Қайрат Әбдіханов “аштық шарасы туралы естідік, бірақ бұл жерде бізге ешкім талап қойып отырған жоқ” деп мәлімдеді.

Талдықорған прокуроры Қайрат Әбдіханов



Бүгін Любовь Митрофанованың денсаулық жағдайы нашарлап кетті. Дәрігерлер егде жастағы әйелдің аштықты жалғастыра беруіне болмайды деп отыр. Медицина маманы Гүлмира Құрмаева мұның салдары жаман болуы мүмкін деп қауіптенеді. Оның пікірінше, егер осылайша жалғаса берсе, әйелдің ағзасы әлсіреп, мүлде науқасқа шалдығуына себеп болуы мүмкін. Митрофанованың қан қысымы бірден жоғарылап кетіпті.
Митрофановаға медициналық тексеру жасалуда

Қазақстанның адам құқықтары бойынша өкілінің ресми мәліметтеріне қарағанда, елдегі құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты шағым-арыздар көп түседі.
Ал қазақстандық сарапшылардың атап көрсетуінше, елде тәртіп сақтау органдары тарапынан коррупциялық заң бұзушылықтардың ашылуы бойынша көрсеткіш өсіп отырған жоқ, бұл олардың ортасында жемқорлық жайлағанын және "қарға қарғаның көзін шұқымайды" деген тәрізді "бірауыздылықты" байқатып отыр.
XS
SM
MD
LG