Accessibility links

Үстіміздегі жылдың 9 айында түсік тастау мақсатында Қытайдан әкелінген дәріні ішкен 170-ке жуық қазақстандық әйел ауруханадан бірақ шыққан.

Негізінен Қытайдан тасымалданатын денсаулыққа зиянды дәрілерге деген сұраныс тек Қазақстанда ғана емес, ТМД елдері көлемінде де жоғары көрінеді.


Мұрат, Қытай дәрілерін тасымалдаушы:


— Алғашында біз Қытайдың емдік шайларын тасығанбыз. Кейін дәрілерге сұраныс көбейе бастады. Қытай дәрілерінің ішінен көбінесе, арықтауға, семіруге байланысты дәрілер өтімді келеді. Соңғы кездері бала көтеруге қарсы дәріге сұраныс артты. Мұндай дәрілердің тұтынушылары негізінен жас әйелдер. Кеденнен әртүрлі жолмен алып өтеміз. Негізі Қытайда қолданыстағы дәрілер. Және нұсқаулығында дәрінің құрамы орыс тіліне аударылып жазылған. Жалпы, Қытай дәрілерінің таралу ауқымы кең.


Қазақстанның дәрі-дәрмек нарығында шетелдерден контрабандалық жолмен жеткізілетін дәрілердің заңсыз әрі қолдан сатылуының бір себебі, фармацевтика саласында мемлекеттік бақылаудың жоқтығынан дейді «Аман-саулық» қоғамдық қорының директоры Бақыт Түменова:


— Кез келген мемлекетте пайдалануға рұқсат етілген дәрі-дәрмектер тізімі болады. Тізімге тіркелген, арнайы сертификат берілген дәрілерді ғана дәріханаларда сатуға шығаруға болады. Ал, бізде қай жақтан әкелінгені белгісіз дәрілер базарда да, көшеде де қолдан сатылып жатыр. Оны бақылап жатқан ешкім жоқ. Дәрі-дәрмекті дәріханалардан басқа жерде сатуға тыйым салу қажет. Қытайдан әкелінетін дәрілердің барлығы бірдей талапқа сай емес деп айтуға болмайды. Оның ішінде аты белгісіз әрі сапасыздары бар. Міне, осы дәрілер қауіпті.

Дегенмен, жұрттың табысы қазір шамалы. Зейнетақы мен жалақы аз. Сондықтан халық арзан дәрі алуға тырысады. Ал, арзан дәрінің сапасы күмәнді. Қалай болғанда да, денсаулық сақтау министрлігі сапасыз және қолдан сатылатын дәрі-дәрмекке қатаң бақылау жасауы қажет дейді мамандар.


Заңсыз және қолдан сапасыз дәрі сатушылар құқық қорғау орындары тарапынан ұсталғанымен, жеңіл-желпі айыппұл төлеп құтылып кететін көрінеді.


Қаржы полициясының баспасөз хатшысы Әлия Тубина:


— 2008 жылы 7 тамызда «Алма» сауда үйінің жанында сапасыз дәрі сатып отырған әйел ұсталса, 28 қыркүйек күні «Болашақ» базарында Қытайдан әкелінген белгісіз дәрі сатып тұрған тағы бір азамат ұсталып, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу ісін аяқтап сотқа жібердік. Алайда, сот я белгілі сомада айыппұл салады, я бір жылға дейін шартты түрде бас бостандығынан айырады. Ұсталғандардан тәркіленген дәрі аз болғандықтан олар айыппұл төлеп босайды да, өз ісін жалғастыра береді. Бақылау жасау әзір мүмкін емес. Сапасыз дәрі-дәрмектерді азайту үшін үкіметтің деңгейінде шетелден дәрі тасымалдауға тыйым салу қажет.


Мамандардың айтуынша, Қытайдан келетін дәрі-дәрмектің үлкен бөлігі Алматыға жеткізіледі екен. Алайда, Қазақстан бойынша сапасыз дәрілер сататын қанша орын бар? Дәрі-дәрмектің нақты саны қанша? Бұдан мемлекетке салық төлене ме? Дәрілердің атауы мен құрамы қандай деген сауалдарға бүгінгі таңда ешкім жауап бере алмайтынға ұқсайды. Мамандардың сөзіне құлақ түрсеңіз, Қытайдан тасымалданатын дәрілер кеденнен жасырылып өткізіледі екен. Сондықтан күніне қанша дәрі шекара асып Қазақстанға келіп жатқанын дөп басып айту қиын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG