Accessibility links

Ричард Хоугланд президент Назарбаевтың 20 жылдық билігіндегі үш жетістігін атады


Ричард Хоугланд, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі. Алматы, 30 наурыз 2010 жыл.

Ричард Хоугланд, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі. Алматы, 30 наурыз 2010 жыл.

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Ричард Хоугланд биыл 70-ке келетін Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды 20 жыл басқарғанда үш маңызды шешім қабылдады деп есептейді.

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Ричард Хоугланд сейсенбі күні Алматыда баспасөз мәслихатын өткізді.

Елші брифингтің ауқымды бөлігін журналистердің сауалдарына жауап беруге арнады. Солардың ішінде Азаттық тілшісінің де сұрағы болған еді,

- Биыл Қазақстан президенті 70-ке толады. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі мерейтойын тойлауға тыйым салды. Сіз «ұлт көсемінің» 20 жылдық билігіне қандай баға берер едіңіз?

- Егер мен бұл сұраққа жауап беретін болсам, онда көптеген елдерде, көптеген адамдар тарапынан сынға ұшырар едім. Сонда да мен бұл сауалға жауап беремін, - деп бастады елші.

Хоугландтың пікірінше, Назарбаев Қазақстанды басқарған жылдары үш маңызды шешім қабылданған екен.

- Назарбаев басқарған Қазақстан үкіметі соңғы 20 жылда бірқатар өте дұрыс шешімдер қабылдады. Біріншісі – ядролық қарудан бас тарту туралы шешім және әлемде жаппай қырып - жою қаруын таратпау туралы науқанның көшбасшысы болуы, - деді Хоугланда.

Елшінің пікірінше, Назарбаевтың екінші бір жетістігі – шынайы макроэкономикалық реформаларды қабылдап, Қазақстанды нарықтық экономикаға өткізу. «Соңғы жиырма жылдың ішінде бұл қадам Қазақстанда кедейлердің азайып, шынайы орта таптың қалыптасуына әсер етті» деп есептейді Хоугланд.

- Үшінші жетістігі – "Болашақ" бағдарламасын қабылдауы. Бұл жаңа мемлекетті қалыптастыруда жаңа менталитеттің қажеттігінен туындаған. 15 жылдың ішінде 6 мың қазақстандық әлемнің түрлі елдерінде, соның ішінде АҚШ-та сан-алуан салалар бойынша білім алды.

Жастар қазір билік құрамында, жеке бизнесте еңбек етіп жатыр. Жеке тәжірибем ретінде айтарым, мен мұндайды аймақтағы ешбір елде көрген емеспін. Бұл менің Қазақстанның әрі қарайғы болашағына сеніммен қарауымның бір себебі, - деді АҚШ елшісі.

Жақында Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өтуді қаламайтындығын, ал оған дайындалғандарды жұмыстан қуатындығын мәлімдеді.

20 жылдан астам уақыт Қазақстанды басқарып келе жатқан Назарбаев осы жылы 6-шы маусымда 70 жасқа толады. Бұл күні Қазақстанда ресми мереке - Астана күні атап өтіледі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG