Accessibility links

Баспанасыз офицерлер наразылық танытқаны үшін жауапқа тартылатын болды


Баспанасыз офицерлер Алматы гарнизонының аудандық пайдалану бөлімшесінің алдында наразылық акциясын өткізді. 18 қараша 2008 ж.
Баспанасыз офицерлер Алматы гарнизонының аудандық пайдалану бөлімшесінің алдында наразылық акциясын өткізді. 18 қараша 2008 ж.

Қарашаның 18-күні Алматы гарнизонының баспанасыз офицерлері аудандық пайдалану бөлімшесінің алдында кезекті наразылық акциясын өткізді. Запастағы офицерлер заң бойынша өздеріне тиесілі баспананың тез арада бөлінуін, сондай-ақ ҚР Қорғаныс министрі Даниял Ахметовтың отставкаға кетуін талап етті.

Бүгін «Жұлдыз» ықшам ауданында орналасқан Алматы гарнизонының аудандық пайдалану бөлімшесінің бақылау-тексеру бекетінің темір есігі жұмыс күні болғанына қарамастан құлыптаулы. «Ахметов отставкаға кетсін!», «Ахметов, ұрланған баспаналарды қайтар!» деген сөздер жазылған қағаздар ұстаған Алматы гарнизонының 8 запастағы офицері мекеме есігін торуылдап тұр.

Акцияға қатысушылардың бірі Раушанбек Ботантаев - жиырма бес жыл әскер қызметінде болып, зейнеткерлікке шыққалы бері отбасымен бірге пәтер жалдап тұрып жатқанын айтады. Кенже ұлы Евгений биыл мектеп бітірген соң әкесі секілді офицер болғысы келіпті.


«Қой балам, қайтесің соны, әскерге барам деп ақымақтық жасаған әкең...», - деп тоқтау айтыпты офицер Ботанбаев.

Запастағы майор Бектұр Ерекпаев болса баспана мәселесімен баспаған жері, шықпаған тауы қалмаған, арызданып «Нұр-Отан» партиясына да барыпты, бірақ еш жерден мардымды жауап алмаған.

Наразылық акциясына қатысқан запастағы офицерлерді полиция ұстап алып кетті. Алматы, 18 қараша 2008 ж.
«Биылғы жылдың өзінде бірнеше мәрте министрге, президентке арыздандық. Бәрі де баспана беріледі деп жауап жазады, бірақ ол қашан беріледі? Биылғы жылдан қалдырмай ақшасын берсе, сол үйді өзіміз-ақ сатып алар едік», - деді офицер Ерекпаев.

Баспанасыз офицерлердің қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дәулет Жұмабековтың айтуынша, наразылық акциясына офицерлерді бюджеттен түскен қаржы өзгенің қолында жем бола ма деген қауіп алып шыққан.

«Қорғаныс министрлігінің лауазымды өкілдері бізбен кездескісі келмейді. Жағдайды түсіндіріп айтудың орнына олар «егеуқұйрық» секілді мекемелерінен шықпай біздің ақшамызды ұрлауға талпынып жатыр, - деді Дәулет Жұмабеков. - Бөлінген қаржы өзгенің қолында кетпес үшін біз бүгін осында наразылық акциясына жиналып, мемлекеттік қазынадан алынған әрбір тиынның есебін жұртшылыққа көрсетуін талап еттік».

Бірақ офицерлердің талаптарына құлақ асып жатқан ешкім болмады - құлыптаулы мекеме сол қалпы ашылған жоқ. Есесіне, баспанасыз офицерлердің «жанайқайы» жергілікті полицияның құлағына жеткен болуы керек – тәртіп сақшылары наразылық акциясынан соң сегіз офицерді Түрксіб аудандық полиция бөлімшесіне алып кетті.

Осы жайында түсірілген видео:

XS
SM
MD
LG