Accessibility links

Борышкерлер Кәрім Мәсімовты сотқа берді


Қазақстанның премьер-министрі Кәрім Мәсімов

Қазақстанның премьер-министрі Кәрім Мәсімов

Ипотека қарыздарын өтей алмай жүргендер премьер Мәсімовты сотқа берді. Олар бас министр дағдарысқа қарсы ешқандай әрекет жасамады дейді.

Ертең тағы да елу адам – кезінде алған ипотекалық несиені қайтара алмай жүрген борышкерлер – үкімет басшысының үстінен сотқа талап түсірді. Олар қарашаның 17-де талап арыздарын Астанадағы Алматы аудандық сотына өткізді.

«Лайықты баспана үшін» қозғалысының мүшелері биылғы жылғы қазанның 6-ы күні үкімет кеңсесінің алдында наразылық акциясын өткізген соң премьер-министр Кәрім Мәсімовке үндеу-хат жолдаған еді.

Хатқа қол қойған аталған қозғалыстың жүздеген мүшелері өздері тап болған проблеманы шешудің нақты шараларын ұсынған болатын. Соның ішінде, үкіметке әлеуметтік осал топқа жататын тұрғындардың мойнындағы ипотекалық несиелерді сатып алу, экономикалық дағдарыстан шыққанға дейін 2-3 жыл мерзімге мораторий жариялау немесе банктерді өсім көрсеткішін 5%-ке дейін кемітуге міндеттеу секілді ұсыныстар айтылған-ды.

- Біздің бұл хатты бергенімізге бір айдан асты, бірақ біздің ешқайсымыз не жазбаша, не ауызша жауап алған жоқпыз. Қарашаның 5-і күні біз үкімет кеңсесіне телефон шалдық, бізге ол хат әлі қаралып жатыр деп жауап берді. Сол күннің ертесінде, дәстүріміз бойынша, тағы да жиналдық. Бұл жолы депутаттарға өтініш жасадық. Бірақ олар да ешқандай шешім қабылдамады. Мәсімов біздің үндеуімізді елеусіз қалдырды, - деді Азаттық тілшісіне қоғамдық қозғалыстың мүшесі Ләззат Төлепбергенова.


Кезекті жиында қозғалыс белсенділері өздерінің заңды құқықтарын қорғау туралы ұйғарымға келді. Конституцияға сәйкес (33 баптың 1-ші тармағы), әрбір азамат немесе адамдар тобы атқарушы органға, соның ішінде ондағы лауазым иесінің атына хат, үндеу немесе өтініш бере алады. Заң бойынша, әлгі лауазым иесі азаматтардың сауалына жауап беруі тиіс.


Осылайша, бүгін Астанадағы Алматы аудандық сотына әртүрлі азаматтардан бір мазмұнда жазылған елу шағым түсті. Онда арыз иелері мемлекеттік органға берген өз өтініш-сауалдарына жауап берілмегендігін айтып, лауазым иесін сотқа тартуды сұраған. Елу арызда көрсетілген жауапкер: премьер-министр Кәрім Қажымқанұлы Мәсімов.

«Лайықты баспана үшін» қозғалысының мүшелері желтоқсанның 6-ы күні Қазақстан президентінің резиденциясы – Ақорданың алдында наразылық акциясын өткізбек ниеттері бар екендігін хабарлады.

XS
SM
MD
LG