Accessibility links

«Қуат» компаниясының президенті Олег Намды үлескерлер депутаттық мандатынан айырмақ


Олег Нам, «Қуат Корпорациясы» АҚ-ның директорлар кеңесінің төрағасы - президенті.

Олег Нам, «Қуат Корпорациясы» АҚ-ның директорлар кеңесінің төрағасы - президенті.

«Қуат Корпорациясы» АҚ-ның директорлар кеңесінің төрағасы – президенті Олег Нам Алматы қалалық мәслихатының депутаттығын уақытынан бұрын аяқтауы мүмкін. Қарашаның 25-і күні қаладағы 19-шы округ тұрғындары мен осы құрылыс компаниясының үлескерлері Нам мырзаны мәслихат депутаты мандатынан айыру мақсатында ауқымды науқан бастағандығын жариялады.

Республикалық «Нұр Отан» партиясының мүшесі Олег Нам 2007 жылдың қыркүйек айында Алматы қаласы №19 округ бойынша мәслихат депутаты мандатына ие болған еді. Заң бойынша Нам мырза депутаттық мандатын 2012 жылы тапсыруы тиіс. Алайда аталған округтың тұрғындары мен құрылыс компаниясының үлескерлері мәслихат депутатының бес жылдық мерзімін уақытынан бұрын тоқтатуға бел буып отыр: олар өз мақсаттарына жету үшін бүгіннен бастап халықтан қол жинай бастады. Осы науқанның басы-қасында жүрген «Талмас» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айнұр Құрмановтың пікірінше, Олег Нам мәслихат депутаты мандатын алып жүруге лайықты емес.

- «Қуат» компаниясы үлескерлерінің өтініші бойынша осындай акция бастауға мәжбүр болып отырмыз. Компанияның көптеген құрылыс нысандары бітпей қалды, бірқатарының іргетасы әлі қаланған жоқ. Соған байланысты үлескерлер қоғамдық жұмысқа белсене араласып, әртүрлі іс-әрекеттерге баруға мүдделі болып отыр. Ал біз оларға көмектесуден бас тартпаймыз, - деді Айнұр Құрманов.

Бұған дейін «Қуат» компаниясының әрекетінен секем алған үлескерлер аудиторлық тексеру жүргізуін сұрап прокуратураға шағымданған болатын. Қазіргі таңда бұл мәселемен қаржы полициясы айналысып жатыр. Алайда, үлескерлер тексерудің нәтижесін күткісі жоқ. Олардың пікірінше, баспанаға зәру қаншама халықтың алдында берген уәдесін орындамаған Олег Нам мәслихат депутаты ретінде сайлаушылардың сенімінен шығуы мүмкін емес.

Үлескерлер қанша мәрте Нам мырзамен бетпе-бет кездесуге талпынған, бірақ олардың бұл әрекетінен ешқандай нәтиже шықпаған. «Қуат Корпорациясы» АҚ-ның президенті халықтың бүгінгі бастамасына да үн қатқан жоқ.

Бірақ, Алматы қалалық мәслихатының төрағасы Төлеубек Мұқашев болса, Алматыда мәслихат депутаты мандатынан айыруға қатысты жағдай бұған дейін тіркелмегендігін, сондай-ақ Олег Нам өте жауапты азамат екендігін айтып отыр.

- Менің мәслихат хатшысы ретінде, азамат ретінде де Олег Намға тағар кінәм жоқ. Оның жауапкершілігі жоғары, барлық жұмыстарға белсене қатысатындығын депутаттардың бәрі растайды. Оның үстіне халық Олег Намды «Қуат» компаниясының басшысы болған соң сайлаған жоқ қой, - деді Төлеубек Мұқашев.

Қалалық мәслихаттағы 37 депутаттың шамамен 70 пайызы «Нұр Отан» партиясының өкілдері.

Бұл тақырыпқа видео:

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG