Accessibility links

Баспанасын босатпаған тұрғындар соққыға жығылды

  • Нәйла СҰЛТАН

Алматыдағы №1 қалалық клиникалық ауруханаға қарасты жатақхананың тұрғындарын сот шешімімен жатақханадан шығармақшы болған басшылықтың әрекеті іске аспады.

1986 жылдан бері Алматының №1 қалалық клиникалық ауруханасында қызмет атқарған 10 отбасына 1993 жылы осы ауруханаға қарасты жатақхана пайдалануға берілген. Аурухананың сол кездегі басшысы тұрғындарға баспананы жекешелендіру туралы қала әкіміне хат жолдағанымен, ол өтініш қанағаттандырылмаған.
№1 қалалық клиникалық ауруханада 8 жыл жұмыс істеген Кенже Отарованы басқа тұрғындармен бірге қазір мекеме басшылығы жатақханадан шығаруға әрекет жасап жатыр. Кенже осыдан 1 ай бұрын аурухана әкімшілігі өзін ешқандай себепсіз жұмыстан босатқанын айтады:
Жатақхана тұрғыны Кенже Отарова (сол): "Сот біздің сыртымыздан шешім шығарды". Алматы, 21 тамыз 2008 ж.
- 3 жыл бойы біздерді қудалап жатыр. Кезіндегі басшылық келешекте бұл жатақхана сіздерде қалады деп уәде берген. Бірақ, құжаттарды жасауды қолға алғанша басшылық та ауысып кетті.
Кенженің айтуынша, әкімшілік тұрғындарды сотқа беріп, істі өз пайдасына шешіпті:
- Біз сотқа барғанымыз жоқ. Сыртымыздан шешім шығыпты. Аурухананың жаңа басшысы Назарбек Бейсенов жекеменшік фирманың күзетшілерін жалдады. 15 күзетші 8 әйелді соққыға жықты. Өзім ауруханаға түстім. Біз ешқайда шықпаймыз, баратын жеріміз жоқ.
Кенже сияқты жатақханада 15 жылдан бері тұрып келе жатқан Құралай Ахметованың жұбайы осы ауруханада қызмет атқарған. Алайда күйеуінің мезгілсіз қазасынан кейін аурухана әкімшілігі оны да жатақханадан шығармақшы.
- Бейсенов мырза қолындағы соттың шешіміне сүйеніп, біресе күзетші жалдайды, біресе сырттан адамдар әкеліп ұрғызады. Не істесе де көнеміз. Өлігіміз осы жерден шығады. Балаларымыз осы жатақханада туып, осы жерден мектепке барды. Кезінде аурухананың бұрынғы басшысы Тағандықов мырза жатақхананы жекешелендіріп береміз дегеннен кейін осында тұрақтап қалдық қой, - дейді Құралай.
"Талмас" ұйымының жетекшісі Айнұр Құрманов: "Билік басындағылар ешқандай қимылсыз отыр". Алматы, 21 тамыз 2008 ж.
Жатақхана тұрғындарына қолдау білдіріп жүрген «Талмас» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айнұр Құрманов Азаттық тілшісіне берген сұхбатында бұл мәселені былайша баяндады:
- №1 қалалық клиникалық аурухананың әкімшілігі осы жатақханадан шығармақшы болып жатқан бұрынғы қызметкерлер әр жылдары еш себепсіз жұмыстан босатылған. Қазір олар ешкімге керексіз. Өздеріне тиеселі баспананы даулап, әділ шешімге қол жеткізе алмай келеді. Сот шешімін шығарып алған аурухананың бас дәрігері тұрғындарды күштеп шығаруға әрекет еткен. Жекеменшік компанияның күзетшілерін әкеліп, бірнеше адамды соққыға жығыпты. Біз билік басындағылардың ешқандай қимылсыз отырғандығын көріп отырмыз. Оларға бұл да сабақ болып отырған жоқ. Сот өкілдері мен жергілікті билік түбі тұрғындардың бұл жерден кететіндігін айтуда.
Ал осы мәселеге қатысты №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Назарбек Бейсеновке жолығып, қандай да бір түсінік алмақ болғанымызбен, журналистерге жауап беруден бас тартқан басшы қызмет кабинетінен шықпай қойды.
XS
SM
MD
LG