Accessibility links

Полицейлер мүгедектерге қол жұмсады


Сәрсенбі күні «Бибі ана» мүгедек әйелдер қоғамдық ұйымының мүшелері Алматының Абай мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысындағы 12 қабатты ғимараттың алдында пикет өткізді.

Наразылық танытушылардың барлығы дерлік мүгедек әйелдер. Олар қала әкімі Ахметжан Есімовтен бұрындары өздеріне тиесілі болып, кейінірек қолдан-қолға сатылып кеткен кеңселерін қайтарып беруді талап етті.
Ғимарат жанына алдын ала барып алған құқық қорғау қызметкерлері сағат 11-де өтуі тиіс пикетке жиналып жатқандарға жиын «Сарыарқа» кинотеатрының артында болайын деп жатыр деген жалған ақпарат таратып, біраз адамды шатастырған, дейді пикетті ұйымдастырушылар. Онда да полицейлердің сөзіне сеніп қалғандардың арасында өз аяғымен жүре алатындар ғана қайтып келіп, қалың топқа қосылып жатса, мүгедек арбасына таңылғандар сол кеткеннен мол кетті.
Қоғамдық ұйымның президенті Бибігүл Иманғазинаның айтысына қарағанда, алдау сөзге сеніп «Сарыарқа» кинотеатрына кеткендердің көбісі денсаулықтары нашар, өз бетінше жүре алмайтын мүгедектер екен.
«Бибі ана» қоғамдық ұйымы ұйымдастырған пикет көпке созылған жоқ. Ол жерге наразылық танытуға жиналғандардан гөрі, полицейлердің қарасы көп болды. Орта жастан асқан мүгедек әйелдер жазып әкелген ұрандарын жайып, оны көтере бергені сол еді, шетте бақылап тұрған полицейлер жетіп келіп, әй-шәйға қарамастан олардың қолындағы қағаздардың барлығын жұлып алды. Оны сол жерде жыртып, қоқыс жәшігіне тастады. Балдағына сүйеніп мүгедек арбасында отырған әйелдерге араша түспек болған Бибігүл Иманғазинаның өзін де полицейлер жұлқылап, шетке итеріп тастады.


Полицейлердің осы іс-қимылының артынша Бостандық ауданы прокурорының орынбасары Еламанов келіп, жиналғандарға заңсыз пикет өткізгені үшін әкімшілік және қылмыстық жауапқа тартылатындығын ескертті. Бірақ, мүгедек әйелдер прокурордың сөзін құлақтарына да ілген жоқ. Қолдарындағы плакаттарынан айрылып қалған олар сол жерге қала әкімі Ахметжан Есімовтің келуін талап етті. Мүгедектерге Бостандық ауданы әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің қызметкері келіп, әкімнің іс сапармен жүргендігін жеткізді. Мұндай жауапқа көңілі толмаған олар, қала әкімін кеш батқанша күтуге әзір екендіктерін айтты.
Ішкі істер қызметкерлері өздерінің арасында ақылдасуда
Наразылық танытушы мүгедек әйелдерге қолдау көрсету үшін кейбір қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың да өкілдері келді. «Азат» партиясы төрағасының орынбасары Маржан Аспандиярова мүгедектерді кеңсесінен айырғандарды сынады:

- Менің ойымша, мүгедектерді осылай қаңғытып қою, қай жағынан алып қарасаң да, әділетсіздік болып саналады. Бұл жерге саясаткер ғана емес, ана ретінде де келдім. «Бибі ана» ұйымы отырған ғимаратты президенттің ортаншы күйеу баласы Тимур Құлыбаев алыпты дегенді естідім. Ойпырмай, ол шіріген бай емес пе? Оған не жетпей қалды екен? Президенттің күйеу балалары қашанғы тайраңдап жүре бермек? Ең болмағанда мүгедектерге тиіспей-ақ қойса да болар еді ғой. Біздің биліктің осындай мәселелерге мән бермеуінің салдарынан Қазақстанның беделіне нұқсан келуде. Ахметжан Есімов Бибігүл Иманғазинамен кездесіп, осы проблеманы шешіп беруі керек деп ойлаймын.
Бибігүл Иманғазинаның айтуынша, осыдан 15 жыл бұрын қоғамдық ұйымға бұл ғимаратты ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі берген. Онда да Алматы қаласының ішіндегі көңіліңе жаққан үш ғимараттың бірін таңдап ал деп, жомарттық жасады, дейді ол. Арада біраз жыл өткен соң аталмыш ғимаратты жекешелендіруге қалалық әкімшілік те рұқсат берген екен.

- "Тек күрделі жөндеуден өткізсеңдер болды, құжаттарыңды рәсімдеп береміз" деген соң осы ғимараттың іші-сыртының барлығын жөндеп, тиісті құжаттарды жинап біте бергенде, сол кездегі қала әкімі болған Виктор Храпунов оны «Алматыгаз» акционерлік қоғамына беріп жіберді, - дейді Б.Иманғазина.

Бұдан кейін мүгедектердің кеңсесі болған ғимарат қолдан-қолға бірнеше рет сатылған.
Наразылық танытушылар өздерінің кеңсесін Тимур Құлыбаевтың алып қойғанына сенімді
- Мен президент пен оның ортаншы күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа бірнеше рет хат жаздым. Бірақ, әлі күнге дейін жауап болған жоқ. Тимур Құлыбаевқа жолдаған бір хатымда, "егер де басқа мемлекеттегі бір миллиардер дәл сен сияқты мүгедектердің үйімен таласып отыр дегенді еститін болсам, барлығын тоқтатып, қасарысуымды қоямын" деп айттым. Біздің ұйымға 27 мың адам мүше. Солардың көбісіне шамам келгенше көмектестім. Жоғары оқу орындарының ректорларының қыр соңынан қалмай, кейбір мүгедектердің балаларын оқуға алғыздым. Осы ғимараттың астындағы болған ресторанда көбісінің қуанышын тойладық. Ал енді далада қалайын деп отырмыз. Онсыз да жарық дүниедегі қуанышы аз жарымжан адамдарды былайша шеттетпей-ақ қойса да болар еді ғой, - деді «Бибі ана» мүгедек әйелдер қоғамдық ұйымының президенті Бибігүл Иманғазина.
XS
SM
MD
LG