Accessibility links

Тіл-құлағы кеміс балалардың арман-тілегіне қоғам назар бұруы тиіс


Гүлсім Өтегенова, тіл-құлағы кеміс баланың анасы. Қандыағаш, 27 желтоқсан 2009 жыл.
Гүлсім Өтегенова, тіл-құлағы кеміс баланың анасы. Қандыағаш, 27 желтоқсан 2009 жыл.

Тіл-құлағы кеміс балаларға арналған мектеп-интернаттың түлектері қандай да бір мамандық иесі бола алады, бірақ Ақтөбе облысында олардың жоғары білім алуға мүмкіндіктері жоқ.

АНА КӨҢІЛІН БАЛА БОЛАШАҒЫ АЛАҢДАТАДЫ

Гүлсім Өтегенова Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласында тұрады. Оның Азаттық радиосына айтуынша, қазір Қандыағашта жұмыс жоқ болғандықтан оның отбасы да жұмыссыз қалған. Гүлсім Өтегенованың 19 жастағы үшінші топтағы мүгедек қызы Ақтөбедегі сөйлеу және есту қабілеттері шектеулі балаларға арналған мектеп-интернатта шаштараз мамандығын оқып жатыр.

– Мен қызымның болашағына алаңдаймын. Қыс мезгілінде көшеде қаңғыбас иттер толып жүреді. Бізде мынадай оқиға болды, тіл-құлағынан мүгедек бір жас қыз тоғайдың арасында келе жатқанда ту сыртынан тап бергендерді байқамаған. Қаскүнемдер әлгі қызды жәбірлеген. Осындай топтағы адамдарға біздің елде ешқандай жағдай жасалмаған, – дейді Гүлсім Өтегенова.

Қандыағаштың тағы бір тұрғыны Ақжан Елеманованың үш баласы бар. Ол да жұмыссыз. Ал күйеуінің табысы отбасына жетпейді деп
Ақжан Еламанова, тіл-құлағы кеміс баланың анасы. Қандыағаш, 27 желтоқсан 2009 жыл.
шағымданады әйел. Ақжан Еламанова тіл-құлақтан мүгедек 19 жастағы ұлының не мамандығы, не жұмысы жоқ екендігін айтады.

– Жергілікті әкімдікке бардым. Аудандық жұмыспен қамту орталығы оған балташы мамандығын оқып игеру үшін деп Ақтөбеге жолдама берді. Тек ұлым жатын орынға ақшаны өзі төлеуі керек екен. Баламның болашағы бұлыңғыр болып тұр, – дейді Ақжан Еламанова.

Ақтөбе облыстық еңбекке орналастыру және үйлестіру бөлімінің бастығы Бердімбай Амандық, Азаттық радиосына берген түсініктемесінде, үкіметтің «Жол картасы» бағдарламасы бойынша жаңа мамандықты оқып-игеретін адамға мемлекет есебінен 7500 теңге (шамамен 50 доллар) көлемінде шәкіртақы төленетіндігін айтты.

– Мемлекеттік еңбекпен қамту бағдарламасы бойынша оқитындарға дәрігерлік тексеру, жолақы, жатын орны мен тамаққа жергілікті бюджеттен ақша төленеді, – деді шенеунік.

БИЛІКТІҢ ҚҰЛАҒЫНА ЖЕТТІ

Сөйлеу және есту қабілеттері шектеулі балаларға арналған мектеп-интернат директорының орынбасары Мира Таджиякова, Азаттық радиосына сұқбатында, былтырдан бастап мектеп түлектері білім туралы аттестатпен бірге шаштаразшы, тігінші, оператор-программист
Мира Таджияқова, ұстаз. Ақтөбе, 11 қаңтар 2010 жыл.
мамандықтарын игергендігі туралы куәлік алып шығатындығын айтып берді.

– Қазір біздегі 171 баланың арасында Ақтөбе облысымен бірге Ақтау, Атырау мен Қызылордадан келіп білім алып жатқандар бар. Түлектер мектеп бітіріп шықққан соң біз олардың қайда жұмысқа орналасқандығын, ары қарайғы білімді қалай жалғастырғандығын 3-5 жылдай назарда ұстап отырамыз, – дейді Мира Таджиякова.

Оның айтуынша, мектеп-интернаттың шәкірттері шаштаразшы мамандығын іс жүзінде игеріп, клиенттің сөзін ернінен түсінуге машықтану үшін интернат қызметкерлерінің шашын алып машықтанады екен.

– Басқа жолы жоқ. Үш жылдай бұрын бізге бір ата-ана: «Мен он екі жыл бойы осында білім алуына, жатып-тұруына барлық жағдай жасалған балам үшін еш алаңдамай келген едім. Енді ол бұл мектепті бітіріп шыққан соң қайда жұмысқа тұрады? Кім болып орналасады?» деп шағым айтып келді. Директорымыз барлық жағдайды айтып жүріп, интернаттағы жоғары сынып оқушыларының қосымша мамандық алып шығуына әрең дегенде қол жеткізді, – деді Сөйлеу және есту қабілеттері шектеулі балаларға арналған мектеп-интернат директорының орынбасары Мира Таджиякова

Оның айтуынша, мектеп түлектері дизайнер, программист мамандықтары бойынша коллеждерде білімдерін жалғастырады екен.

ӨЗ КӘСІБІ

Мектеп-интернат түлектерінің бірі Жәнібек Жанаевпен Азаттық тілшісінің сөйлесуіне оның ата-анасы көмектесті. Жәнібектің екі баласы бар. Өз айтуынша, мамандық алмаған, бір жыл жиһаз комбинатында еңбек етіп, бірақ кейін жұмыссыз қалған.

– Үш жыл бұрын бір тақтайдан өз бизнесімді бастадым. Кейін өзіме алғашқы аспап сатып алдым, онан соң тігін машинасын, станок алдым. Жұмсақ жиһаз шығара бастадық. Біздің шағын цехымызда төрт адам жұмыс істейді, 30 мыңнан 50 мың теңгеге (200-330 доллар
Жәнібек Жанаев, жеке кәсіпкер. Ақтөбе, 12 қаңтар 2010 жыл.
шамасында – Азаттық) дейін кесімді жалақы төленеді, – деді Жәнібек Жанаев.

Үш жылдан бері үйдің кезегінде тұрған ол жақында екі бөлмелі пәтер сатып алыпты.

Жеке кәсіпкерлікпен айналысу үшін Жәнібекке ата-анасының жәрдеміне жүгінуге тура келіпті. Оның әкесі Ислам Жанаев Азаттық тілшісіне мынаны айтты:

– Керекті анықтамалар мен құжаттарды алу үшін қаншама жүрдік! Есту қабілеті шектеулі оған бұның бәрін істеу өте қиын болар еді. Төлем қабілетсіздігін алға тартып оған несие бермей қойды. Біз оған жиһаз сатуға көмектесеміз, сатып алушыларды іздестіреміз. Бұл өзі отбасылық бизнеске айналды. Ал ұлым – тамаша ұйымдастырушы, жетекші. Аутокөлікті де өзі жүргізеді.

ДАКТИЛЬ – ҚҰЛАҒЫ ЕСТІМЕЙТІНДЕР ӘЛІППЕСІ

Роза Маджанова – сурдоаудармашы-маман. Ол Азаттық радиосына екі жылдың ішінде 30 шақты адам есту қабілеті шектеулі жандарға қызмет көрсететін кәсіби сурдоаудармашы мамандығын игеріп шыққанын айтып берді.

Сұқбаттасымыздың сөзінше, олардың қызметін әртүрлі жастағы мүгедектер пайдаланады екен.

– Қарт адамдарға ауруханаға, банкке ертіп апарамыз, құжаттарын толтыруға көмектесеміз. Қазір мен базардан аяқкиім жөндейтін орын ашқысы келген адаммен бірге бара жатырмын. Әртүрлі мекемелерге барып, қажетті қағаздарды толтыруымыз керек. Біздің қызметімізді заң орындары да пайдаланады. Қызметіміз үшін сағатын екі мың теңге (шамамен 13 доллар – Азаттық) аламыз, – дейді Роза Маджанова.

Ақтөбе облысында сөйлеу және есту қабілеттері шектеулі жандардың білім алуына жағдай жасалған бір де бір жоғары оқу орыны жоқ.

Тіл-құлағы кеміс жандардың айтуынша, жүгіртпе жолды жарнамалардың кесірінен олар теледидардан субтитрлі фильмдерді де тамашалай алмайды. Әйтеуір, қоғамдық жолаушы тасымалдау көліктерінің қызметін тегін пайдаланады.
XS
SM
MD
LG